|   |   |  Қазақстан футбол федерациясына қыздар құрамасы қажет емес пе?

Қазақстан футбол федерациясына қыздар құрамасы қажет емес пе?

Қазақстан футбол федерациясына қыздар құрамасы қажет емес пе?
Фото meinbezirk.at сайтынан

Біздің уақытпен сәрсенбіден бейсенбіге ауған түні әйелдер арасындағы Қазақстан ұлттық құрамасы Еуропа чемпионатының електік додасы аясында Австрия аруларымен кездесіп, 1:6 есебімен оңбай ұтылды.

Қыздарымыз қағажу көретіндей не жазды?..

Футболдан әйелдер арасындағы Қазақстан ұлттық құрамасы 2017 жылғы Еуропа чемпионатының електік додасы аясындағы кезекті ойынын өткізді.

Бірақ Қазақстан футбол федерациясының ресми сайты бұл жөнінде ешқандай ақпарат таратпады. Қашан жиналды, қанша уақыт дайындалды, жаттығу жиыны қайда өтті, құрама сапына кімдер шақыртылды, Австрияға қашан жол шекті? Мұның бәрі жөнінде отандық жанкүйерлер – мүлде бейхабар.

Тек УЕФА сайтынан осы ойынның хаттамасымен танысып, статистикалық деректерін шолып шығып, басқадай ақпараттарына қанық болдық.

Футболшы қыздарымыздан неге «теріс айналдық»? Осы матчта ірі есеппен ұтылып қалатындарын алдын-ала біліп пе? Неге әйелдер футболына деген көзқарас – немқұрайлы, салғырт? Мұның өзі біздегі әйелдер футболына деген «ыстық» ықыласты білдіре ме?

Қазақстан қыздары Австрия аруларынан оңбай ұтылды

Қазақстан қыздары 2017 жылғы Еуропа чемпионатының електік додасында 8-топқа түскен болатын. Бұл топта бес команда бар. Қарсыластары – Норвегия, Австрия, Уэльс және Израиль арулары.

Калоян Петков пен Айтбай Жамантаев жаттықтыратын Қазақстан құрамасы әзірше бес ойын өткізіп, төртеуінде жеңілістің кермек дәмін татты. Атап айтқанда, өз жерімізде Норвегия және Австрия аруларына есе жіберіп алып, түзде Уэльс қыздарынан ұтылып қалды. Енді міне, Австрия аруларынан ойсырай ұтылып отыр.

Есесіне, Тель-Авивтің іргесіндегі Лод қаласында Израиль құрамасымен 0:0 есебімен тең түскен болатын. Яғни футболшы қыздарымыз өз тобында көш соңында қалмаулары тиіс. Тек көңіл бөліп, қолдау керек сияқты.

Штейрде өткен матчта біздің құраманың жалқы голын Бегайым Қырғызбаева соқты. Алайда Австрия арулары құйындай орап соғып, біздің құраманың қақпасына алты доп енгізді.

Енді футболшы қыздарымыз 12 сәуір күні Шымкентте Уэльс құрамасын қабылдайды. Өткен жылғы 26 қараша күні «Бридж Медоу» стадионында өткен ойында Қазақстан құрамасы осы елдің аруларынан 0:4 есебімен ұтылып қалған. Бірақ олар түзде Израиль қыздарымен 2:2 есебімен тең түсіпті. Ендеше, біздің қыздарымызға неге есе қайтармасқа?!

Австрия – Қазақстан – 6:1 (5:0)

Голдар: Шихтль, 13 (1:0). Билла, 15 (2:0). Ашауэр, 18 (3:0). Цадрациль, 32 (4:0). Бургер, 36 (5:0). Қырғызбаева, 79 (5:1). Билла, 88 (6:1).

Ескертулер: Бабшук, 39. Кәрібаева, 52. Жаңатаева, 68.

Австрия: Цинсбергер, Майерхофер, Шихтль, Веннингер (Кирхбергер, 68), Ашауэр (Прохазка, 46), Цадрациль, Бургер (Дунст, 54), Шнадербек, Билла, Пунтигам, Файерзингер.

Қазақстан: Железняк (Шойкина, 46), Құлмағамбетова (Бортникова, 39), Жаңатаева, Қырғызбаева, Красюкова, Ялова, Кәрібаева, Николаенко, Бабшук, Әйтімова, Пяткина.

Бас төреші: Пола Брэди (Ирландия)

6 сәуір. Штейр. «Форвертс».

Тізімге қайта оралу