|   |   |  Қазақстан қыздары Уэльстен тағы ұтылды

Қазақстан қыздары Уэльстен тағы ұтылды

Қазақстан қыздары Уэльстен тағы ұтылды
Қанша тырысқанымен Бегайым Қырғызбаева бастаған Қазақстан аруларының Уэльс қыздарына шамасы жетпеді

Бүгін Шымкентте әйелдер арасындағы Қазақстан ұлттық құрамасы Еуропа чемпионатының електік додасы аясында Уэльс аруларын қабылдап, 0:4 есебімен ойсырай ұтылып қалды.

Бұл осы екі құрама арасындағы екінші ойын еді. Бірінші матч өткен жылдың аяғында, 26 қараша күні «Бридж Медоу» стадионында өткен. Онда Қазақстан құрамасы алаң иелерінен 0:4 есебімен ұтылып қалған болатын.

Бүгінгі өз жерімізде өткен ойында тең түссе де қуанар едік. Бірақ қыздарымыз Уэльс құрамасының қыспағына төтеп бере алмады. Уэльс құрамасының қыздары – Британия футболына тән күш-қуат дайындығына ерекше көңіл бөліп, 90 минут тынбай жүгіретін команда.

Ал біздің құрама лайықты деңгейде дайындала алмағандай. Мысалы, кейінгі кезде «әйелдер арасындағы Қазақстан ұлттық құрамасы оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр» деген ақпараты көзіміз шалған да емес, құлағымызбен естіген де емеспіз.

Ал осындай дайындығы жоқ команда екі тайм айылын жимайтын құрамаға қалай қарсы тұра алсын? Уэльс қыздары да тізгіндерін тартпай, шабуылды үсті-үстіне үдетіп, соққыны қарша боратты. Қыздарымыз қанша тырысса да, жеңіліске ұшырады. Бегайым Қырғызбаева тіпті алаңнан қуылды...

Сөйтіп, 2017 жылғы Еуропа чемпионатының електік додасында 8-топқа түскен қыздарымыз бесінші рет ұтылды. Есесіне, түзде Израиль құрамасымен 0:0 есебімен тең түскен болатын. Футболшы аруларымыз осы іріктеу турнирі аясында енді екі ойын өткізеді.

Қазақстан – Уэльс – 0:4
Голдар: К.Грин, 15. К.Грин, 23. Лендер, 60-пенальтиден. Лендер, 82.
Ескерту: Красюкова, 26. Бабшук, 55. Кәрібаева, 62. Шойкина, 80 – Чиверс, 89.
Қырғызбаева 59-минутта алаңнан қуылды
Қазақстан: Шойкина, Жанатаева, Қырғызбаева, Красюкова, Ялова (Күлмағамбетова, 88), Кәрібаева (Хайрулина, 64), Бортникова, Николаенко, Бабшук, Әйтімова, Пяткина
Уэльс: О’Салливан (Скиннер, 90+1), Роув, Хардинг, Джеймс, Ингл, Дайкс, К.Грин (Чиверс, 87), Фишлок, Лендер, Лоуренс (Лэдд, 77), Робертс.
Бас төреші: Таня Фернандеш Мораиш (Люксембург)

Тізімге қайта оралу