|   |   |  Қазақстан – Қытай. Тағдыры ұқсас бапкерлердің тартысы

Қазақстан – Қытай. Тағдыры ұқсас бапкерлердің тартысы

Қазақстан – Қытай. Тағдыры ұқсас бапкерлердің тартысы
Талғат Байсуфинов пен Гао Хунбо

Бүгін Қазақстан ұлттық құрамасы Далянда Қытаймен жолдастық кездесу өткізбек. Бұл матч екі команданың да бас бапкерлері үшін шешуші болмақ. Неліктен дейсіз ғой?..

Жалпы, Қытай құрамасының дәл қазіргі мақсаты – 2018 жылғы әлем чемпионатына жолдама алу. Бүгінге дейін жеңілмегеніне бес ойын болды. Соңғы рет оларды өткен жылдың қазан айында Катар құрамасы сүріндірген. Артынша Бутан құрамасының қақпасына жауапсыз 12 гол соққанымен Гонг-Конгпен тең түсіп қалып, жағдайын біраз қиындатып алды. Әлем чемпионатының екінші іріктеу кезеңінде алдарына Катар мен Гонг-Конгты жіберіп алды да, өз тобында үшінші орынға түсіп қалды.

Сөйтіп, Қытай футбол қауымдастығының шешімімен сол кезде команданы жаттықтырған франциялық маман Аллен Перес қызметінен босады. «Глобал Таймс» газеті таратқан ақпаратқа сүйенсек, сол кезде бас бапкерлікке 12 елден 45 жаттықтырушы үміткер болыпты. 

Бірақ, жергілікті футбол басшылары біз секілді өз маманына үміт артып, 50 жастағы Гао Хунбоны таңдап алған. Дегенмен, бұл маман да Талғат Байсуфинов секілді әлі толық бекітілген жоқ. Бүгінде Қытай футбол қауымдастығы бас командасын алға жетелеуге қабілетті, беделі зор маманды сырттан іздеп жүр. Олардың арасында бразилиялық Луис Фелиппе Сколари сынды сайыпқыран да бар. Ал Хунбоға тізгін уақытша берілген деседі.

Бұған дейін де әр жылдары екі рет Қытай ұлттық құрамасын жаттықтырған Гао Хунбоны Қытай футбол басшылығы Голландияның «Адо ден Хааг» клубында жұмыс істеп жүрген жерінен шақыртып алыпты. Алайда Байсуфинов секілді ол да өзіне берілген екі ойында біліктілігін дәлелдеп үлгерді. 

Әу баста екі ойынға көмекке келген ол құраманы тек Мальдивы және Катар құрамаларына қарсы кездесулерге ғана дайындауы керек болатын. Екі ойынды да жеңіп, өз тобында екінші орынмен Әлем чемпионаты іріктеу додасының үшінші кезеңіне жолдама алғаннан кейін Гао Хунбоға алдағы ойындарды сеніп тапсырды.

Өткен аптада Тринидад және Тобаго құрамасын 4:2 есебімен тізерлеткен болса, енді бүгін Қазақстан футболшыларын жеңуге тырысады. Одан кейін оларды қыркүйек айында Оңтүстік Корея және Иран құрамалары күтіп тұр.

Демек, егер бүгінгі ойында қытайлықтар өздеріне қажетті нәтижеге қол жеткізе алса, онда Гао Хунбо құраманы жаттықтыруын одан әрі жалғастыра беруі әбден мүмкін.

Иә, Қазақстан ұлттық құрамасының уақытша бас бапкері Талғат Байсуфиновтің қазіргі тағдыры да Гао Хунбоға ұқсас. Оның да бас командада қалу-қалмауы көп жағдайда осы ойынға байланысты болатын секілді. 

Тізімге қайта оралу