Главная страница
 |   |   |  Қазақстан жастары Франция таланттарын қара терге түсірді

Қазақстан жастары Франция таланттарын қара терге түсірді

Қазақстан жастары Франция таланттарын қара терге түсірді
Франция-U21 – Қазақстан-U21 – 4:1. Фото: fff.fr

Қазақстан жастар құрамасы түзде, 2019 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясында Франция-U21 құрамасынан ұтылып қалды.

Жастарымыз 2019 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясындағы үшінші матчын Францияның Ле-Ман қаласында өткізген болатын. Осы елдің жас таланттары ойын басталған бетте алға қарай лап қойды. Олардың алғашқы шабуылдарының бірінде, қақпаға кіріп бара жатқан допты орталық қорғаушымыз Бекзат Шадманов қолымен тоқтатты...

Шотландия төрешісі Дональд Робертсон қатаң жаза қолданып, небәрі ойынның 3-минутында Бекзатты алаңнан қуды да, біздің қақпаға пенальти берді. Бірақ Амин Ариттің 11-метрлік нүктеден тепкен добын қақпашымыз Дмитрий Колбунцов тойтарып, жігіттерді жігерлендіре түсті.

Содан басталды. Франция жастары құйындай орап соқты. Тыным таппай, алға ентелеумен болды. Соққыны қарша боратты. Бірінші таймның өзінде 32 шабуыл ұйымдастырып, Қазақстан-U21 құрамасының адымын аштырмады. Өз қақпамызға қарай тықсырып, ес жиғызбай қауіп төндірумен болды.

Екінші таймда дәл осылай басталды. Алаң иелері шабуылдап, біздің жігіттер тек қорғанумен болды. Сөз жоқ, біздің қорғаушыларымыз да, қақпашымыз да жанкештілік танытты. Ширақ қимылдады. Әйтсе де, көбінесе Франция жастарының соққылары қиыс кетіп, өз мүмкіндіктерін мүлт жіберіп алып, қара терге түсті.

Абырой болғанда, біздің құрама қарсы шабуыл ұйымдастырып, команда капитаны Дидар Жалмұқан қақпашымен бетпе-бет шығып, допты аяғына атылған Бенгуру Камараның үстінен асыра салып, есеп ашты. Көрермендер мен Франция-U21 құрамасының жаттықтырушылары аһ ұрып, біздің жастарымыз қуанышқа бөленді.    

Содан алаң жиегінде байыз тауып отыра алмай, жүйкесі әбден тозған Франция-U21 құрамасының жаттықтырушысы Сильвен Риполь шара қолдануға кірісті. Ойынның 57-минутында екі футболшысын алмастырды. Алаңға шығарған екі ойыншысының бірі «Лилль» клубының 20 жастағы шабуылшысы Мартин Террье болатын. Ол оны орталық қорғаушысының орнына шығарып, тәуекелге бел буды.

13-нөмірлі осы жігіт бәрін “құртты”. 71-ші минуттан 87-минутқа дейінгі аралықта Франция жастары төрт гол соғып, тайтаң қақты. Доп айырмасын мейілінше ұлғайтты. Әлгі Террье үш гол соғып, хет-трик жасады. Ал алаң иелерінің жаттықтырушысы күлім қағып, орнына отырды.

70 минут алаң иелерінің пәрменді шабуылдарына төтеп беріп, жанкештілік танытқан Қазақстан жастары матч соңында титықтап қалғандай. Енді, 10 адаммен деңгейі жоғары құрамаға қарсы тұру оңай ма? Төреші де тырп еткізбейді. Қит етсе, яғни сәл дөрекілеу ойнаса, сары қағазын ала жүгіреді...    

Сонымен, Владимир Никитенко жаттықтыратын жастарымыз Францияда ұтылып қалды. Есеп ірі болғанымен, алаң иелері жеңіске оңайшылықпен қол жеткізген жоқ. 71 минут бойы гол соға алмай (тіпті пенальтиден де), қобалжумен болды.


Франция-U21 – Қазақстан-U21 – 4:1 (0:0)

Голдар: Жалмұқан, 54 (0:1). Террье, 71 (1:1). Бамба, 74 (2:1). Террье, 83 (3:1). Террье, 87 (4:1).

Ескертулер: М.Диахаби, 89 – Федин, 50. Перцух, 68. Сұлтанов, 77.

Алаңнан қуылды: Шадманов, 3.

Франция U21Камара, Павар, М.Диахаби (Террье, 57), Диалло (к), Лукас, Тусар, Нчам, Коко (Ндомбеле, 80), Арит (Муссе, 57), А.Диакаби, Бамба.
 
Қазақстан U21: Дмитрий Колбунцов, Айбол Әбікен, Бекзат Шадманов, Дәурен Мәжитов, Александр Соколенко (Геворг Наджарян, 81), Қуаныш Қалмұратов (Карам Сұлтанов, 8), Демият Сламбеков, Юрий Перцух, Бактиер Зайнутдинов (Руслан Әлімбаев, 68), Максим Федин, Дидар Жалмұқан (к).

Төрешілер: Робертсон, Карр, Поттер (бәрі де – Шотландия).

5 қыркүйек 2017 жыл. Ле-Ман. «MMArena». 1500 көрермен.

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 29 – 1
Тура соққы: 12 – 1
Қиыс кеткені: 9 – 0
Тойтарылғаны: 8 – 0
Бұрыштама соққылар: 12 – 0
Офсайдтар: 4 – 0
Ескерту (сары қағаз): 1 – 3
Алаңнан қуылды (қызыл қағаз): 0 – 1
Ереже бұзу: 9 – 10

Тізімге қайта оралу