|   |   |  Кіріптарлық па немесе Қонысбаевтың шығынын кім төлейді?

Кіріптарлық па немесе Қонысбаевтың шығынын кім төлейді?

Кіріптарлық па немесе Қонысбаевтың шығынын кім төлейді?
Ұлан үшін ұмтылғандар. Фото: sina.com.cn

Ерлан Қожағапанов кеше аяғын сындырып алған Ұлан Қонысбаевтың емдеу мен елге жеткізу шығындарын Қазақстан футбол федерациясы өз мойнына алатындығын мәлімдеді.

ҚФФ президентінің мәлімдемесі  

Қытай және Қазақстан ұлттық құрамалары арасындағы жолдастық кездесуде жартылай қорғаушымыз Ұлан Қонысбаев аяғын сындырып алған болатын. Көп ұзамай, түн ортасына қарай Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов арнайы мәлімдеме жасады.

Онда федерация басшысы Далянь қаласының мэрімен бірге Ұлан жатқан ауруханаға барғанын, ол Қытайдың штаттағы ұлттық құрамаларының госпитальі екенін баяндады. Білікті мамандардың ота жасайтындығын да тілге тиек етті.

Әрі жаны қиналып жатса да, ойынның қалай аяқталғандығын сұрап, ұлттық құраманың жеңісіне қуанып қалғандығын хабарлады. Өз кезегінде, осындай Батыр ұл тәрбиелеген ата-анасына алғыс білдірді.

Сонымен қатар, Ұланды емдеуге жұмсалатын және дәрігерлер рұқсат бергенде елге жеткізуге қажетті шығындардың бәрін Қазақстан футбол федерациясы өз мойнына алатындығын өз аузымен айтты.

«Барыс» Калининнің тамағын да жасап берген...

Былтыр Құрлықтық хоккей лигасындағы плей-офф додасының алғашқы сатысында «Барыс» Омбының «Авангардымен» кездескен болатын. Жеті матчқа созылған тартысты доданың алтыншысында Сергей Калинин де ауыр жарақат алып қалған болатын.

«Барыстың» қорғаушысы оған күш-айла қолданып, мұзайдын жақтауына итеріп қалып, «Авангардтың» капитаны және Ресей құрамасының ойыншысы басындағы дулығасы ұшып кетіп, шалқасынан түскен болатын. Жылтыраған мұз үстіне қарақұсымен құлап, миы шайқалған-ды.

Содан Ресей хоккейшісі Астанадағы Жарақат және ортопедия ғылыми-зерттеу институтына жеткізіліп, біраз күн сонда емделген. Естуімізше, сол кезде Калинині шығындарының көбісін «Барыс» өз мойнына алған. Тіпті оны бір орындық палатаға ауыстырып, тамағын да Астана клубының аспазшылары дайындап беріп отырғандығы жарияланған.

Көп ұзамай Калининнің анасы мен әжесі «Барыстың» чартерлік ұшағымен Астанаға келген. Оларға Қазақстан клубы өз базасынан орын беретіндігі де жазылған-ды.

Қытай Қонысбаевқа ешқандай көмек көрсетпей ме?  

Кешеден бері Қытай тарапының Қонысбаевқа қандай да бір көмек көрсететіндігі жайлы ешқандай ақпарат естіген де, оқыған да жоқпыз. Бетін аулақ қылсын, егер осы кездесу Қазақстанда өтіп, Қытайдың бір футболшысы аяғын сындырып алса, қалай болар еді?..

Онда «Барыс» хоккей клубы сияқты жарақаттанып қалған ойыншыға қолымыздан келген көмегімізді көрсетіп, бәйек болып жатар да ма едік? Ал Қытай тарапы Қонысбаев матч барысындағы ойын сәтінде жарақат алып қалды, «тосын жағдай» деп бағалады да, қойды...

Сонда қалай, елдің бәрі қазақтай ақкөңіл, қонақжай, қайырымды және мейірімді емес пе? Әлде біздікі кіріптарлық па? Жоқ, қазақы даңғойлық дейсіз бе?

Қытайдан ешбір көмек болмайтын сияқты. Енді Қазақстан футбол федерациясының президенті сөзінде тұрып, Ұланның елге жеткенше барлық шығыны төленсе, жақсы болар еді, әрине. Ал егер тағы да прокуратурамен үркітіп, Қонысбаев қатарға қосылғанынша «Атырау» клубы жалақысын толық төлейтіндей етіп, бұл мәселені одан әрі де шешіп берсе, мүлде қатып кетер еді!

Тізімге қайта оралу