|   |   |  Жергілікті жаттықтырушылармен жеңіске жетіп желпіндік

Жергілікті жаттықтырушылармен жеңіске жетіп желпіндік

Жергілікті жаттықтырушылармен жеңіске жетіп желпіндік
Фото kff.kz сайтынан

Қазақстан ұлттық құрамасы мешін жылын жеңіспен бастап, Түркияда өткен жолдастық кездесуде Әзірбайжан футболшыларын 1:0 есебімен жеңді.

Отандық бапкерлер сауатты тактика құра білді

Қазақстан ұлттық құрамасын уақытша жаттықтыруға бекітілген отандық бапкерлер құрамы, яғни Талғат Байсуфинов, Нүркен Мазбаев, Юрий Новиков және Андрей Феропонтов сынды мамандарымыз алғашқы сыннан абыроймен өтті. Түркиядан өткен жолдастық кездесуде Әзірбайжан құрамасын ұтты. Ең бастысы, өздерінің тактикалық тұрғыда қаражаяу емес екендіктерін көрсете білді.

Бұл ойынды Қазақстан құрамасы екі орталық қорғаушымен өткізді. Қорғанысымыздың ең жауапты шебінде Юрий Логвиненко және Сергей Малый жұбы ойнады. Қорғаныстағы қос қаптал Елдос Ахметов пен Дмитрий Шомкоға сеніп тапсырылды.

Айтпақшы, біздің қақпаны Стас Покатилов қорғады. Бұл отандық бапкерлер негізінен әлеуеті жоғары жас қақпашымызға сенім артатындығын сездіретіндей...

Қорғанысқа тірек болар шепте Самат Смақов және Мақсат Байжанов сынды тәжірибелі футболшыларымыз өнер көрсетті. Қос қапталдағы жартылай қорғаушы міндетін Серікжан Мұжықов пен Ұлан Қонысбаев атқарды.

Бауыржан Исламхан алаң ортасында ойқастап, ойынды үйлестіріп отыруға тырысса, Сергей Хижниченко шабуыл өтінде тыным тапқан жоқ.

Біздің футболшылар қарсыластарының емін-еркін доп қабылдауларына және қимылдауларына мүмкіндік бермеуге тырысып, қыспаққа алумен болды. Ширақ қимылдап, барлық шептегі қарсыластарын тұсаулап ұстауға талпынды.

Ал аяқтарына доп тисе, өздерінде көп ұстамай, бір-біріне пас беруге тырысты. Әрі көлденең және көлбеу пастарымен Әзірбайжан құрамасы бекінісінің жігін аша түсуді көздеді.

Тағы да шабуыл өтіне қорғаушыларымыз «май құйып» отырды

Осыдан бірер күн бұрын ғана соңғы жылдардағы ресми ойындарда шабуылшыларымыздың гол соға алмай, оларға қорғаушыларымыздың көмектесіп жүргендерін жазғанбыз. Бұл ойында да солай болды. Алғашқы қауіпті соққыны Әзірбайжан қақпасына басымен орталық қорғаушымыз Логвиненко бағыттады.

Жалғыз гол да өзіміз болжағандай, тағы да стандартты ойын жағдайында соғылды. Бұрыштама соққысы, Серікжан допты Бауыржанға бере қойды. Исламхан қақпаға қарай асырды. Әуелеп ұшқан допқа Мақсат Байжанов жүгіре атылып, басымен қақпаға дөп түсірді. Гол!

Жалпы, бұл ойында қорғаушыларымыз да, жартылай қорғаушыларымыз да ұжымдық ойын үлгісінің қарқынын бәсеңдетпей, бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Бір ғана Ғафуржан Сүйімбаевтың алыстан шірене тартып, қақпа маңдайшасын солқ еткізгені неге тұрады?! Бірінші таймда Ахметов те Әзірбайжан қақпашысын әбігерге түсірген.

Гол соғатын мүмкіндіктер аз болған жоқ

Түркиядағы тартысты ойында теңбіл доп бір мәрте ғана қақпа ішінде тулағанымен, екі құрамада да гол соғатын мүмкіндіктер аз болған жоқ. Мысалы, біздің құрама сапынан Хижниченконың да, екінші таймда оның орнына шыққан Алексей Щеткиннің де есепті еселей түсетін мүмкіндіктерді мүлт жіберіп алды. Сондай-ақ Мақсат Байжановтың екінші рет гол соғатын тамаша мүмкіндігі болды. Өкінішке қарай, бәрі де қас-қағым сәтте қақпаны нысанаға дұрыстап ала алмай, сан соғып қала берді.

Әзірбайжан футболшыларының да бірнеше мүмкіндіктері болды. Олар допты бірде қиыс, қайсыбір сәте ақырын теуіп, жаза басса, көбінесе біздің қақпашымыз Стас Покатиловтан айлаларын асыра алмай, пұшайман болды.

Бірінші сыннан сүрінбей өттік, енді екіншісі бар

Сонымен, ұлттық құрамамыз 2016 жылғы алғашқы ойынын жеңіспен аяқтады. Футболына қаражат құйып, ұлттық құрамасының тізгінін шетелдік маманға ұстатқан Әзірбайжан құрамасын отандық бапкерлермен тізе бүктірдік.

Бапкерлеріміз де, олар сенім артқан футболшыларымыз да үмітті ақтап, өрнекті ойын үлгісін көрсетті. Бапкерлер құрамасының жан-жақты дайындалып, Әзірбайжан құрамасының ойынын егжей-тегжей зерттеп және саралап, жігіттерімізді жігерлендіре білгендері байқалады.

Енді оларды тағы бір сын күтіп тұр. Келесі қарсыласымыз – бүгінгіден де қарымды құрама. Әрі бас бапкері қазақ футболын бүге-шігесіне дейін білетін маман. Төтесін айтқанда, енді 29 наурыз күні Тбилисиде Грузияның қас шеберлерімен додаға түсеміз. Қазір бұл елдің ұлттық құрамасын словак Владимир Вайсс жаттықтырады...

Әзірбайжан – Қазақстан – 0:1

Гол: Байжанов, 8.

Әзійрбайжан: Агаев, Гараев (Абышов, 74), Медведев (Мирзабеков, 46), Гусейнов, Абдуллаев (Маммадов, 70), Назаров, Садыгов (Саттарлы, 46), Рамазанов (Тагиев, 46), Дашдемиров, Исмайлов (Алескаров, 61).

Қазақстан: Покатилов, Ахметов, Логвиненко, Малый, Шомко, Смақов (Тағыберген, 88), Байжанов (Қуат, 60), Исламхан (Нұрғалиев, 64), Мұжықов (Сүйімбаев, 76), Қонысбаев (Досмағамбетов, 65), Хижниченко (Щеткин, 71).

Төреші: Али Палабыйык (Түркия)

Тізімге қайта оралу