|   |   |  "Астана" мен "БИІК-Қазығұрт" текетіресінде кім жеңеді?

"Астана" мен "БИІК-Қазығұрт" текетіресінде кім жеңеді?

"Астана" мен "БИІК-Қазығұрт" текетіресінде кім жеңеді?
Астана мен БИІК-Қазығұрт текетіресі

Қыздар арасындағы ел біріншілігі бірден көшбасшылардың ойынымен басталмақ. Ертең елорданың «Астана-Аренасында» «Астана» мен «БИІК-Қазығұрт» командалары кездеседі. Аталмыш  матчтың қарсаңында екі команданың бас бапкерлеріне төрт бірдей сұрақ қойып, жауаптарын білген едік.

– Ертеңгі матчқа, жалпы маусымға дайындықтарыңыз қалай?

Виктор Сеник: – Маусымның алдында Өзбекстан астанасы Ташкентте үш оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Дегенмен, команданың құрамына толық көңілім толады деп айта алмаймын. Барына қанағат. Қолда бар ойыншылармен кірісеміз маусымға. «БИІК-Қазығұрт» осы біріншіліктің басты фавориті. Сондықтан, ойын оңай болмайды.

Калоян Петков: – «Астана-Арена» стадионының алаңында соңғы дайындығымызды пысықтадық. Осы ойынға арнаған арнайы тактикаларымыз бар. Соларды қолдануға тырысамыз. Жалпы, «Астана» сияқты бізге лайықты команданың пайда болғаны жақсы болды. Бұл біздің ғана емес, жалпы Қазақстанда әйелдер футболының дамуына жақсы серпін болмақ.

– Шымкентте өткен ел кубогының аясында бір-біріңізбен екі рет кездескенсіздер. Сол матчтардан не түйдіңіздер?

Виктор Сеник: – Иә, екі матч та оңай болған жоқ. Бірінші ойында жеңіп тұрып, соңғы сәтте қақпамызға доп кіргізіп алдық та, тең түсіп қалдық. Одан кейін финалда 1:3 есебімен ұтылып қалдық. Бізде ол кезде сол қапталдағы жартылай қорғаушымен проблема болған. Қазір бұл мәселені аздап шешкен секілдіміз. Жалпы, сол екі ойыннан алған әсерім жаман емес. Бастапқыда «БИІК-Қазығұрт» бізді қалпақпен қайырып аламыз деп ойласа, қазір енді бізге қарсы барынша дайындалып шығатын болады.

Калоян Петков: – Сол екі кездесуде «Астана» мені таңғалдырды. Бұрын ішкі біріншілікте алматылық «Жетісу» командасы қатардан шығып қалғаннан кейін бізге бәсекелес табылмай келген. Енді бас жүлдеге елордалықтармен таласатын сияқтымыз. Демек, биылғы біріншілік қызықты болайын деп тұр. Тамаша! Ендеше біз де қарап қалмаспыз. Әлбетте, ел кубогы аясындағы текетіресіміз толық көңілімнен шықты деп айта алмаймын. Дегенмен, біздің қыздар астаналық арулардан басым болды.

– Қарсыластарыңыздың қандай артық-кем тұстарын атап өтер едіңіздер?

Виктор Сеник: – «БИІК-Қазығұрт» – өте тәжірибелі команда. Қазақстанда ғана емес, Еуропада да еңселі клубтардың бірі. Алайда, олар қорғануды білмейді екен. Үнемі ел біріншілігінде тек шабуылдап үйреніп қалған. Өз тактикасын өздеріне қолдансаң, абдырап қалатын сияқты көрінді маған.

Калоян Петков: – «Астана» қыздарында жігер бар, ұмтылыс бар. Өздерінің мықты екендіктерін дәлелдегісі келеді. Маған сонысы ұнады. Бірақ, тәжірибелері жеткіліксіз. Ойыншылары жас. Өз ойындарын табу үшін оларға әлі уақыт қажет.

– Ертең сіздің командаңызды қандай есеп қанағаттандырады?

Виктор Сеник: – 1:0 есебі жетеді. Ең бастысы жеңіске жетсек болғаны.

Калоян Петков: – Бізде тек қана жеңіс үшін алаңға шығамыз. Ал таблода қандай есептің тіркелетіні маңызды емес.

Тізімге қайта оралу