|   |   |  "Астанада" бір "бұзықты" бір "бұзық" алмастырды

"Астанада" бір "бұзықты" бір "бұзық" алмастырды

"Астанада" бір "бұзықты" бір "бұзық" алмастырды
Фото fca.kz сайтынан

Ел чемпионатындағы қысқа үзіліс кезінде «Астана» клубы құрамын жаңа ойыншымен толықтырды.

Қазақстан ұлттық құрамасы ФИФА күнтізбесіне сай жолдастық кездесулер өткізіп жатқанда, «Астана» футбол клубы құрамына жаңа ойыншы қабылдады. Нақтырақ айтқанда, құрамын Македонияның шабуылдаушы жартылай қорғаушысы Бесарт Абдурахимимен нығайтты.

Бірақ бұл футболшыны елорда клубы жалға алыпты. Негізі, Бельгияның «Локерен» клубының ойыншысы екен. Яғни барлық құқықтары осы клубқа тиеслі.

Бесарт Абдурахими Хорватияның Загреб қаласында дүниеге келген. «Загреб» клубында ойнап, тәжірибе жинақтаған. 2014 жылдан бері «Локерен» сапында өнер көрсетіпті.

Хорватия мен Бельгияда ғана емес, Израильге барып, «Хапоэль» (Тель-Авив) клубы сапында да 2013-2014 жылдары бір маусым доп тепкен. Өз сөзіне қарағанда, дәл осы клуб сапында былтыр «Астана» сапында өнер көрсеткен Бранко Иличпен бірге ойнаған.

31 шілде күні 26-ға толатын жартылай қорғаушы 2014 жылдан бастап, Македония құрамасы сапында 12 ойын өткізіп, бір гол соғыпты. Бірақ 2009-2012 жылдар аралығында Хорватияның 16-21 жасқа дейінгі жасөспірімдер және жастар арасындағы алты құрамасының сапында бірнеше ойын өткізген көрінеді.

Ғаламтордағы деректерге сенсек:

Хорватия U-16 – 9 ойын (1 гол), 2006 жыл

Хорватия U-17 – 5 ойын (1 гол), 2006 жыл

Хорватия U-18 – 4 ойын, 2008 жыл

Хорватия U-19 – 8 ойын (5 гол), 2008 жыл

Хорватия U-20 – 3 ойын (2 гол), 2006 жыл

Хорватия U-21 – 7 ойын, 2009-2012 жж.

Бір қызығы, тағы да сол Ғаламтордағы деректерге сенсек, Бесарт Абдурахими бақандай үш елдің азаматы сияқты. Хорватияда туған, ұлты – албан, алайда қазір Македония елінің намысын қорғайды.

2014 жылы ақпан айында Албания журналистері Бесарт Абдурахимиді өз елдерінің ұлттық құрамасы сапында көргілері келетіндіктерін жазған. Бірақ дәл осы жылдың 14 мамырында Македония құрамасы сапына шақыртылып, Камерун футболшыларымен өткен жолдастық кездесуде осы мемлекеттің намысын алғаш рет қорғаған.

Қазақстандағы кейбір басылымдар «елорда клубы Бесарт Абдурахимиді Бауыржан Жолшиевтің орнына алды» деп жазыпты. Ойын өрнегі жағынан Жолшиевтен асып түсе ма, жоқ па, білмейміз. Оны алдағы уақытта көре жатармыз.

Бірақ бір елде туып, екінші мемлекетің намысын қорғау жағынан, Бауыржаннан әлдеқайда асып түсіп отырған сияқты. Өйткені Жолшиев Қырғызстанда туғанымен, тек қазақ елінің намысын қорғады. Ал Бесарт болса, екі елдің әр түрлі құрамаларының сапындай ойнаған...

Тізімге қайта оралу