|   |   |  Қазақстан клубтары Ресей ардагерлеріне "сауын сиыр" болған ба?

Қазақстан клубтары Ресей ардагерлеріне "сауын сиыр" болған ба?

Қазақстан клубтары Ресей ардагерлеріне "сауын сиыр" болған ба?
Фото fckairat.kz сайтынан

Ресей журналистері соңғы жылдары жолдары болмай өздерінің ардагерлеріне «Қазақстанға бармайсыз ба немесе барғыңыз келмей ма» деген тұрпайы сұрақтарын көлденең тартуды әдетке айналдырып алғандай...

Олар қайсыбір футболшыларына осындай сұрақ қойса болды, оны біздің орыс тілді отандық басылымдар дәл сол тұсын «қиып» алып, көшіріп басады. Мақтан ба, әлде басқадай астары бар ма, түсінбедім...

Аршавинің артынан көш келе ме, шұбырып...

«Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, бәрі де сол «Қайрат» футбол клубына Ресей маманы Александр Бородюктің бас бапкер болып бекітілгенінен бері басталды.

Ресей маманы «Қайраттың» тізгінін қолына алғаннан кейін, команда құрамындағы ойыншылардың әлеуеттерін байқаған соң, өзіне жақсы таныс отандасы Андрей Аршавинді тартты. Бұл қазақстандық жанкүйерлер арасында қызу талқыланып, әлеуметтік желілерде пікірталас өрбіді. Әртүрлі пікірлердің көбісі «асарын асап, жасарын жасап болған ардагер футболшының бізге қаншалықты қажеті бар» деген сауалға саятын-ды.

Қоғамдағы осындай байбалам әсер етті ме, әлде басқадай себептері болды ма, әйтеуір «Қайрат» клубының басшылары Аршавинмен келісімшартқа бірден қол қоймай, бірер күн созбалаңға салды. Әйтсе де, наурыз айы бел ортасынан ауғанда, өзара келісімге келгендері ресми түрде жарияланды. Әрі мамырдың аяғында 35-ке толатын Ресейдің ардагер футболшысының келісімшарты 1+1 жүйесімен бекітілгендігі де аян болды.

Осыдан бастап, «Ресейден тағы да бірнеше ардагер футболшының қазақ додасына келуі мүмкін» деген ақпараттар тарай бастады. Екі футболшының ат-жөндері нақты аталды да. Олар – Владимир Быстров пен Александр Кержаков. Екеуі де – Аршавин сияқты Ресей құрамасында ойнаған футболшылар.

"Қайрат" Петербор клубының колониясы бола ма?

Ресейлік басылымдар бастап, отандық порталдар қостап, Александр Бородюктің енді Быстров пен Кержаковты да «Қайрат» клубының сапында көргісі келетіндігін жарыса жаза бастады.

Ресейлік басылымдырдың қайсыбіреулері тіпті «Қайрат» сапында Украина футболшысы, кезінде «Зениттің» капитаны болған Анатолий Тимощуктің ойнап жүргендігіне біраз уақыт болғандығына да көңіл бөлді. «Яғни Алматы клубында Петербор колониясының пайда болуы мүмкін» деп те, айтып салды...

Ресей журналистері кеше тағы бір футболшыларын қазақ додасына жіберуді теріс көрмейтіндерін сездіргендей болды. Аршавиннің «Қайратқа» дейін саялаған командасында, яғни «Кубань» клубында жүрген Роман Павлюченкодан «Қазақстанға кетіп қалуыңыз мүмкін бе» деп сұраған. Ол күліп, «әзірше білмеймін, осы маусымды ”Кубань” сапында тәмамдауым керек» деп жауап беріпті...

Бұл не? «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деген мәтелдің кері ме? Әлде басқадай сұрақтың ретін таппаған журналистердің жай долбар-болжамдары ғана ма?

Қазақтың жас футболшыларынан Ресейдің ардагерлері артық па?

Александр Бородюктің БАҚ өкілдеріне арналған екі баспасөз жиынына қатыстым. Екеуі де Астанада өтті. Біріншісі – суперкубок додасы қарсаңында, екіншісі – «Оқжетпес» клубымен тең түскендегі ойыннан соң.

Ресей маманы екеуінде де «шеберлігі жоғары ойыншылар керек» деген сөзді аз айтқан жоқ. Өз қарамағындағы футболшылардың Көкше клубының қақпасына гол соға алмай, бірнеше ұрымтал сәттерді мүлт жіберіп қойғандығына қынжылатындығын да астарлап сездірді.

Бір қызығы, дәл осы командамен словак маманы Владимир Вайсс үш маусым жұмыс жасап, үшеуінде де жүлдеге ілікті. 2014 және 2015 жылдары Қазақстан чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері атанып, 2013 жылы қола жүлде иеленді. Екі мәрте ҚР кубогын жеңіп алды (2014 және 2015). Еурододаларда да делебемізді қоздырып, өрнекті ойын үлгісін көрсетті.

Ал Бородюк әзірше Қазақстан чемпионатында екі ойын ғана өткізіп, бір-ақ ұпай ерншіледі. Негізі, алғашқы екі турдағы қарсыластары да ортаңқол командалар еді. Осы екі ойында негізінен шетелдіктерге, атап айтқанда Исаэль, Гоу, Тимощук, Маркович, Соарес, Тесак, Бакаев, Риера сынды ойыншыларға сенім артатындығын сездірді.

Ал Вайсстың сүйікті ойыншысы Аслан Дарабаев алаңға бір ойында ғана, 17 минутқа шықты. Виталий Ли гол соқса да, екінші таймның аяғында ғана ойынға қосылып жүр. Исламбек Қуат бір ойында ғана негізгі құрамда шықты, бірақ оның өзін толық ойнаған жоқ. Рудосельский мен Вороговскийдің де жағдайлары осындай, бір ойында бірін-бірі алмастырды. Жамбыл Көкеев қосалқы құрам орындығынан да көрінбейді. Әлеуеттері зор деген қаншама ойыншыларымыз маусым аралығында «Қайратан» кетіп қалды...

Мақтаулы Сычев "Оқжетпеске" орныға алмай кеткен

Былтыр «Оқжетпес» клубына Ресейден тағы бір ардагер футболшы келген. Дмитрий Сычевтің де Қазақстан клубына келгенінен, келедісі біраз дастан-жыр іспетті болған.

Алайда Сычев Көкше клубының жарық жұлдызы болып кете алмады. Қазақстан премьер-лигасының 19 ойынына ғана қатысып, небәрі үш гол соққан болатын. Ал Көкше клубы былтыр Қазақстан премьер-лигасында 32 ойын өткізген болатын.

Қазір Сычев Әзірбайжанда жүрген көрінеді. Баку клубтарының бірімен екі ай, яғни осы елдегі биылғы мауымның аяғына дейін ойнауға келісіпті. Әрі ай сайын 5 000 долар жалақы алатындығы да жария болып отыр.

Тізімге қайта оралу