|   |   |  Дағдарыс, отандық бапкерлерге берілген бақ «жарыс»

Дағдарыс, отандық бапкерлерге берілген бақ «жарыс»

Дағдарыс, отандық бапкерлерге берілген бақ «жарыс»
Отандық бапкер - Серік Әбдуілиев. Фото com-cup.com сайтынан

Еліміздің жастар құрамасы да, жасөспірімдер санатындағы үш ұжым да жергілікті мамандарға сеніп тапсырылып отыр. Бұған елдегі экономикалық дағдарыс та «кесірін» тигізген болар. Десек те, Қазақстан футбол федерациясының осы шешімдеріне риза болдық

Футболдан еліміздің жастар және жасөспірімдер арасындағы құрамаларын қазір отандық мамандар баптайды. Биылдан бастап жас жеткіншектерімізді өз жаттықтырушыларымыз шыңдайтын болды.

Негізі, 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасының тізгіні Ойрат Садуовқа 2015 жылдың наурыз айында ұстатылған. Ал сәуір айында (бұл да өткен жылы) Василий Маруняк 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасына аға жаттықтырушы болып бекітілді. Жақында тағы да екі жағымды жаңалықты естіп, бөркімізді аспанға аттық.

2015 жыл тарих қойнауына енетін күні, яғни 31 желтоқсанда 17 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасын Александр Кузнецовтың жаттықтыратыны жарияланды. Іле-шала, 2016 жылдың бірінші күні, 1 қаңтарда, еліміздің жастар құрамасына Серік Әбдуәлиев аға жаттықтырушы болып тағайындалды.

Міне, осылай жас таланттарымызды шыңдайтын төрт құрамаға да отандық бапкерлер бекітілді. Жергілікті мамандарға сенім артылды. Мақтаулы Карлес Марторелл Бакес пен Саулюс Ширмялис қызметерінен босатылды.

Жалпы, ел футболының ішкі-сыртқы сыры мен саясатын жақсы білетін жергілікті мамандарға сенім артылғандығы дұрыс деп ойлаймыз. Мәселен, 19 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасына тоқталып өтейік. Жақында бұл құрама Ойрат Садуовтың жетекшілік етуімен Гранаткин мемориалына қатысты. Дәстүрлі дода қорытындысында 10-орынға ие болды. Ал 2013 жылы Ресей маманы Михаил Соловьевке үміт артып, 16-орынға табан тірегенбіз.

Бұл «ескерусіз жүрген өз мамандарымыз шет елден қыруар қаржыға шақыртып алатын ортаңқол бапкерлерден асып түспесе, кем емес» деп, бірнеше жыл бойы «қақсап» жүрген кейбір отандық журналистер мен аяқдоп ардагерлерінің пікірлері мен пәлсапаларына саяды...

Осылай, еліміздің жастар құрамасы да, жасөспірімдер санатындағы үш ұжым да жергілікті мамандарға сеніп тапсырылып отыр. Бұған елдегі экономикалық дағдарыс та «кесірін» тигізген болар. Десек те, Қазақстан футбол федерациясының осы шешімдеріне риза болдық.

Енді Серік Әбдуәлиев те, Ойрат Садуов та, Александр Кузнецов та, Василий Маруняк та сенім үдесінен шықса екен дейміз. Отандық мамандардың біліктіліктеріне селкеу түсірмей, өздеріне артылған сенімді ақтап шығуларына тілектеспіз. Мысалы, Сергей Тагиев (Қазақстан U-19) сияқты жас таланттарымызды түлете алмаса, бұл бапкерлеріміздің өздеріне – сын.

Әйтпесе, біздің елде ескерусіз жүрген, әлеуеттері зор бапкерлер көп қой. Солардың ішінен осы мамандар таңдалып алыныпты. Енді жоғарыдағы төрт бапкер де өздеріне артылған жауапкершілік жүгі зор екендігін түсінулері керек. Өйткені олар өз шәкірттерімен ел намысын қорғаумен қатар, отандық бапкерлер мектебінің деңгейі қандай екендігін паш етуге тиісті...

Тізімге қайта оралу