|   |   |  Қаңтардың 176-сы. Ұлттық құрамамыздың бас бапкері тағайындалды

Қаңтардың 176-сы. Ұлттық құрамамыздың бас бапкері тағайындалды

Қаңтардың 176-сы. Ұлттық құрамамыздың бас бапкері тағайындалды
Талғат Байсуфинов

Бүгін елордада Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері тағайындалды. Өткен жылдың соңынан бері бос қалған қызметке алты айдан астам уақыт салып, отандық маман Талғат Байсуфинов келді.

Ұлттық құрама тарихындағы 13-ші бапкерге Нүркен Мазбаев, Андрей Ферапонтов және Юрий Новиков көмектесетін болады. Бапкерлер алқасы ұлттық құраманы 2018 жылы Ресейде өтетін әлем чемпионатына дайындайтын болады. Қарсыластарымыз – Румыния, Дания, Польша, Монтенегро және Армения құрамалары.

Естеріңізге сала кетейік, ұлттық құрама өткен жылдың желтоқсан айынан бері бас бапкерсіз келеді. Осы аралықта бас командамыз үш жолдастық кездесуін өткізіп, үшеуінде де футболшыларды бас бапкердің міндетін атқарушы ретінде Талғат Байсуфинов жаттықтырды. Алдымен Анталияда Әзірбайжан құрамасын 1:0 есебімен ұтса, одан кейін Тбилисиде Грузиямен тең түскен. Ал соңғы жолдастық матчта Далянда Қытайды 1:0 есебімен қапы қалдырды.

Осы орайда айта кетейік, Қазақстан футбол федерациясының Президенті Ерлан Қожағапанов «ұлттық құраманың бас бапкері қаңтардың 31-іне дейін тағайындаймыз» деген болатын. Бірақ қай жылы екендігін айтпаған. Ал, бәлкім, оның күнтізбесінде әлі де қаңтар айы шығар. Олай болса, бүгін 176 қаңтар – ұлттық құрамамызға бас бапкер бекітілген күн.

Байсуфинов Талғат Маруанұлы – 1968 жылдың 4 қыркүйегінде дүниеге келген. Павлодардың «Ертіс» («Трактор», «Аңсат») футбол клубында, сондай-ақ, «Еңбек» (Жаезқазған), «Екібастұз», «Металлург» (Ермак), «Жетісу» (Талдықорған), Маңғыстау (Ақтау), «Восток» (Өскемен) командаларында өнер көрсеткен. Алаңда жартылай қорғаушы болған Байсуфинов Қазақстанның жоғарғы чемпионатында барлығы 165 матч өткізіп, 23 гол соққан. 1992 жылдың 1 маусымында ұлттық құрама сапындағы алғашқы кездесуін өткізіп, Түркмения құрамасына қарсы алаңға шыққан. 2003 жылдан бастап жаттықтырушылық карьерасын қолға алған Талғат Маруанұлы алдымен Петропавлдың «Есіл-Богатырь» клубында бапкерлер алқасына кірген. Кейін Павлодардың «Ақсу» командасын бір жыл жаттықтырып, 2008 жылдан бастап 2014 жылдың соңына дейін «Ертіс» футбол клубында бас бапкер болған. Соңғы екі маусымда Оралдың «Ақжайығында» бас бапкерлік тізгінді қолында ұстаған Талғат Маруанұлы 17 турдан кейін қызметінен кету туралы өтініш жазды. Енді міне, ұлттық құрамаға бас бапкер болып тағайындалып отыр.

Талғат Маруанұлына аса жауапты қызметте табыс, сәттілік тілеп, алдағы  іріктеу додасында ұлттық құрамамыз жарқын ойын үлгісін көрсетеді деп сенеміз. 

Тізімге қайта оралу

Ұқсас мақалалар: