|   |   |  Қазақстан құрамасының қарсыластары құрамдарын жариялады

Қазақстан құрамасының қарсыластары құрамдарын жариялады

Қазақстан құрамасының қарсыластары құрамдарын жариялады
Фото gff.ge сайтынан

26 және 29 наурыз күндері Қазақстан ұлттық құрамасымен додаға түсіп, жолдастық кездесулер өткізетін Әзірбайжанның да, Грузияның да құрамдары белгілі болды.

Әзірбайжан әзірлігін әлдеқашан бастаған

Қазақстан ұлттық құрамасы әуелі Әзірбайжан футболшыларымен кездеседі. Бұл матч 26 наурыз күні бейтарап алаңда, нақтырақ айтқанда, Түркияда өтеді.

Әзірбайжан ұлттық құрамасының бас бапкері Роберт Просинечки Анталиядағы оқу-жаттығу жиынына баратын футболшыларының тізімін осыдан тура бір апта бұрын жариялаған болатын:

қақпашылар – Камран Агаев («Интер»), Агиль Мамедов («Нефтчи»), Салахат Агаев («Сумгайыт»);
қорғаушылар – Рашад Садыхов, Бадави Гусейнов, Максим Медведев (бәрі де – «Карабах»), Магомед Мирзабеков, Ариф Дашдамиров, Павел Пашаев, Руслан Абышов (бәрі де – «Габала»), Тарлан Гулиев («Кяпаз»),;
жартылай қорғаушылар – Эдди Исрафилов («Кордова», Испания), Тугрул Эрат («Фортуна» Дюссельдорф, Германия), Дмитрий Назаров («Карлсруэ», Германия), Гара Гараев, Джавид Тагиев, Афран Исмайлов (бәрі де – «Карабах»), Рашад Эйюбов («Габала»), Эльвин Мамедов («Зире»), Рахман Гаджиев, Араз Абдуллаев (екеуі де– «Нефтчи»), Мурад Саттарлы (АЗАЛ), Агабала Рамазанов («Сумгайыт»);
шабуылшылар – Руслан Гурбанов («Нефтчи»), Намик Алескеров («Кяпаз»).

Ескерте кетейік, Әзірбайжан құрамасы Түркиядағы жаттығу жиынын бүгін бастады.

Вайсс негізінен Грузияның шет елдердегі шеберлерін жинады

Қазақстан құрамасы екінші жолдастық кездесуін 29 наурыз күні, Тбилисиде жергілікті Грузия футболшыларымен өткізеді.

Грузия құрамасына жақында ғана бас бапкер болып бекітілген Владимир Вайсс осы елдегі өзінің алғашқы сынына төмендегі футболшыларды шақырыпты:

қақпашылар – Георгий Лория ("Крылья Советов", Ресей), Нукри Ревишвили ("Мордовия", Ресей), Роин Квасхвадзе ("Торпедо", Кутаиси);
қорғаушылар – Гурам Кашия ("Витесс", Голландия), Соломон Квирквелия ("Рубин", Ресей), Георгий Наваловски ("СКА-Энергия", Ресей), Александр Амисулашвили ("Динамо", Тбилиси), Уча Лобжанидзе ("Динамо", Тбилиси);
жартылай қорғаушылар – Джаба Канкава ("Реймс", Франция), Георгий Чантурия ("Дуйсбург", Германия), Александр Кобахидзе ("Днепр", Украина), Жано Ананидзе ("Спартак", Мәскеу, Ресей), Валерий Казаишвили ("Витесс", Голландия), Леван Кения ("Славия", Чехия), Ника Дзаламидзе ("Чайкур Ризеспор", Түркия), Торнике Окриашвили ("Эскишехирспор", Түркия), Ника Квеквескири ("Интер", Әзірбайжан);
шабуылшылар – Леван Мчедлидзе ("Эмполи", Италия), Матэ Вацадзе ("Орхус", Дания), Георгий Квилитая ("Динамо", Тбилиси).

Бұларға екі-үш күннен кейін Грузия U-21 құрамасының бірнеше қосылатын сияқты. Осы ретте айта кетейік, Грузия жастары 23 наурыз күні Сан-Мариноның өздерімен жасты футболшыларымен кездесуі керек. Осы матчтан кейін Лаша Двали («Пяст», Польша) және Гиорги Абуржания («Гимнастик», Испания) сынды таланттар В.Вайсстың қарамағына келулері керек секілді.

Қазақстанда Нөсербаевтың орнына Щеткин шақыртылды

Осы екі кездесуге Қазақстан құрамасы да дайындала бастады. Әу бастағы бекітілген жоспар бойынша, бүгін Қазақстан ұлттық құрамасы Алматының іргесіндегі «Талғар» базасында жиналуы керек болатын. Содан соң жыл сайынғы, көктемгі оқу-жаттығу жиынын өткізу үшін Түркияға жол тартады.

Соңғы ақпараттарға сүйенсек, ұлттық құрама сапында аздаған өзгеріс те бар көрінеді. Мысалы, жарақатына байланысты ел чемпионатының екінші турында алаңға шықпаған Таңат Нөсербаевтың орнына қосалқы тізімдегі Алексей Щеткин шақыртылыпты. Бір қызығы, екеуі де – «Астана» клубының шабуылшылары.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құраманың алдағы оқу-жаттығу жиыны мен жолдастық кездесулерінде жетекшілік ететін бапкерлер құрамын осыдан он күн бұрын ғана жариялаған болатын.

Атап айтар болсақ, Әзірбайжан және Грузия футболшыларымен өтетін жолдастық кездесулерге Қазақстан ұлттық құрамасын Талғат Байсуфинов, Нүркен Мазбаев, Юрий Новиков және Андрей Феропонтов сынды өз мамандарымыз дайындайды.

Тізімге қайта оралу