|   |  Бапкерлік сабақ

Бапкерлік сабақ

«С» санатындағы жаттықтырушыларды дайындау курстарын Астана қаласының футбол федерациясы 2015 жылдың басынан бастап қолға алды. Аталмыш жоба Қазақстан футбол федерациясының Техникалық орталығымен бірге құрылып, бүгінде Астана қаласында тұрақты түрде жүргізіліп отырады. Курс бапкерлікпен айналысамын деп ниеттенген барша жанға қол жетімді. Курс бағдарламасына «Футбол ойынының ережесі», «Футбол философиясы», «Футболшылардың физикалық қасиеттерін арттыру», жастық психология, жаттықтырушы-ұстаздың философиясы, жарақаттың алдын-алу сынды дәрістер кіреді. Тәжірибелік сабақтар кезінде курсқа қатысушы баспалдақпен секіру жаттығуларын, 2х2 - пас беріп ойнау, алаңның кеңдігін барынша пайдалану, қақпаға допты тура тебудің қыр-сырын үйрету, шабуылды дұрыс өрістету, қорғаныс кезіндегі әрекет сынды бапкерге керек маңызды элементтердің барлығын меңгеріп шыға алады. Семинар сабақтарының қорытындысы бойынша қатысушы жалпы теория мен футболдағы методикалар, балалар физиологиясының ерекшеліктері мен жарақат алуды болдырмау тақырыптары бойынша сұхбат жүзінде емтихан тапсырады. Сондай-ақ, қатысушының курсқа келудегі мақсаты жөнінде де сұрақтар қойылады. Ал семинардың соңында қатысушыларға балалар командаларын жаттықтыруға құқық беретін «С» ұлттық санаттағы сертификаттар табысталады. Сертификат үш жылға беріледі және мерзімі аяқталған соң оны қайта қорғап шығу керек. Аталмыш бағдарлама жүйелі түрде тұрақты ұйымдастырылып тұрады, ал 2016 жылы жетілген форматта өтеді.