Главная страница
 |   |   |  «Жетісу» мен «Қызыл-Жар» премьер-лигаға шықты

«Жетісу» мен «Қызыл-Жар» премьер-лигаға шықты

«Жетісу» мен «Қызыл-Жар» премьер-лигаға шықты
"Жетісу" мен "Қызыл-Жар"... Енді премьер-лигада кездеседі... Фото: fc-zhetisu.kz

Кеше Қазақстан чемпионатының Бірінші лигасында ХХІІ турдың ойындары өтіп, «Жетісу» мен «Қызыл-Жар» бес тур бұрын келесі жылы премьер-лигада өнер көрсетуіне құқығына қол жеткізді.

Талдықорғанның «Жетісуы» өз алаңында «Қыран» командасын 3:0 есебімен тізе бүктіріп, 20 ойыннан 52 ұпай жинап, өзгелерден қара үзіп кетті. Ал Петропавлдың «Қызыл-Жары» өз жанкүйерлері алдында «Мақтаарал» футболшыларымен тең түсіп (0:0), 42 ұпаймен екінші орынға жайғасты.

Үшінші орындағы «Қайрат А» ұжымының еншісінде – 34 ұпай. Бірақ бұл команданың премьер-лигаға шығуға құқы жоқ. 2017 жылғы Бірінші лиганың регламентіне сай үш команда жоғары топқа шыға алмайды. Олар – “Қайрат А”, “Шахтер-Болат” және “Байқоңыр” командалары. Себебі  бұл үшеуі “Қайрат”, “Шахтер” және “Қайсар” клубтарының құрылымдық жүйелеріне кіреді.

Дәл қазір бірінші лигада 5-орында тұрған «Мақтааралдың» 26 ұпайы ғана бар. Яғни бұл команда биылғы Бірінші лига додасы аяқталғанша, «Жетісу» мен «Қызыл-Жарды» енді қуып жете алмайды. Яғни Талдықорған және Петропавл жанкүйерлерін өз клубтарының премьер-лигаға оралуымен құттықтай беруге болады.

Осы ретте естеріңізге сала кетейік, «Жетісу» премьер-лигадан 2016 жылы, ал «Қызыл-Жар» 2009 жылы түсіп қалған. Енді қалталары көтерсе, қаржылай жағдайлары тұрақты болса, қайтадан ел чемпионатының ең жоғарғы тобында доп тебетін болады.

Сонымен қатар, биыл бірінші лигада 3-орынға ие болған клуб, бірақ “Қайрат А”, “Шахтер-Болат” және “Байқоңыр” командаларынан басқасы, премьер-лигада 10-орынға табан тіреген клубпен «өтпелі матчта» үшінші жолдаманы сарапқа салатын болады.


Тізімге қайта оралу