Главная страница
 |   |   |  Еркебұлан Сейідахмет жастар құрамасын жеңілістен құтқарып қалды

Еркебұлан Сейідахмет жастар құрамасын жеңілістен құтқарып қалды

Еркебұлан Сейідахмет жастар құрамасын жеңілістен құтқарып қалды
Қазақстан U-21 – Црна Гора U-21 – 1:1. Фото: fc-aktobe.kz

Бүгін Қазақстан жастар құрамасы 2019 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясындағы екінші ойынын Ақтөбеде өткізіп, Црна Горадан келген құрдастарымен тең түсті.

Бүгін Ақтөбе қаласындағы Қобыланды батыр атындағы «Орталық» стадионда халықаралық матч өтті. Нақтырақ айтқанда, жастар арасындағы 2019 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясындағы ресми кездесу өтіп, Қазақстан және Црна Гора таланттары додаға түсті.

Бірінші таймда есеп ашылған жоқ. Бірақ екі құраманың да гол соғатын мүмкіндіктері болды. Әсіресе, Қазақстан жастары кемі үш мүмкіндікті мүлт жіберіп алды. Александр Соколенко екі рет оңтайлы сәтте допты қақпадан қиыс тепті. Ал Бекзат Шадмановтың басымен қақпаға бағыттаған соққысын Црна Гораның орталық қорғаушысы Момчило Рашо кері тойтарды.

Екінші таймның басында қонақтар гол соғып, алға шықты. Црна Гораның жас таланттары өз мүмкіндіктерін мүлт жіберген жоқ. Біздің қақпашының кері қайтарған добын Филипп Кукличич қақпаға дәл бағыттады. Есеп – 0:1.

Осыдан кейін Владимир Никитенко алаңға өрімдей жас Еркебұлан Сейідахметті шығарды. Басқа амалы жоқ. Жастарымыз бір-біріне пас беруде жиі қателеседі. Өз қақпаларына гол жіберіп алған жастарымыз да намысқа тырысып, шабуылды үдетті.

Бірақ қанша қауіп төндірсе де, Црна Гора жастарының қорғанысын бұзып өте алмай, қара терге түсті. Уақыт болса, өтіп жатыр. Ойынның негізгі уақыты аяқталып, төреші қосқан қосымша минуттар да түгесілуге айналғанда, Қазақстан жастары бар күш-жігерлерін салып алға қарай лап қойды.

Еркебұлан Сейідахмет допты іліп алып, қонақтардың қорғаушыларын алдап өтпек болып, алға ұмтылғанда, оны «қаратаулықтар» шалып шықты. Пенальти! 11-метлік айып соққысын Максим Федин мүлтіксіз орындады. Таразы басы теңесті...

Қазақстан U-21 – Црна Гора U-21 – 1:1 (0:0)

Голдар: Кукуличич, 61 (0:1). Федин, 90+4-пенальтиден (1:1).

Ескертулер: Зайнутдинов, 12. Сламбеков, 68. Федин, 83. Әбікен, 86 – О.Шаркич, 64. М.Шаркич, 70. Перович, 83. Роганович, 90+1.

Қазақстан U-21: Колбунцов, Соколенко, Шадманов, Мәжитов, Әбікен, Қалмұратов (Өміртаев, 76), Сламбеков (Наджарян, 68), Перцух, Зайнутдинов (Сейідахмет, 63), Федин, Жалмұқан.

Црна Гора U-21: М.Шаркич, Вукчевич, Аземович, Рашо, Роганович, Лончар (Голубович, 61), Которац, Цамай, Кукуличич, О.Шаркич (Джуричкович, 80), Перович.

Төрешілер: Аретопулос, Тумпакарис, Кула (бәрі де – Грекия)

31 тамыз. Ақтөбе. «Орталық».

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 18 – 12
Тура соққы: 6 – 5
Қиыс кеткені: 6 – 7
Тойтарылғаны: 6 – 0
Бұрыштама соққылар: 9 – 4
Офсайдтар: 1 – 1
Ескерту (сары қағаз): 4 – 4
Ереже бұзу: 13 – 12

Тізімге қайта оралу