|   |   |  Жеңеміз деп жұтындық – төбелесіп тұтылдық...

Жеңеміз деп жұтындық – төбелесіп тұтылдық...

Жеңеміз деп жұтындық – төбелесіп тұтылдық...
Фото uefa.com сайтынан

Қазақстан жастар құрамасы Босния және Герцеговинадан келген құрдастарымен кездесіп, 2017 жылғы Еуропа чемпионатының електік додасы аясындағы ресми матчта 0:0 есебімен тең түсті.

Жас футболшыларымыз шаршап-шалдығып қалды

21 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасы Босния және Герцеговина футболшыларын түзде тізе бүктіргенімен, үйде ұта алмады. Тіпті ұтылып қалмағындарына шүкір дедік.

Иә, өткен жылғы қыркүйек айында Қазақстан U-21 құрамасы Сараевода Босния және Герцеговина жастарын ұтып, бөркімізді аспанға атқанбыз. Сондықтан бүгінгі матчта «тағы да жеңіске жетеміз» деп жұтындық...

Алайда жасыл алаңда бәрі де басқаша болып шықты. Рас, бірінші таймда жас футболшыларымыз аянбай тер төгіп, бапкерлер тапсырмасын орындауға тырысты. Екі рет гол соғуға болатын тамаша мүмкіндікті мүлт жіберіп қойып, сан соғып қала бердік. Жанкүйерлер де өре түрегеліп, терең күрсініп басылды...

«Ештеңе етпейді, екінші таймда екпіндерін сәл үдетсе, гол соқпай қоймайды» деп, өзімізді жұбаттық. Бірақ ойынның екінші жартысында біздің жігіттеріміз қарқындарын үдетпек түгілі, әу бастағы жылдамдықтарын бәсеңдетіп алып, білгендерінен жаңыла бастады.

Екінші таймның ортасынан бастап, жігітеріміздің титықтап қалғандары байқалды. Тіпті мақтаулы Максим Фединнің өзі аяғының сіңірі дәміл-дәміл тартылып, жүгіруден қалды. Қазақстан U-21 құрамасының аға жаттықтырушысы Вахид Масудовқа оны алмастырудан басқа амал қалған жоқ.

Жасыл алаң ринг емес, қол сілтеуге болмайды

Босния және Герцеговина жастары Балкан түбегі халықтарына сай қайсарлықтарын көрсетті. Аяқтарын тартпайды, айылдарын жимайды. Аянбай ойнайды. Қажет болса, допты тартып алу үшін шалып та, алып та жығады.

Өкінішке қарай, біздің жігіттер екінші таймда оларды тәртіпке «салып алуға» көшкендей болды. Негізі, егер олар артық кетіп бара жатса, дөрекі ойыншыларды тәртіпке салатын біздің футболшылар емес, төрешілер болса керек еді.

Әуелі команда капитаны Тимур Рудосельский өзінің аяғына оратылған футболшыға шүйілді. Сол-ақ екен, екі жақтың ойыншылары бірін-бірі итеріп, аз-мыз тәжікелесіп алды. Егер төреші сол жерде команда капитанына сары қағаз көрсеткенде, ол ойыннан қуылар еді. Өйткені соның алдында ғана ол ескерту алып үлгерген.

Абырой болғанда, бас қазы біздің капитанды алаңнан аластаппай, сары қағазды басқа ойыншымызға көрсетті. Ал біздің ойыншылар төрешінің бұл «мейірбандығынан» сабақ алған жоқ.

Бапкерлер құрамы титықтап қалған ойыншыларымыздың орындарына тың футболшыларымызды шығарып, ойын өрнегін жандандыра түсуге тырысқан. Алайда үлкен сенім артқан жас шабуылшымыздың бірі, атап айтқанда Георгий Макаев қызбалыққа салынып, дүйім команда ұятқа қалдырды.

Ол өзін жасанды желекке сұлатып салған футболшыға тұра ұмтылып, қақтығысып-итерісіп, тіпті қолын сермеп те жіберді. Ал футболда қол сілтеуге болмайды! Осылай алаңда алты-ақ минут ойнап, сенім артқан бапкерлерін жерге қаратты.

Екі ұпай жоғалттық па, әлде бір ұпай олжаладық па?

Бір ойыншымыз алаңнан қуылып, кем құрамда қалған соң, «жеңеміз» деген дәмені ұмыттық. Енді тек тең есепті уыстан шығармау маңызды болды. Өйткені футболшыларымыз ұнжырғалары түсіп, ойындары үйлеспей қойды. Ал қонақтарымыз керісінше, жігерленіп-желпініп, қарқындарын үдетті.

Кемі екі рет қауіпті шабуыл ұйымдастырып, біздің қорғаушыларымыз бен қақпашымызды сеңдей соғыстырды. Екі ойыншылары қақпашымыз Станислав Павловты ортаға алып, қалай гол соға алмағандары, түсініксіз. Біздің бағымызға орай болар...

Ойыннан кейін Вахид Масудовтың өзі де "екі ұпай жоғалтқанымызға" қынжыла отырып, "бір ұпай олжалағанымызға" шүкіршілік еткендей болды. Әрине, Босния және Герцеговина жастары Еуропа чемпионатының 9-електік тобындағы Англия, Норвегия және Швейцария құрамаларындай қарымды емес. Сондықтан жеңуге тиісті едік. Бірақ оған біздің құраманың шама-шарқы жетпеді...

Жаттықтырушы жаңылды ма, ойыншылар сенімді ақтамады ма?

Вахид Масудовтың жастар құрамасының тізгінін қолына алғанына бір ай ғана уақыт болды. Сондықтан, аға жаттықтырушыны даттаудан аулақпыз. Өйткені, жастар құрамасының тауқыметі шаш-етектен болатын.

Бірнеше ойыншы жарақаттанып қалды. Қазір жастар премьер-лига додасында бұрынғыдай жеңілдікпен жасыл алаңға шыға алмайды. Сондықтан көбісі қосалқы құрам орындығында отырып қалып, спорттық баптарын жоғалтып алған.

Көптеген ойыншыларымыз сол баяғыдай, өз клубтарында басқа шепте ойнап, ал жастар құрамасында мүлде басқа міндеттерді атқарып жүр. Ал олар өздеріне үйреншікті емес шепте ойнауға тез бейімделіп кете алмастары, айтпаса да түсінікті.

Десек те, бұл ойыннан Вахид Масудов сабақ алып, көп ой түйеді деп ойлаймыз. Жастар командасы болсын, құраманың аты – құрама. Өзіндік ерекшеліктері бастан асады. Енді аға жаттықтырушы бәрін де ой елегінен өткізіп, саралап-таразылауы керек. Бәлкім, Иван Антиповты ертерек шығару керек шығар?..

Қазақстан U-21 – Босния және Герцеговина U-21 – 0:0

Ескерту алғандар: Куксин, 32. Рудосельский, 57. Ветров, 70 – Мемия, 37. Хаджиахметович, 40. Гояк, 67. Саничанин, 70. Чивич, 82. Ходжич, 86.
Алаңнан қуылды: Макаев, 81.
Қазақстан U-21: Павлов, Шайыхов, Рудосельский, Сартаков, Куксин, Түлиев, Воменко (Күлбеков, 83), Вороговский (Антипов, 68), Федин (Макаев, 75), Тұңғышбаев, Ветров.
Босния және Герцеговина U-21: Пирич, Чивич, Саничанин, Йовичич, Мемия, Ар.Ходжич, Черимагич, Милошевич (Гояк, 66), Хаджиахметович, Реджич, Попович (Говедарица, 90).
Бас төреші: Сурен Балиян (Армения)

Доп иелену: 45% – 55%
Қақпаға соққы бағыттау: 7 – 11
Тура соққы: 2 – 3
Қиыс кеткендері: 5 – 4
Тойтарылған соққылар: 0 – 4
Бұрыштама соққылар: 2 – 4
Ереже бұзу: 17 – 26
Ескерту: 3 – 6
Алаңнан қуылу: 1 – 0

Тізімге қайта оралу