|   |   |  Ұлттық құрамаға бас бапкер қашан бекітіледі?

Ұлттық құрамаға бас бапкер қашан бекітіледі?

Ұлттық құрамаға бас бапкер қашан бекітіледі?
Талғат Байсуфинов. Фото: "Ақжайық" клубының әлеуметтік желідегі ресми парақшасынан

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы – әлі бас бапкерсіз. Ал қыркүйекте 2018 жылғы әлем чемпионатының електік додасындағы алғашқы ойынын өткізуі керек.

Жыл басында Қазақстан футбол федерациясының президенті ұлттық құраманың бас бапкері қаңтар айының аяғына дейін бекітіледі деген еді. Бірақ қаңтар тұрмақ, қыс көбесі сөгіліп, мамыражай май айы да аяқталуға айналды. Ұлттық құрамамыз әлі бас бапкерсіз...

Әйтсе де, содан бері екі жолдастық кездесу өткізіп үлгердік. Нақтырақ айтқанда, 26 наурыз күні Түркияда Әзірбайжан құрамасымен кездесіп, 1:0 есебімен жеңіске жеттік. Ал 29 наурызда Тбилисиде Грузия футболшыларымен тең түстік (Есеп – 1:1).

Осы екі матчта және аталған жолдастық кездесулер қарсаңындағы оқу-жаттығу жиынында еліміздің ұлттық құрамасын Талғат Байсуфинов, Нүркен Мазбаев, Юрий Новиков және Андрей Феропонтов сынды өз мамандарымыз жаттықтырды.

Енді, 7 маусым күні үшінші рет жолдастық кездесу өткізгелі отырмыз. Бұл жолы да ұлттық құрамына Қытай футболшыларымен Даляньда өтетін ойынға Талғат Байсуфинов бастаған өз бапкерлеріміз дайындайды екен.

Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құраманың бас бапкерін не шет елден әкеліп тағайындамады, не болмаса бұл қызметке Байсуфиновты бекітпеді. Әйтеуір бір жағына шығар емес. Нақты шешім қабылдап, бір тоқтамға келер емес. Бес айға жуық уақыт өтті, ҚФФ әлі бас бапкер іздеу мен ойлану үстінде сияқты.

Ал 4 қыркүйек күні Қазақстан ұлттық құрамасы 2018 жылғы әлем чемпионатының електік додасы аясындағы алғашқы ойынын өткізуі керек. Өз алаңымызда Польша футболшыларын қабылдайтын боламыз. Осы матчқа кемі бір апта дайындалып, оқу-жаттығу жиынын өткізуді ескерсек, ресми матчқа үш-ақ ай уақыт қалды.

Егер бас бапкер шет елден шақыртылса, ол маман қазақ футболының қыр-сырына қашан қанығып үлгереді. Ел біріншілігінің ойындарын өз көзімен тамашалап, ойыншыларымызбен таныспай ма? Қай футболшымыздың қалай ойнайтындығын іс жүзінде көрмей ме? Әлде уақыт тақағанда келіп, федерация жинап берген ойыншылармен ғана жұмыс жасайтын бола ма?!

Сөз соңында сіздердің назарларыңызға Қазақстан ұлттық құрамасының бұған дейінгі бас бапкерлері тізімін ұсынып отырмыз:

Қазақстан ұлттық құрамасының барлық бас бапкерлері

     бас бапкер                бас бапкерлік кезеңі

1. Бақтияр Байсейітов: 01.06.92 – 25.10.92

2. Бауыржан Баймұхамедов: 11.04.94 – 17.04.94

3. Серік Бердалин: 27.12.95 – 08.11.97

4. Сергей Гороховодацкий: 01.12.98 – 12.12.98

5. Ваит Талғаев: 20.03.00 – 07.10.00

6. Владимир Фомичев: 10.12.00 – 10.12.00

7. Вахид Масудов: 12.04.01 – 07.07.02

8. Леонид Пахомов (Ресей): 12.02.03 – 28.04.04

9. Сергей Тимофеев: 08.09.04 – 12.10.05

10. Арно Пайперс (Голландия): 14.02.06 – 10.09.08

11. Бернд Шторк (Германия): 11.10.08 – 12.10.10

12. Мирослав Беранек (Чехия): 09.02.11 – 15.10.13

13. Юрий Красножан (Ресей): 5.03.14 – 13.10.15

14. Талғат Байсуфинов: 11.03.16 – ?

Тізімге қайта оралу