|   |   |  Қазақстан құрамасы Грузиямен Тбилисиде тең түсті

Қазақстан құрамасы Грузиямен Тбилисиде тең түсті

Қазақстан құрамасы Грузиямен Тбилисиде тең түсті
Фото kff.kz сайтынан

Қазақстан ұлттық құрамасы Тбилисиде жергілікті Грузия футболшыларымен жолдастық кездесу өткізіп, 1:1 есебімен тең түсті.

Байсуфинов тағы да таң қалдырды

Осыдан үш күн бұрын Әзірбайжан футболшыларымен кездескенде, алаңға көпшілік күтпеген кейбір ойыншыларды шығарған Қазақстан құрамасының бапкерлері бүгін тіптен әріге шапты.

Әлбетте, бапкерлердің көбісі жеңіске жектен ұжымының құрамын өзгертпеуге тырысады ғой. Ал Талғат Байсуфинов пен Нүркен Мазбаев бүгін ұлттық құрама сапын 55 пайызға өзгерткен. Өткен жолғы ойынның негізгі құрамынан бес-ақ ойыншы қалған, қалған алтауы ауыстырылған.

Өзгермеген бесеу – Мұжықов, Логвиненко, Шомко, Малый және Смақов. Отандық бапкерлер құрамының өткен ойында өз қақпасына гол жібермеген Покатиловты қосалқы құрам орындығына отырғызғандарына таң қалсақ та, «бір білгендері болар» деп, тілімізді тістедік.

Өйткені, Талғат Байсуфиновтың тактикаға көп көңіл бөлетіндігін, ал сол тактиканы қарсыласының артықшылығы мен кемшілігін саралай отырып құратындығын білеміз.

Смақов Балтиевпен теңесті

Грузияда өткен бүгінгі ойында Қазақстан құрамасының қақпасын Давид Лория қорғады. Екі орталық қорғаушы міндетін бұл жолы да Юрий Логвиненко мен Сергей Малый атқарды. Қорғанысымыздың сол қанатындағы Дмитрий Шомко да – ауыстырылмайтын ойыншыларымыздың бірі. Ал оң қаптал бүгін Абзал Бейсебековке сеніп тапсырылды.

Қорғанысқа тірек болар шепте Самат Смақов пен Исламбек Қуат ойнады. Серікжан Мұжықовқа оң қапталдағы, ал Ғафуржан Сүйімбаевқа сол қапталдағы жартылай қорғаушы міндеттері сеніп тапсырылған. Азат Нұрғалиев орталық шепте, ал Алексей Щеткин шабуыл өтінде өнер көрсетті.

Осы ретте айта кетерлігі, бүгін Самат Смақов ұлттық құрама сапында 73-інші ойынын өткізіп, осы көрсеткіш жағынан Руслан Балтиевті қуып жетті. Ал Балтиевтің бұл рекорды бірнеше жыл бойы өзгермей тұрған. Енді оны алдағы уақытта Смақовтың жаңартуы әбден мүмкін...

Ойын тағдыры екі минутта шешілді

Өз жерінде ойнаған Грузия футболшылары белсенділік танытты. Допты өздерінде көп ұстап, қауіпті шабуылдарымен Қазақстан құрамасының қорғанысын піспектеумен болды. Алайда біздің жігіттер қарсы шабуылдар ұйымдастырып, алаң иелеріне тойтарыс беріп отырды.

Осындай қарсы шабуылдардың бірінде Серікжан Мұжықов оң қапталмен алға ентелеп, қақпаға жақындап келді де, теңбіл допты айып алаңының ортасына қарай ысыра салды. Ол жерде қарауылсыз қалған Азат Нұрғалиев ала допты шиіре теуіп, қақпа ішіне «сүңгітті».

Өкінішке қарай, осы голдан кейін біздің құрама сәл-пәл босаңсып, жайбарақат қимылдап жүріп, Владимир Вайсс жаттықтыратын Грузия құрамасының таразы басын теңестірулеріне мүмкіндік беріп алды. Бірақ осыдан кейін қайтадан мұқият ойнауға көшті.

Екінші таймда Грузия қарқынын үдетті

Ойынның екінші жартысында екі құрамада бірнеше ойыншысын алмастырды. Біздің бапкерлер тіпті қақпашымызды да ауыстырып, Владимир Плотниковтің ұлттық құрама жейдесімен алғаш рет жасыл алаңға шығуына мүмкіндік берді. Алдын-ала айта кетейік, Плотников сенімді ақтап, алаң иелерінің бірнеше шабуылын тойтарды.

Екінші таймда алаң иелері біздің футболшыларды тықсырып, қауіп төндірумен болды. Бірақ гол соға алмай, діңкелері құрыды. Жалпы, Грузия құрамасы ұжымдық ойын үлгісінің «бір қайнауы ішінде» екендігін сездіріп алды. Ойындары әлі де үйлесіңкіремейтіндей...

Бірақ біздің жігіттер де дәл осы командалық ойын өрнегін жүзеге асырудан жаңылатындықтарын көрсетіп алып, бірнеше рет жаза басты. Нақтырақ айтқанда, алыстан асығыс соққы бағыттап, кемі екі-үш қауіпті шабуылды кәдеге асыра алмады.

Десек те, жігіттеріміз жанкештілік танытып, аянбай тер төгіп, алаң иелерінің тегеурінді шабуылдарына төтеп берді. Грузия құрамасы қанша тырысып, қарқындарын үдетсе де, Қазақстан құрамасына «азулары» батпай, тең ойынды қанағат тұтуға мәжбүр болды.

Грузия – Қазақстан – 1:1

Голдар: Нұрғалиев, 36 (0:1). Окриашвили, 38 (1:1).

Грузия: Ревишвили, Лобжанидзе (Вацадзе, 90), Кашиа, Амисулашвили (Кверквелия, 46), Ананидзе (Кения, 78), Наваловски, Канкава, Абуржания (Квеквескири, 78), Казаишвили, Окриашвили, Чантурия (Качарава, 46).

Қазақстан: Давид Лория (Владимир Плотников, 46), Абзал Бейсебеков, Юрий Логвиненко, Сергей Малый, Дмитрий Шомко, Самат Смақов (Мақсат Байжанов, 75), Исламбек Қуат (Асхат Тағыберген, 86), Ғафуржан Сүйімбаев, Серікжан Мұжықов (Ұлан Қонысбаев, 66), Азат Нұрғалиев (Бауыржан Исламхан, 81), Алексей Щеткин (Сергей Хижниченко, 46).

Бас төреші: Клейтон Писани (Мальта)

Тізімге қайта оралу