Виктор Сеник Орта Азия футболына тән кемшіліктерді қалай жою қажеттігі туралы айтып берді.

"/>
 |   |   |  Виктор Сеник: Орта Азия футболына тән ортақ "ауру" бар

Виктор Сеник: Орта Азия футболына тән ортақ "ауру" бар

Виктор Сеник: Орта Азия футболына тән ортақ "ауру" бар
Виктор Сеник

Виктор Сеник Орта Азия футболына тән кемшіліктерді қалай жою қажеттігі туралы айтып берді.

Биыл әйелдер футболынан Қазақстан чемпионатындағы командалар саны тағы біреуге артады. Біріншілікке Алматы, Көкшетау, Шымкент, Ақтөбе қалаларының қыздарынан бөлек, елорданың «Астанасы» да қосылмақ. Осы орайда команданың жаңа маусымы жөнінде бас бапкері Виктор Сеникпен сұхбаттасқан едік.

– Виктор Евгеньевич, молдовалық маман екеніңізді білеміз. Жалпы, қазақстандық тараптан ұсыныс қалай түсті?

– Өз елімде жүргенмін. Бір күні таныстарым хабарласып, Қазақстанның астанасында жаңадан қыздар футбол клубы құрылып жатқанын хабарлады да, бас бапкерлікке мені кандитатурамды қарастырып жатқандықтарын айтты. «Ойланып көр» деді. Көп ойланған жоқпын. Бірден келістім.

– Қазақстан футболымен бұрын таныс па едіңіз?

– Былтыр келгенмін. Сонда Қазақстанға жас футболшы қыздарды алып келген едім. Бірақ, олар әлі мектеп жасындағы бойжеткендер болғандықтан ата-аналарынсыз мұнда ойнауға құқықтары болған жоқ. Биыл сол қыздар 18-ге толады. Демек, таяуда Қазақстан футболынан көріп қалуларыңыз мүмкін. Тамаша ойнайды. Бұдан бөлек, кезінде Қырғызстанда тұрғанмын. КСРО біріншілігінде Алматыда ойындар өткізіп тұратынбыз. Сондықтан, бұл ел мен үшін бөтен емес. Менталитетін де жақсы білемін. Үлкенге құрмет, кішіге ізет деген нәрселердің барлығы менің де бойымда бар. Менің де тәрбиемде батыстың дөреклігінен гөрі Орта Азияның кішіпейілділігі бар. Бейімделіп кетуім қиын болады деп ойламаймын. Айтпақшы, осыдан екі жыл бұрын Молдова жасөспірімдер құрамасын жаттықтырып жүргенімде Қазақстанның бойжеткендерімен кездескенбіз. 2:1 есебімен жеңіске жеткен едік сол кезде.

– Сонда Қырғызстанда туып-өстіңіз бе?

– Жоқ, Молдованың Тирасполь қаласында туғанмын. Дегенмен, әке-шешемнің қызмет бабына байланысты сегіз жасымызда Бишкекке көшіп кеттік. Ол кезде қала Фрунзе деп аталатын. Футболды да сонда бастадым. Өзбекстанның клубтарында доп тептім. Кейін қайтадан Молдоваға көшіп кеткенмін.

– Енді Қазақстанға келіп жатырсыз. Астанамыз ұнап жатыр ма?

– Өте әдемі қала. Жылдам дамып жатқаны көрініп тұр. Еуропаның еш қаласынан кем түспейді. Зәулім ғимараттары мен әсем үйлері көз тартады.

– Ал өзіңіз жаттықтырушылыққа тағайындалған «Астана» әйелдер футбол клубы жайлы не айтасыз?

– Көрмей тұрып бәрі мұндай мүшкіл деп ойламаған едім. Алғашқы әсерім тым жаман. Футболды дұрыс түсінбейтін қыздар да бар. Дегенмен, бәрі бірдей нашар емес. Шебер ойыншылар да жетерлік. Команданың негізін солар құрайтын болады және соларға қарап құрамды жасақтаймыз. Бір сөзбен айтқанда жұмыс жетерлік. Ең бастысы, қыздарда жігерлік бар, көздерінен от жанып тұр. Енді соны жетілдіре білу керек. Қолымыздан келеді деп ойлаймын. Өйткені, маған көмектесетін жаттықтырушылар да білікті.

– Клуб басшылығы команданың алдына қандай мақсат қойып отыр?

– Бізге жүктеліп отырған тапсырма оңай емес. Өте ауыр міндетті арқалап отырмыз.

– Бірден Қазақстан біріншілігінің үздік үштігінен көріну керекпіз дей ме?

– Ол бер жағы ғана. Клубтың көздеп отырғаны – Чемпиондар лигасы. Әлбетте, оңай болмайды. Бірақ, «жұмыла көтерсек, жүк жеңіл».

– Ал қазіргі дайындықтарыңыз қалай?

– Дайындық жаман емес. Екі оқу-жаттығу жиыны артта қалды. Құрамды жасақтау үстіндеміз. Командада көбіне жергілікті қыздар. Бірақ бір ғана қазақстандық арулармен ел біріншілігінде ешнәрсе өндіре алмаспыз. Сондықтан, Ресей, Украина, Қырғызстаннан келген легионерлер де бар.

– Биыл ел біріншілігінде өз алаңыздағы ойындарды қай стадионда өткізесіздер?

– Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Орталық стадионда өткізетін боламыз. Дегенмен, "Астана-Арена" стадионында ойнау мәселесі де қарастырылып жатыр деп естідім. Жақсы болар еді.

– Виктор Евгеньевич, жалпы Қазақстан футболы мен Молдова футболының не айырмашылығы бар екен?

– Азия елдеріне тән бір кемшілік бар. Мұнда футболшылар алаңда шоу жасағылары келеді. Көрермендер де соны қалайды екен. Еуропада жылдам пас арқылы қарапайым ойнауға ұмтылса, мұнда ойыншы қарсыластарын алдап, ырғалып-жырғалып жүреді. Екі-үш футболшыны алдап кетсе, ләззат алып, рахатқа бөленеді. Көрермендер де риза болып, қол соғысады. Ал ол футболшы доппен ырғалып жүргенінде басқа әріптестері шетте қалып қояды да, ойыннан «шығып» қалады. Футбол – командалық ойын. Бұл жерде жалғыз өзің ешнәрсе тындыра алмайсың. Еуропада мұны баяғыда түсінген. Азияның Қытай, Жапония, Корея сынды елдері де қазір жылдам пас арқылы ойнағанды жөн көреді. Міне, Орталық Азияның барлық елдеріне тән осы «ауруды» жою қажет.

– Сұхбатыңызға көп рахмет!

Тізімге қайта оралу