Главная страница
 |   |   |   |  UEFA Ұлттар лигасы – Бұл не турнир, қандай дода?

UEFA Ұлттар лигасы – Бұл не турнир, қандай дода?

UEFA Ұлттар лигасы – Бұл не турнир, қандай дода?
Фото uefa.com сайтынан

UEFA Ұлттар лигасының жеребесі тартылып, 55 құрама төрт деңгейлі 16 топқа жіктелді. Тіпті ойындар күнтізбесі де түзілді. Әйте де, әлі қағаз жүзіндегі жобаның жанкүйерлер үшін түсініксіз тұстары көп сияқты.

Жаңа жобаның, яғни доп додасының мақсаты – жолдастық кездесулерді ресми матчтарға ауыстыра отырып, көптеген елдің ұлттық құрамаларының деңгейін өсіруге ықпал ету. Әрі деңгейлері шамалас елдердің ұлттық құрамаларының бір-бірімен ойнауына мүмкіндік беру, жағдай жасау.

Өздеріңіз ойлаңыздаршы, шартты түрде алғанда, Сан-Марино футболшыларының Германия, Нидерланды, Швеция секілді азулы құрамалардан ұтыла бергенінен, Люксембург және Молдова секілді құрамалармен табан тіресе додаға түскені қызық емес пе?! Тіпті пайдалы да болуы мүмкін ғой... Мұны бір деп қояйық.

Екіншіден, соңғы жылдары көптеген елдердің ұлттық құрамалары үшін жолдастық кездесу өткізудің өзі оңай болмай отыр. Заман талаптарына сай әр түрлі қиындықтар жар берер емес. Қарсылас табу қиын, ымыраға келу оңай болмай тұр. Мәселен, былтыр Қазақстан құрамасы бір ғана жолдастық кездесу өткізді (22 наурызда Кипрмен). Ал енді Ұлттар лигасының арқасында ресми алты матч өткіземіз...

Өткізілу ерекшеліктеріне тоқталсақ, екі жылда бір рет ұйымдастырылып отырады. Әрі жұп жылдары ұйымдастырылып, жеңімпазы тақ жылдары анықталады. Мәселен, алғашқы додасы 2018 жылы күзде өтіп, финалға шыққан төрт құрама плей-офф жүйесімен 2019 жылдың маусым айында бас бәйгені сарапқа салады.

UEFA жүргізген зерттеулері мен талдаулары бойынша жұп жылдары көптеген құрамалар жолдастық кездесуге зәру болып қалады екен. Өйткені жұп жылдары Әлем және Еуропа чемпионаттарының финалдық додалары өтеді. Финалға шыға алмаған құрамалар «қол қусырып» отырып қалады...

Енді «Еуропа чемпионаты жолдамасын жеңіп алу мүмкіндігі пайда болады» деген сөздерімізге тоқталып өтейік. Мысал ретінде, 2020 жылғы Еуропа чемпионатын алайық. «Еуро-2020» додасының іріктеу ойындары әдеттегідей өтеді. Бірақ бұрынғыдай күзде емес (2018 жылы емес), наурыз айында басталып, қарашада көмбесіне жетеді (2019 жылғы).

Әр топтан екі құрама команда «Еуро-2020» додасының финалына тікелей шығады. Қалған төрт жолдама Ұлттар лигасының әр лигасында (дивизионында) үздік шыққан құрамалар арасында сарапқа салынады. Осы жерде бір ескерерлігі, Ұлттар лигасындағы 55 құраманың 20-сы Еуропа чемпионатының жолдамасына ие болып алған.

Басқаша айтқанда, Германия немесе Франция секілді азулы құрамалар «Еуро-2020» додасының жолдамасына іріктеу турнирі арқылы қол жеткізеді ғой. Сонда Еуропа чемпионатының електік додасында бақтары жанбаған құрамалардың ең қарымдысы орта деңгейлі құрама болуы әбден мүмкін. Мәселен, Босния және Герцеговина немесе Солтүстік Ирландия құрамасы...

Айтпағымыз, «А» лигасындағы 12 команданың көбісі Еуропа чемпионаты жолдамасына іріктеу турнирі арқылы қол жеткізуі әбден мүмкін. Жолдамасыз қалған командалардың саны төртеу болмаса, онда олардың қатары төменгі лигадағы (мәселен, «В» лигасындағы) командалармен толықтырылады. Осылай кете береді...

Ал бізге тіптен жеңіл болады. UEFA Ұлттар лигасының қазіргі ережесі өзгермесе, онда «D» лигасының төрт тобында 1-орынға ие болғандар Еуропа чемпионатының бір жолдамасын өзара сарапқа салады. Мысалы, біздің топта Қазақстан, қалғандарында Беларусь (2-топ), Әзірбайжан (3-топ) және Македония (4-топ) футболшылары үздік шықса, осы төртеуі плей-офф жүйесімен (жартылай финал және финал) бір жолдамаға таласады. Оңай ма?! Еуропа чемпионатына баруға бола ма?!

Тұздық.

Айтпақшы, осы Ұлттар лигасының таныстырылымы алғаш рет, ресми түрде, көпшілік алдында Астанада жүргізілген. Естеріңізде ме, 2014 жылы Сарыарқа төсінде UEFA-ның XXXVIII Конгресі өтіп еді ғой. Сонда, сол кездегі UEFA президенті Мишель Платини мен Бас хатшысы Джанни Инфантино Ұлттар лигасы жобасымен таныстырып, егжей-тегжей түсіндірген еді. Ырымшыл халықпыз ғой, мұны да жақсылыққа балайық...

Возврат к списку