Главная страница
 |   |   |   |  Қазақстан құрамасы түзде Венгрия футболшыларын жеңді

Қазақстан құрамасы түзде Венгрия футболшыларын жеңді

Қазақстан құрамасы түзде Венгрия футболшыларын жеңді
Фото: valogatott.mlsz.hu

Қазақстан ұлттық құрамасы Будапеште Венгрияда құрамасымен жолдастық кездесу өткізіп, жеңіске жетті.

Станимир Стойлов бас бапкер ретінде Қазақстан құрамасымен алғашқы матчта-ақ жеңіске жетті. Жолы болып, бағы жанып, тырнақалды кездесуінде қазақ жанкүйерлерін қуанышқа бөледі. Будапеште Венгрия құрамасын тізе бүктіріп, 2016 жылғы 6 маусымнан бері жеңіс дегеннің не екенін ұмытқан ұлттық құрамны дүр сілкіндірді.

Ойын басталған бетте біздің жігіттер алға қарай лап қойып, айналасы төрт минуттың ішінде екі гол соқты. 10-минутта екі доп айырмасымен алға шықты. Венгрия құрамасы мұндайды күткен жоқ, әрине. Футболшылары да, жанкүйерлері де – аң-таң...

Есепті Роман Муртазаев ашты. Бауыржан Исламхан допты ойынға бұрыштан қосқан болатын. Дедек қаққан теңбіл доп бәрінен «сытылып» кетіп, қақпаның алыс бұрышындағы Муртазаевтың оңай олжасына айналды.Венгрия құрамасының қорғаушылары мен қақпашысы сең соққандай есеңгіреп қалды.

Көп ұзамай, Еркебұлан Сейдахмет оң қанатта алаң иелерінің 2-3 ойыншысын алдап өтіп, допты көлбеулете қақпаға қарай тепті. Венгрия қорғаушыларының бірі секіре атылып, ағының ұшымен кері қайтарғандай болған. Алайда жаза басты... Оған қарсы тұрған Бахтиер Зайнутдинов ыңғайына келген допты ышқына теуіп, қақпа торын бүлк еткізді.

Бұдан кейін Венгрия құрамасы шабуылды үдетті. Бірақ бойларын ашу-ыза кернеген алаң иелерінің ойындары мандымай қойды. Әйтсе де, есепті қысқартудың сәті түсті. Айып соққысын орындағанда тез қимылдап, біздің қорғаушылар мен Эричті қапы қалдырды.

Бірақ олардың қуаныштары ұзаққа созылмады. Қорғаушылары өрескел қателік жіберіп, Еркебұлан Сейдахмет бір ғана қимылымен Венгрия құрамасының қақпашысы мен қорғаушыларын сұлатып салып, допты екінші бұрышқа теуіп, үшінші голды салды. Жергілікті жанкүйерлердің көңіл-күйлері тағы да түсіп кетті...

Екінші таймның басында Венгрия құрамасы шабуылды жиілетіп, тағы бір гол соқты. Бірақ одан әріге олардың шамалары жетпеді. Ойын аяғына қарай тіпті шаршап қалғандай да болды. Ал біздің футболшылар айылдарын жимай, алға ентелеп, оларды әбден састырды.

Сөйтіп, Қазақстан құрамасы жеңіске жетті. Үш футболшымыз ұлттық құрама сапындағы алғашқы голдарын соқты. Сейдахмет, Зайнутдинов, Перцух, Парагульгов сынды жас ойыншыларымыз ұлттық құрама сапында алғаш рет алаңға шықты.

Венгрия – Қазақстан – 2:3 (1:3)

Голдар: Муртазаев, 6 (0:1). Зайнутдинов, 10 (0:2). Салаи, 21 (1:2). Сейдахмет, 30 (1:3), Немет, 68 (2:3).

Ескертулер: Кляйнхайслер, 47 – Постников, 22. Қуат, 30.

Венгрия: Гулачи, Беше (Хандья, 46), Фиола, Отигба, Ботка (Ловренчич, 46), Угрои (Немет, 46), Кляйнхайслер (Паткой, 72), Элек (Пинтер, 67), Джуджак, Николич (Боде, 76), Салаи.

Қазақстан: Эрич, Шомко, Малый, Постников, Бейсебеков, Қуат (Ахметов, 84), Исламxан (Мирошниченко, 90+3), Зайнутдинов (Парагульгов, 73), Муртазаев (Сүйімбаев, 88), Сейдаxмет, (Перцух, 60), Хижниченко, (Тұңғышбаев, 76).

Бас төреші: Томаш Мусял (Польша)

Возврат к списку