|   |   |  Жыры көп кездесу мен мұңы көп жеңіс

Жыры көп кездесу мен мұңы көп жеңіс

Жыры көп кездесу мен мұңы көп жеңіс
Қытай – Қазақстан кездесуі. Фото: sina.com.cn

Кеше Қазақстан ұлттық құрамасы Қытай футболшыларын тізе бүктірді. Бірақ бұл жеңістің бағасы тым қымбатқа түсті...

Саяси астары "жоқ" жолдастық кездесу

Негізі, спорттың саясатқа еш қатысы жоқ. Спорт – достықтың, бірліктің, татулықтың кепілі. Мұның бәрі мектеп қабырғасында-ақ санамызға құйылған. Десек те, Қазақстан – Қытай кездесуінде саясаттың астыртын табы болғандай да. Саясат нышаны болмаса да, мүдделер қақтығысының куәсі болдық.

Бұл кездесу ұлтық құраманың маусым басындағы жылдық жоспарында болмаған. Аяқасты келісім болды. Бұл кездесудің өткізудің өзі дау-дамайға ұласып, еліміздегі Кәсіпқой футбол лигасы президентінің отставкаға кетуімен тәмамдалған.

Әрі Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов «мен ұлттық құраманың мүддесі үшін, бәрін де ысырып қойып, лигаға қысым көрсеттім, федерация президенті ретінде тура осылай істеуге мәжбүр болдым» деп, өте сенімді түрде әрекет еткен болатын.

Ерлан Қожағапановтың осындай аса сенімді әректтерінен соң «бұл кездесудің өтуіне ҚФФ басшысын да жоғарылар мүдделі болмаса етті» деп іштей тынғанбыз...

Содан соң... Отандық федерация президенті «барлық шығынды, тіпті бұл матчтың Қазақстанға теледидар арқылы көрсетілуін де Қытай өз мойнына алады» десе де, осы жолдастық кездесуге арналып шығарылған жарқағазда (афишада) тікелей көрсетілімнің демеушісі Цеснабанк деп жазылды.

Енді бір "қызығы", матч басталмай жатып, қазақстандық басылымдарда бұл матчқа «басында 47 мың, сәл кейінірек 40 мың билет сатылды» деп жарияланды. Ал Қытай басылымдары Далянь стадионына 30-35 мың көрермен келгенін мәлімдеген.

Ауызекі тілмен айтқанда, кешегі жолдастық кездесу осындай екі түрлі деректермен жарнамаланған ойын да болды. Не үшін? Түсініксіз.

Ал мүдделер қақтығысы дейтін себебіміз, бұл ойынға «Қайрат» футбол клубы өз ойыншыларын жібрген жоқ. Иә, жіберген жоқ, әйтпесе Бауыржан Исламхан бастаған «қайраттықтар» өз еріктеріне салса, міндетті түрде құрама сапына барар еді ғой.

Іле-шала Ерлан Қожағапанов «Қайрат» былтыр чемпион бола алмай қалып, клуб қожайыны Қайрат Боранбаев бәріне Қазақстан футбол федерацисын кінәлап отыр деген мағынада сұхбат берді...         

Футбол додасы емес, жасыл алаңдағы шайқас

Жасыл алаңдағы ойынға келсек, бұл жай ғана ойын емес, қиян-кескі дүлей дода болды. Әу баста Қытай құрамасының ойыншылары айылдарын жимай, аяқтарын тартпай, табан тіресе тайталасты. Баз-базында тіпті дөрекі ойнап, ойын ережесін бұзды да.

Осындай сәттердің бірінде алаңдағы жігіттеріміздің бірі ауыр жарақат алды. Ұ.Қонысбаев секіріп келіп, допты басымен қағып жібергенде, Қытайдың №10 футболшысы алдын орап кеткен жартылай қорғаушымызға соқтығып... Ұлан тепе-теңдігін жоғалтып алып құлады. Қырсық шалғанда, аяғы сынды.

Таңат Нөсербаев бастаған жігіттеріміз тұра ұмтылды. Бірақ жасыл алаң төбелесетін жер емес. Бәрі де өздерін ұстауға тырысты. Бұдан кейін біздің жігіттер де қаймықпай ойнай алатындықтарын көрсетті. Жанкештілік танытып, тайтаң қаққан Қытай футболшыларын сабаларына түсірді.

Әрі осы бір келеңсіз жәйт Қазақстан футболшыларының тістеніп, тұтас ұжымға, біріккен күшке айналдырып жібергендей болды. Олар Қытайды өз жанкүйерлері алдында тізерлетіп, Отан үшін және Ұлан үшін шайқасып, жеңіске жетті.

Бұл жеңіс Ұланның жарақатының есесін қайтара ала ма, жоқ па? Оны мен кесіп айта алмаймын. Бірақ әлеуметтік желілерде бұл жеңісті жақсылыққа жорып жатқан жанкүйерлер аз емес. Тіпті бұл жеңісті саясатпен сабақтап жатқандары да бар...

Футбол спорттық өнер болып қала берсе...

Сонымен, боладысы дау-дамаймен басталған, құраманың Қытайға аттануы егес-керіске ұласқан, жасыл алаңдағы додасы қиян-кескі «шайқасқа» пара-пар болған жолдастық кездесу де аяқталды.

Пайдасы мен зияны да болғандай. Бірақ оны дәл қазір таразылап, жағдайды одан әрі ушықтыра түскіміз келмейді. Тек Ұлан бауырымыз қатарға тез қосылып, жарақатынан құлан таза айығып кетсе екен деп тілейміз.

Ал Қазақстан футбол федерациясының басшыларына шынымен де, жолдастық кездесулер тізбесін жыл басында бекітіп алған дұрыс сияқты. Әрі саясатқа үш қайнаса да сорпасы қосылмайтын жолдастық кездесулер керек-ақ. Әйтпесе, бүйректен сирақ шығарғысы келетіндердің кешегіндей матчтардан ілік іздеп, түймедейді түйедей етіп жар салулары да мүмкін сияқты.

Біз футбол алаңындағы ойындырдың, әсіресе жолдастық кездесулердің жасыл алаңдағы шайқасқа айналмай, табан тірескен тартысты дүлей дода болып қала бергенін қалаймыз. Футболды өнер деп түсінеміз...

Қазақ «бірлік түбі – тірлік» дейді. Бірлік бар жерде береке де болады. Ал береке-бірлігі жоқ іс осылай ырың-жырың болумен аяқталды. Кешегі жеңісімізге бөркімізді аспанға атып, қуана да алмадық. Көңілге қаяу түсіп, кеудеде бір құса қалғандай...

Тізімге қайта оралу