|   |   |  Гаузер, Тергеусізов, Мәдиев... ҚФФ-ның "қара тізімінде" тағы кімдер бар?

Гаузер, Тергеусізов, Мәдиев... ҚФФ-ның "қара тізімінде" тағы кімдер бар?

Гаузер, Тергеусізов, Мәдиев... ҚФФ-ның "қара тізімінде" тағы кімдер бар?
Александр Гаузер

Сонда Гаузер, Тергеусізов және Мәдиев екі айға аластатылатындай не жазып қойды? ҚФФ-ның "қара тізімінде" тағы кімдер бар?

Қазақстан Премьер-лигасының 2-туры аясындағы «Тараз» – «Ақтөбе» кездесуінде қызмет еткен төрешілер алқасы жазаға ұшырады. Атап айтсақ, Қазақстан футбол федерациясының Төрешілер және нұсқаушылар департаменті бас төреші Александр Гаузерді, ассистент Самат Тергеусізовті және матч инспекторы Қасымжан Мәдиевті мамыр айының соңына дейін чемпионат пен кубоктық ойындардан шеттетіп отыр. Бірақ, себебін түсіндірген жоқ. Шамасы өздерің тауып алыңдар деп отырған секілді. Ендеше анықтауға тырысайық.

Естеріңізге сала кетейік, қызылжарлық қазы төрелік еткен «Тараз» – «Ақтөбе» ойыны 19 наурыз күні өткен. Гаузерге қос қапталда алматылықтар Алексей Шабанов пен Самат Тергеусізов көмектессе, астаналық инспектор Қасымжан Мәдиевке төрешілердің жұмысына баға беру міндеті жүктелген болатын. Матч 1:1 есебімен тең аяқталды. Алдымен 11-минутта Самат Смақов пенальтиден қонақтарды алға шығарса, үзіліске таман Игорь Зенькович есепті теңестірген. Бұдан бөлек, 69-шы минутта «тараздық» Олег Недашковский алаңнан қуылып, алты ойыншыға ескерту қағазы көрсетілді. Оның төртеуі алаң иелерінің еншісінде.

Сонымен, ойынның трансляциясын екі қайтара қарап шығып, кейбір сәттерде бас төрешімен шешімдерімен шынымен де келіспейтінімді байқадым. Дегенмен, бұл пенальтиге қатысты емес. Ол жерде ойын ережесінің бұзылғанына күмәнім де жоқ. «Тараздық» қорғаушылар Бобир Давлатовты айқын шалды. Алаң иелерінің голы да мінсіз. Бауыржан Байтананың әуелете асырған әдемі пасынан кейін Зенькович голды ойын шеңберінде соқты. 69-шы минуттағы қақтығыстан да Гаузерді ақтап алуға әбден болады. Ойын ережесін бұзған Бағдат Қайыров «сары қағазын» алды. Ал оны баспен сүзіп құлатқан Олег Недашковский расымен де «қызыл қағазға» лайықты еді. Басқа ескерту қағаздарында бас төреші жаңылыспаған секілді. Тек 40-минутта «Тараз» қақпасына қарай соққы жасаған Никита Бочаровтың добы қақпашының қолына тимеген еді. Арбитр ол жерде қонақтардың пайдасына бұрыштама соққысын белгіледі. Міне, матчтың маңызды тұстарының қысқаша хронометражы осындай. Сонда Гаузер, Тергеусізов және Мәдиев екі айға аластатылатындай не жазып қойды?


Александр Гаузер Қазақстандағы ең даулы төреші

Әлбетте, біздің төрешіліктен хабарымыз Департамент директоры Едіген Юмашевтің білімімен салыстыруға келмес. Сондықтан, олардың бұл шешіміне қарсы шыға алмаймыз. Мүмкін бұл үштік қателессе, қателескен шығар. «Тараз» немесе «Ақтөбенің» пайдасына жаңылған болар. Бәлкім, олардан да кінәрат бар шығар. Дегенмен, жанкүйерлер, журналистер және мамандар арасында «бәлкім, мүмкін, шығар, болар» деген жел сөз тарамас үшін қай жерде қалай қателескендері жайлы Қазақстан футбол федерациясының ресми сайтында толық анықтама берулері керек еді ғой. Әлде, ҚФФ жұмбақтың жауабын жанкүйерлердің өздері тапсын дей ме?

Ал Александр Гаузердің төрешіліктен шеттетілуі бірінші рет емес, үшінші рет. Алғаш рет 2009 жылы да «Локомотив» – «Ақтөбе» матчында жаза басқан. Сол матчтан кейін ФИФА арбитрі бір айға алаңнан аластатылған болатын. Одан кейін былтыр Премьер-лиганың 5-туры аясында өткен «Қайсар» мен «Атырау» кездесуінде алаң иелерінің қақпасына пенальти бермей, жыл соңына дейін Премьер-лига ойындарында қызмет ету құқығынан айрылған. Тек Бірінші лига матчтарында ғана бой көрсетіп жүрді. Одан кейін Премьер-лигаға оралуы осы. Бірақ, қайыр болмады. Соған қарағанда Қазақстан футбол федерациясының «қара тізіміне» бұрыннан тұрған секілді.

Жалпы, ҚФФ басшысы Ерлан Қожағапанов қызметіне кіріскен бетте-ақ төрешілер мәселесін қолға алатынын айтқан. Тіпті, «көзге түскендерді түрмеге қамаймын, абақтыға жабамын, зынданға тастаймын» дегенге ұқсас сөздермен қорқытқан. Шамасы, уәдесін орындап жатқан сияқты. Бірақ, «айтып өлтірші» деген сөз бар ғой. «Мүмкін, бәлкім» дегізіп «бал аштыра» бермей, жазаның анықтамасын берсе екен деген тілек бар. Әйтпесе, жанкүйерлердің қиялы "Қожағапановтың қатты қаһарына ұшыраған Гаузер ҚФФ Президенті "оң қолының" командасы "Ақтөбені" жеңдіре алмағаны үшін шеттетілді" дегенге дейін барып жатыр. 

Ал sportsffa.kz порталы алдағы күндері бұл мәселеге қайта тоқталатын болады.    

Тізімге қайта оралу