Главная страница
 |   |   |  Өзбек ұшағымен ұшқан Қазақстан құрамасы жанкүйерлердің зығырданын қайнатты

Өзбек ұшағымен ұшқан Қазақстан құрамасы жанкүйерлердің зығырданын қайнатты

Өзбек ұшағымен ұшқан Қазақстан құрамасы жанкүйерлердің зығырданын қайнатты
Қазақстан құрамасы Бухарестке өзбек ұшағымен жетті. Фото: kff.kz

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының Бухарестке ұшып барған чартерлік рейсі Өзбекстан ұшағы екен.

Әдемі авиалайнердің сыртында «Өзбекстан» деген жазуы бар. «Тіпті өзбек елінің мемлекеттік туы түстерімен өрнектелген» деп жазады отандық басылымдар. Бұл әлеуметтік желілерде кешеден бері қызу талқыланып жатыр. Сан-сақа жүгіртіп, келемеждеушілер де жоқ емес.

Кейбіреулер өз пікрлерін «ұят», «масқара», «Қазақстан құрамасы ма, әлде Өзбекстан командасы ма» деген сыңайда білдіріп жатса, енді біреулер «бұл Румынияны шошыту», «соңғы електік кезеңге дейін әлем чемпионаты жолдамасына таласып жатқан өзбектердің жолын берсін», «ұтылып қалсақ жақсы болды, өзбек құрамасы деп қалады» деп, әзілге айналдырушылар да бар...      

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері, Ресей маманы Александр Бородюк бұл жөнінде «Өте кәсіпқой мамандармен жасақталған экипаж, ең бастысы, аман-есен ұшып келдік» деп жауап беріпті, кеше кешкісін матч алдындағы баспасөз жиынында журналистерге. Бас бапкердің бұл сөздері де кейбіреулерге ұнамаған сыңайлы...

Ал бүгін Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құраманың Еуропаға барғанда неге отандық ұшақтарға отырмайтындығына байлансты түсініктеме берді:

Отандық авиакомпаниялардың ішінде тек «Эйр Астананың» ғана Еуропа бағытына ұшу рұқсаты бар. Федерация бірнеше рет «Эйр Астана» компаниясымен чартерлік рейстер ұйымдастыру мәселесі бойынша келіссөздер жүргізді. Өкінішке қарай, «Эйр Астананың» бізге тікелей ұшатын ұшақ бөлуге (беруге) мүмкіндігі жоқ.

Сондықтан басқа елдердің авиакомпанияларына жүгінуге мәжбүрміз. Алматы – Бухарест – Астана бағытына «баға-сапа» ара салмағы бойынша ең тиімдісі өзбек авиақатынасы болды. Ескерерлігі, ұлттық құрама тікелей ұшып баратын тұрақты рейстер болмағанда ғана чартермен ұшады.

Мәселен, Варшаваға Польша авиакомпаниясының тұрақты рейсімен ұшып барды. Олар кері қайтқанда федерацияның өтініші бойынша рейсті құрамаға ыңғайлы уақытқа ауыстырды. Ал Црна Горамен ойнағанда ұлттық құрама Армения авикомпаниясының ұшағымен ұшты.

Тізімге қайта оралу