|   |   |  Байсуфинов байдалы туымызды желбірете ала ма?

Байсуфинов байдалы туымызды желбірете ала ма?

Байсуфинов байдалы туымызды желбірете ала ма?
Талғат Байсуфинов

Үш күн бұрын Әзірбайжан футболшыларын жеңіп желпінткен Талғат Байсуфинов бастаған Қазақстан ұлттық құрамасы бүгін Астана уақытымен сағат 23:00-де грузиялықтармен кездеседі. Жалпы, дәл қазір Тбилисиде 23 футболшымыз жүр. Оның 13-і қазақ жігіттері. Құраманың жартысынан астамы. Қалай қуанбайсың?

Негізгі құрамда қазақтар көбейіп келеді

Жалпы, Әзірбайжанмен болған ойында 10 қандасымыз ойнаған. Оның алтауы негізгі құрамда алаңға шықты. Алтауы. Бас командамыздың негізгі құрамында бірден алты қандасымыздың алаңға шыққанын бұрын-соңды естіп пе едіңіз? Құй сен, құй сенбе, Тәуелсіз Қазақстан тарихында әлі мұндай жағдай тіркелмеген екен. Рас, 1992 жылы ұлттық құрамамыздың ең бірінші кездесуінде сол кездегі бас бапкер Бақтияр Байсейітов Қырғызстанға қарсы Марат Есмұратов, Сұлтан Әбілдаев, Асқар Әбілдаев, Сансызбай Жұмаханов, Қайрат Сіләмбеков, Қайрат Әубәкіров және Тілеухан Тұрмағамбетов жетілігін шығарған. Одан кейінгі ойындарда негізгі құрамдағы қандастарымыздың саны алтауға жеткен емес. Міне, Талғат Байсуфинов бастаған бапкерлер алқасы Әзірбайжанға қарсы ойында осылай ұлттық құрамамызға қан жүгіртті. Ал бір жиынға 13 қазақ футболшысын шақыртқанды бұған дейін қара басым естімепті де. Салыстырмалы түрде айта кетейік, өткен жылы Қазақстан ұлттық құрамасы өткізген 9 кездесуге барлығы 16 қандасымыз қатысқан.

Әлбетте, бас командаға ойыншыларды шақырғанда немесе алаңға шығарарда бапкерлер олардың ұлтына, дініне, түріне қарамайтыны анық. Яғни, бұл дегеніміз, қаракөздеріміздің де біліктіліктері артып келе жатқанының айғағы болса керек.


Ұлттық құрамада бір ғана легионер қалды

Талғат Байсуфинов пен Нүркен Мазбаев бастаған бапкерлер алқасы шақырған 23 футболшының біреуі ғана легионер. Ол «Ертістің» орталық қорғаушысы – Сергей Малый. Украинаның Луганск қаласында дүниеге келіп, «Заря», «Арсенал» сынды клубтарында ойнаған. Қазақстанға 22 жасында келді. 2014 жылдан бері ұлттық құрамамызға шақыртылып жүр. Сегіз ойын болды, үнемі негізгі құрамда шығады. Қазір бұл футболшысыз қорғанысымызды елестету өте қиын.

Ал қалған футболшылардың барлығы өзіміздің өнім. Бұрынғыдай «кім көрінгенді» шақырта беретін үрдістен арылған сияқтымыз. Жоқ, біз легионерлерге түбегейлі қарсы емеспіз. Генрих Шмитдгаль, Александр Меркель сынды марғасқалар бас командамызды күшейтпесе, әлсіретпейтіні анық. Ондай ойыншылар өте қажет. Әлемде бар тәжірибе. Испания, Англия, Германия, Франция сынды азулы державалардың өздері өзге елден «жақұт» көрсе, өздеріне шақыртып алып жатады. Тіпті, Ресейдің өзі соңғы ойында бразилиялық қақпашы Маринато Гильермоға ұлттық құрамасынан орын тауып берді.

Міне, сол секілді Қазақстан құрамасына да тек таңдаулыларды, үздіктерді шақыртқаны қуантады. Ал егер мықты легионер болып, ол ұлттық құраманы шынымен де күшейтіп жатса, ондай ойыншыға ешкімнің де қарсы болмасы анық.

Тегің қайдан футболшы?

Талғат Байсуфинов шақыртқан 23 футболшы еліміздің 10 облысының өкілдері екен. Тараздан төрт ойыншы, Шымкенттен үшеу, Қызылорда, Алматы қаласы, Талдықорған, Астана қалаларынан екеу. Тек Атырау, Маңғыстау және Қарағанды облыстарының ойыншылары ғана бас командада жоқ.

Дегенмен, Қарағанды жартылай қорғаушы Исламбек Қуатқа таласуы мүмкін. Өйткені, футболшылық карьерасын елордада бастап, үлкен футболға Астанада қадам басқанымен Исламбек 4 жасына дейін Қарағандының Ағадыр қаласында тұрған. Бірақ футбол әліппесін Астанада бастаған оны қалайша Қарағанды футболының түлегі деп айтасыз? Сол сияқты Ұлан Қонысбаевты да Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында дүниеге келді демесеңіз, өсіп-өнген жері Жамбыл облысы. Ал қорғаушы Мұхтар Мұхтаров Әзірбайжанның Ленкорань қаласында туылғанымен кішкентайында-ақ Шымкентке көшіп келген.


Қазақстан ұлттық құрамасы футболшыларының картасы

Қазақстан ұлттық құрамасы

Қақпашылар:

Давид Лория («Ертіс») – Астана

Стас Покатилов («Ростов», Ресей) – Орал

Владимир Плотников («Қайрат») – Алматы

Қорғаушылар:

Ғафуржан Сүйімбаев («Ордабасы») – Шымкент

Дмитрий Шомко («Астана») – Экибастуз, Павлодар

Юрий Логвиненко («Астана») – Актобе

Елдос Ахметов («Ертіс») –Тараз

Сергей Малый («Ертіс») – Луганск Украина

Мұхтар Мұхтаров («Ордабасы») – Шымкент

Ермек Қуантаев («Кайрат») – Қостанай

Абзал Бейсебеков («Астана») – Алматы

Жартылай қорғаушылар

Самат Смақов («Ақтөбе») – Семей

Серікжан Мұжықов («Астана») – Талдықорған

Жақып Қожамберді («Оқжетпес») – Тараз

Исламбек Қуат («Қайрат») – Қарағанды, Астана

Асхат Тағыберген («Астана») – Қызылорда

Мақсат Байжанов («Шахтер») – Қызылорда

Ұлан Қонысбаев («Атырау») – Өскемен, Тараз

Тимур Досмағамбетов («Тобыл») – Көкшетау

Бауыржан Исламхан («Қайрат») – Тараз

Азат Нұрғалиев («Ордабасы») – Шымкент

Шабуылшылар:

Алексей Щеткин («Астана») – Талдықорған

 Сергей Хижниченко («Тобыл») – Өскемен

Тізімге қайта оралу