|   |   |  Красножанға миллиондаған доллар беріп, Вайссқа 20 мыңды қимадық па...

Красножанға миллиондаған доллар беріп, Вайссқа 20 мыңды қимадық па...

Красножанға миллиондаған доллар беріп, Вайссқа 20 мыңды қимадық па...
Фото jako.fm сайтынан

Кеше Словакия маманы Владимир Вайсстың Грузия құрамасына бас бапкер болып бекітілгендігі мәлім болды. Әрі оның жалақысы да ашық жарияланды.

Вайсстың жалақысы – айына 20 мың доллар

Грузия футбол федерациясы Қазақстан жанкүйерлеріне мейілінше таныс Владимир Вайсспен келісімге келіпті. Осы елдегі JAKO спорттық радио таратқан мәліметтерге жүгінсек, Словакияның сыралғы маманы айына 20 мың доллар жалақы алады екен. Келісім-шарт мерзімі – 2 жыл. Екі жылдағы Вайсстың барлық жалақысы 480 мың доллар болады екен.

Бірақ Вайсстың жалақысы бұдан да көп болуы мүмкін. Ал бұл бапкердің өзіне байланысты. Егер словак маманы өзіне жүктелген міндетті орындап, алдына қойылған мақсатқа қол жеткізсе, еңбекақысы да өседі. Мақсаты – алдағы әлем чемпионатының електік додасындағы «D» тобында үшінші орынға ие болу.

Егер «D» тобында Сербия, Ирландия, Австрия, Уэльс, Молдова құрамаларымен додаға түсетін Грузия футболшылары үшінші орынға ие болса, Вайссқа бонустық сыйақылар төленеді екен. Алайда Грузия футбол федерациясының президенті Леван Кобиашвили бонустық жүйенің қыр-сырын ашып айтпаған. Бірақ тым аз сома емес екендігін меңзеген.

Қазақстан құрамасы әлі бас бапкерсіз

Өздеріңіз білесіздер, ал Қазақстан ұлттық құрамасы – әлі бас бапкерсіз. Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов жыл басында «ұлттық құраманың бас бапкері қаңтар айының аяғына дейін бекітіледі» деген. Алайда, міне, наурыз ортан беліне жетті, бас бапкер әлі бекітілген жоқ.

Рас, осыдан бірнеше күн бұрын ғана ұлттық құраманың алдағы оқу-жаттығу жиыны мен екі жолдастық кездесуіне футболшыларымызды дайындайтын отандық бапкерлер құрамы жарияланды. Бірақ олар уақытша ғана жетекшілік ететін сияқты.

Егер алдағы екі жолдастық кездесуде де жеңіске жетіп, өздеріне берілген мүмкіндікті пайдаланып, әлеуеттері мен қабілеттерін көрсете білсе, реғсми түрде бекітілер де. Оны уақыт көрсетер...

Біздің айтпағымыз, жыл басынан бері отандық басылымдарда жарияланған ақпаратттарға сенсек, Владимир Вайсс та Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкеріне кандидат маманның бірі болған.

Мұны естігенде, қуанып та қалғанбыз. Себебі Вайсс үш жылдан астам қазақ футболында еңбек етіп, «Қайрат» клубының бас бапкері болды. Үш жылдың ішінде біздің футболымызды, оның өзіндік ерекшеліктері мен өзгешеліктерін мейілінше түсініп, меңгеріп те қалған еді.

Вайсстың бір артықшылығы, ол – клубтык деңгейде ғана емес, ұлттық құрама деңгейіндегі додаларда да жоғары жетістікке қол жеткізген білікті бапкер. Құрама командамен де жұмыс жасай алатын тәжірибелі маман.

Красножанға қанша миллион беріп едік?..

Өткен жылдың аяғында сол уақытқа дейін Қазақстан ұлттық құрамасын жаттықтырып келген Ресей маманы Юрий Красножан келісім-шартының мерзімі аяқталып, еліне қайтқан.

Красножан еліне кеткен соң, біздің елдегі басылымдарда Ресей маманының екі жылдың ішінде, Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері ретінде 5,4 миллион доллардай жалақы алғаны жөнінде ақпараттар жарық көрді. Отандық басылымдарда, атап айтқанда, «Караван» газетінде жарияланған мәліметтерге сенсек, Красножан жылына 2 миллион 700 мың доллар жалақы алып отырған. Айына – 225 мың доллар!

Рас, кезінде Ресей маманы соңғы жылы «жалақысын уақытында ала алмай жүр» деген де ақпарат тараған. Мәселе, бұрынғы бас бапкер ақшасының бәрін алды ма, жоқ па, онда емес. Бұл жерде біздің айтпағымыз, қазақ футболын жақсы білетін одан да білікті бапкермен тіл табыса алмағандаймыз. Өкінішті...

Осы ретте айта кетейік, былтыр Қазақстан премьер-лигасындағы екінші алтылықта ойнаған кейбір клубтардың бас бапкері айына 20 мың доллар алған. Енді өздеріңіз де пайымдай беріңіздер...

Айтпақшы, 29 наурыз күні Қазақстан ұлттық құрамасы Тбилисиде Владимир Вайсс баптайтын Грузия футболшыларымен жолдастық кездесу өткізеді. Сол күні бармағымызды тістеп қалмай ма екенбіз...

Тізімге қайта оралу