Главная страница
 |   |   |  Польша – Қазақстан: Жеңілістен көз ашпаған құрама-ай

Польша – Қазақстан: Жеңілістен көз ашпаған құрама-ай

Польша – Қазақстан: Жеңілістен көз ашпаған құрама-ай
Польша – Қазақстан – 3:0. Фото: d-pt.ppstatic.pl

Қазақстан ұлттық құрамасы Варшавада Польша футболшыларымен кездесіп,  тағы да 0:3 есебімен ұтылып қалды.

Астанадағы Црна Гора футболшыларымен өткен ойынмен салыстырғанда, негізгі құрам біраз өзгерген. Варшавада өткен матчта Қазақстан құрамасының бас бапкері Александр Бородюк негізгі құрамдағы ойыншыларды біршама сапырылыстырып, өзгерістер енгізген.

Бес қорғаушы шығарды. Ортада Ахметов, Логвиненко және Дмитренко үшеуі ойнады. Ал өз клубтарында сол қапталда ойқастап жүрген Шомко мен Сүйімбаевты алаңның екі қанатына қойды. Дмитрий өз орнында, ал Ғафуржанға оң қанатта жүгіруге тура келді.

Бейсебеков пен Дарабаев қорғанысқа тірек болар шепте ойнап, Қуатқа шабуыл ұйымдастыру міндеті сеніп тапсырылыпты. Муртазаев пен Хижниченко алғы шепте зыр жүгірді. Қақпада – тағы да, жаңа капитан Лория. Сонымен ойын басталды...

Польша құрамасы бірден алға қарай лап қойды. Біздің құраманы қыспаққа алып, шабуылды үдете түсті. Алайда Қазақстан футболшыларының қарсы шабуылы өте қауіпті болды. Аслан Дарабаевтың алыстан шірене тепкен соққысы қақпадан сәл қана қиыс кетті.

Десек те, көп ұзамай Польша құрамасы есеп ашты. Оң қанаттан әуелеп келген допты Макушевски басымен Миликке бере қойды. Ол допқа қарай атылып, басымен қақпаға дөп түсірді. Алаң иелері есеп ашып, жанкүйерлерін қуантты.

Бұдан кейін Хижниченко қақпашымен бетпе-бет шығып, айласын асыра алмай, тамаша мүмкіндікті мүлт жіберіп алды. Бағымыз бар екен, Польша футболшылары да гол соғуға болатын оңтайлы сәттерде қателесіп, жаза басып, көрермендерді аһ ұрғызды.   

Бірінші тайм осылай аяқталды. Ал ойынның екінші жартысы әлдеқайда қызықты өтті. 49-минутта Қазақстан құрамасы есепті теңестірген. Бірақ төреші Хижниченконың соққан голын «Қуат офсайдта болды» деп, есепке алмады.

Екінші таймның жартысын Қазақстан құрамасы жоғары қарқында өткізді. Жиі шабуылдап, алаң иелеріне дес берген жоқ. Дарабаевтың жойқын соққысынан кейін стадион толы жанкүйерлердің жүректері тағы да лүп ете қалды. Бұл жолы қақпа маңдайшасын “жалап” өтіп, сәл биік кетті...

Алайда 71-минуттан бастап, Польша футболшылары қайтадан жылдамдықтарын үдетті. 72-минутта Левандовски айып соққысын орындап, қақпаны нысанаға алған. Оның шиіре тепкен пәрменді соққысын Лория тойтарды. Бірақ доп қақпа сызығының асып, ішіне топ етіп түсті де, қайта сыртқа шығып кетті. Төрешілер байқамай қалды...

Бірақ іле-шала алаң иелері тағы бір гол соғып, есепті еселей түсті. Тағы да – стандарт. Поляктар допты ойынға бұрыштан қосып, әуелете асырды. Бәрінен биік және жылдам секірген Глик допты басымен ұрып, қақпа торын бүлк еткізді.

Ал 85-минутта төреші біздің қақпаға пенальти берді. Орталық қорғаушымыз әуелеп ұшқан допқа ұмтылған Левандовскиді ақырын ғана итеріп қалған. Төреші бақап қалыпты. 11-метрлік айып соққысын “жәбірленуші”, Польша құрамасының сұрмергені мүлтіксіз орындап, Лория мен допты қақпаның екі бұрышына жіберді...

Матч соңында Қазақстан құрамасы алға ұмтылып, қонақтарды тықсырғанымен, таблодағы есепті өзгерте алмады. Александр Бородюк жаттықтыратын Қазақстан құрамасы тағы да ірі есеппен ұтылды. Сөйтіп үш күннің ішінде екі рет 0:3 есебімен жеңіліске ұшырады.

Польша – Қазақстан – 3:0 (1:0)

Голдар: Милик, 11. Глик, 74. Левандовски, 86-пенальтиден.

Ескертулер: Дмитренко, 24. Сүйімбаев, 53. Логвиненко, 63. Қуат, 64.

Польша: Фабяньски, Рыбус, Паздан, Глик, Пищек, Зелиньски, Мончиньски (Беднарек, 89), Гросицки (Теодорчик, 90), Макушевски (Блащиковски, 65), Левандовски, Милик.

Қазақстан: Лория, Шомко, Ахметов, Логвиненко, Дмитренко, Сүйімбаев, Бейсебеков (Тағыберген, 86), Дарабаев, Қуат, Муртазаев, Хижниченко (Щеткин, 68).

Төреші: Трейманис, Гудерманис, Спасенников (бәрі де – Латвия).

4 қыркүйек. Варшава. «Народовы».

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 21 – 7
Тура соққы: 6 – 1
Қиыс кеткені: 9 – 3
Тойтарылғаны: 6 – 3
Бұрыштама соққылар: 10 – 6
Офсайдтар: 0 – 3
Доп иелену: 57% – 43%
Пастар дәлдігі: 83% – 69%
Пастар: 495 – 323
Дәл пастар: 410 – 223
Ескерту (сары қағаз): 0 – 4
Ереже бұзу: 7 – 18

Тізімге қайта оралу