Главная страница
 |   |   |  Бородюк тілінен тапты ма? – Жарақаттанып қалғандар көбейді...

Бородюк тілінен тапты ма? – Жарақаттанып қалғандар көбейді...

Бородюк тілінен тапты ма? – Жарақаттанып қалғандар көбейді...
Фото twitter.com/sovsport парақшасынан алынды

Бүгін футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Алматыдан Бухарестке тікелей рейспен ұшып кетті. 6 қазан күні Румыния құрамасымен түзде биылғы жылғы соңғы ойынын өткізеді.

2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу додасы аясындағы соңғы екі ойын Қазақстан құрамасына оңай болмайын деп тұр. Бірнеше ойыншымыз жарақат алып қалды. Атап айтақанда, Румыния және Армения құрамаларымен өтетін маңызды кездесулер қарсаңында жеті ойыншымыз қатардан шығып қалды:

Серікжан Мұжықов, Дмитрий Шомко, Бауыржан Исламхан, Георгий Жуков, Темірлан Ерланов, Александр Марочкин, Александр Мокин...

Аз емес, әрине. Құрама сапы селдіреп қалғандықтан, бапкерлер құрамы алаңға шыққанынан, қосалқы құрам орындығында отырған көп Сергей Малыйды («Астана), соңғы турларда бірінші лигада ойнап жүрген Бауыржан Тұрысбекті («Қайрат» және «Қайрат А») шақыртыпты...

Жоғарыда аталған жеті ойыншының көбісі, тіпті бәрі де 10 қазаннан кейін өз клубтарының сапында алаңға шығып, қатарға қосылса, таң қалмаймыз. Сөз жоқ, кез келген футболшы кішігірім жарақатынан 10 күннің ішінде айығып кетеді ғой...

Десек те, Армения құрамасымен өтетін өте маңызды матч қарсаңында жаппай жарақаттанып қалу “үдерісінің” белең алғаны қынжылтады һәм ойлантады. Әлемде өз командасы немесе Отаны үшін жанына батқан жарақатына да қарамай, додаға түсетін футболшылар аз емес қой. Алысқа көз жүгіртпей-ақ қояйық, әне, Игорь Шитов «Астана» сапында маскамен де ойнап жүр...

Бірақ біз бұған футболшыларды кінәлай алмаймыз. Жеңіліске ұшыраған соңғы матчтарда астарлап болсын, бар кінәны футболшыларға аудара салмақ болған ұлттық құраманың бас бапкері тілінен тапқан жоқ па? Бас бапкер әу баста өз атына кір жуытпауды ойлап, сенім артқан «сардарларының» көңіліне сызат түсіріп алған жоқ па?!  

«Біздің ойыншыларымыздың дейгейлері төмен», «халықаралық аренадағы тәжірибелері аз», «психологиялық тұрғыда дайын емес», тағысын тағы... Александр Бородюк тіпті, отандық басылымдардың біріне берген сұхбатында:

Егер статистикалық көрсеткіштерге көңіл аударар болсақ, құрамада бір ғана футболшы тез ойлап, тез шешім қабылдайды. Қалған жігіттеріміз оның деңгейіне маңайлай алмайды. Қазақстанда екі адам ғана халықаралық деңгейге сай келеді. Өзгелері бұл парамтерге де жетіңкіремейді. Бұл бір дәйектеме ғана, ал олардың саны өте көп..., – деген болатын.

Александр Бородюк осылай, біздің футболшыларды Еуропа мен әлемнің жоғарғы деңгейімен салыстырмақ болып, көңілдерін қалдырып алған жоқ па екен?! Рас, қазір бас бапкер «Қазақстанда таланты футболшылар баршылық» деген мағынадағы сөздерді көп айтатын болып жүр...

Әйтсе де, ол өз қарамағындағы футболшылардың көңілдерін жаулап ала алмағандай, сүйіспеншіліктеріне бөлене алмаған секілді. Мысалы, Дмитрий Шомко осындай қиын-қыстау, қысылтаяң кезде Талғат Байсуфиновқа көмекке келмес пе еді? Әлде, жарақатына да қарамай, жанынан табылар ма еді?!

Айтпақшы, 2006-2008 жылдары ұлттық құрама сапында ойнаған футболшыларымыздың Арно Пайперске деген көңілдері алабөтен, сый-құрметтері шексіз болатын. Сол кезде тіпті «сендер алаңға Пайперс үшін емес, ел намысын қорғау үшін шығасыңдар» деп шала бүлінуші едік...

Тізімге қайта оралу