|   |   |  Ұлттық құрамамыз гол соғатын шабуылшыға зәру

Ұлттық құрамамыз гол соғатын шабуылшыға зәру

Ұлттық құрамамыз гол соғатын шабуылшыға зәру
Фото idnes.cz сайтынан

Көктемнің алғашқы айының соңында Қазақстан ұлттық құрамасы екі жолдастық кездесу өткізеді. Әуелі, 26 наурызда Түркияда Әзірбайжан футболшыларымен, ал  29 наурыз күні Тбилисиде Грузияның қас шеберлерімен кездеседі.

Маусым басталғалы алаңға шықпаған шабуылшы құрама сапында...

Дәл қазір бізді алаңдататыны, ұлттық құрама сапында гол соғатын шабуылшы жоққа тән. Аталған екі ойында Қазақстан ұлттық құрамасын жаттықтыратын бапкерлер құрамы, яғни Талғат Байсуфинов, Нүркен Мазбаев, Юрий Новиков және Андрей Феропонтов сынды отандық мамандар екі шабуылшыға сенім артып отыр. Олар – Сергей Хижниченко («Тобыл») және Алексей Щеткин («Астана»).

Бір қызығы, ел чемпионатының екі туры өтсе де, Сергей Хижниченко әлі алаңға шыққан жоқ. «Тобыл» бірінші турда құрамын премьер-лигаға сай ойыншылармен толықтай нығайта алмаған «Ақжайықты» 1:0 есебімен жеңді. Хижниченко алаңға шықпақ тұрмақ, қосалқы құрам орындығында төбе көрсеткен жоқ.

Екінші турда Хижниченко тұрмақ, «Тобылдың» өзі алаңға шыққан жоқ. Ауа-райының қолайсыздығын пайдаланып, Атырауға бармай, Қостанайда жатып алды...

Щеткиннің де жасыл алаңда көп ойқастаған жоқ. Бірінші турда «Астана» Қарағанды клубын қабылдап, Алексей матчтың 72-минутында ойынға қосылды. Ал екінші турда елордалықтар Шымкентте додаға түсіп, Щеткин кездесудің 85-минутында алаңға шықты.

Сонда, екі турда 23 минут ойнапты. Ә-ә, айтпақшы, бұған ел суперкубогы сарапқа салынған матчтың 89-минутында Деспотовичті алмастырғанын қосуға болады. Экстра-таймдарды қосқанда, 31 минут жүгірген болатын.

Голды кім соғады, тағы да қорғаушылар ма?

Соңғы електік додада, яғни 2016 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу сынында Қазақстан ұлттық құрамсы «А» тобында бақ сынаған болатын. 2014 жылдың қыркүйек айынан 2015 жылғы қазан айына дейін 10 ойын өткізіп, жеті гол соққан болатын.

Ең сорақысы, осы жеті голдың бесеуін үш қорғаушымыз, ал екеуін жанкешті жартылай қорғаушымыз соққан болатын (Логвиненко – 3, Смақов – 1, Абдулин – 1; Қуат – 2).

Міне, өздеріңіз де байқап отырған боларсыздар, біздің құраманың сұрмерген шабуылшыға зәру болып жүргені биыл ғана емес. Соңғы жылдары шешілмей жүрген – ең басты осал тұсымыз.

Енді, тек, төрешілер пенальти беріп, Самат Смақов, Азат Нұрғалиев сияқты ойыншыларымыз гол соқпаса... Әйтпесе, бұрыштама және айып соққылары орындалғанда Логвиненко және Малый сынды қорғаушыларымыз әуелеп ұшқан допты бастарымен қақпаға дөп түсірмесе...

Еріксіз, бақтары мен баптары қатар шапса, гол соғуды білетін Бауыржан Исламхан мен Исламбек Қуатқа да сенеміз, алыстан Дмитрий Шомконың да шірене тартатыны бар деп отырмыз...

Қай шабуылшыны шақыруға болар еді?

Премьер-лигадағы қай клубымызда алсақ та, бәрі де шетелдік шабуылшыларға иек артқан деуге болады. Тек «Тараз» Қазақстан азаматтығын алғанына біршама уақыт болған Игорь Зеньковичке сенім артады. «Оқжетпес» әлі де Әлібек Бөлешевтің жылпыңдығын кәдеге жаратып келеді.

«Қайрат» биылғы ел чемпионатының екі турында да екінші таймда алаңға Виталий Лиді шығарды. Жас шабуылшы Таразда бір гол соғып, Көкше клубымен кездескенде, өз командасын алға шығаруға тырысып бақты.

Биылғы маусымның алғашқы екі турында басқадай ешбір шабуылшы көзімізге ілігер емес. «Ордабас» клубында Эдин Юнузович өзіне берілген мүмкіндіктерді мүлт жібермеуге тырысып, екі турда да гол соқты. Бірақ ол – қазақ емес, хорват...

Қай шетелдік шабуылшыны құрама сапына тартуға болады?

Өзімізде үнемі гол соғып, тұрақты ойын өрнегін көрсетіп жүрген шабуылшы жоққа тән болғандықтан, ұлттық құраманы шетелдік легионермен күшейту мәселесі де жиі айтылып келеді. Бұл ретте, өз чемпионатымызда ойнап жүрген Игорь Зеньковичтің есімі көп аталады. Алайда, Зенькович құрама сапына әлі тартылған жоқ.

Былтыр «Қайраттың» сапында ойнаған, биыл «Астана» құрамында гол соғып жүрген Джордже Деспотовичке қызыға қараймыз. Жасы – небәрі 24-те. Деспотович Сербияның 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы сапында 10 ойын, 21 жасқа дейінгі жастар құрамасы жейдесінде сегіз матч өткізген. Бірақ өз елінің ұлттық құрамасы сапында әлі бірде-бір ресми ойын өткізген жоқ.

Шынымен де, шетелдік шабуылшылардің біріне Қазақстан азаматтығын әперіп, құрама сапына қосып, әлемде бар тәжірибені қолдану керек пе? Әлде, Абат Айымбетов, Дидар Жалмұқан, Максим Федин сынды жастарымыз бұғаналары бекіп, тұрақты түрде гол соға бастай ма? Жоқ, Тоқтар Жаңғылышбай және Еркебұлан Тұңғышбаев сынды шабуылшыларымыз шыңдала түсіп, өздерінің ел намысын қорғауға лайық екендерін дәлелдеп шыға ма?!

Тізімге қайта оралу