|   |   |  Шымкенттегі шым-шытырық және Теміртаудағы тең ойын

Шымкенттегі шым-шытырық және Теміртаудағы тең ойын

Шымкенттегі шым-шытырық және Теміртаудағы тең ойын
Фото fcordabasy.kz сайтынан

Бүгін футболдан Қазақстан премьер-лигасының екінші туры тәмамдалды. Шымкентте «Ордабасы» «Астана» клубынан ұтылып, Теміртауда «Шахтер» «Жетісумен» ұпай бөлісті.

Шымкенттегі «шайқас» шырқын кім бұзды

Шымкентте жергілікті «Ордабасы» футболшылары мен «Астана» клубы кездесті. Матч шектен тыс шиеленісті өтті.

Бірінші таймда екі команданың да жартылай қорғаушылары мен шабуылшылары тізе қоса қимылдап, ойын өте қызықты өтті. Алма-кезек шабуылдарда екі команданың да қорғанысы сыр беріп, тіпті тәжірибелі қорғаушыларының өздері жаза басты.

Әуелі «Ордабасы» клубының орталық қорғаушысы қонақтардың шабуылшысы Д.Деспотовичке басымен қақапаны дәл көздеуге мүмкіндік беріп қойды.

Көп ұзамай, Э.Юнузович таразы басын теңестіргенде, «Астана» клубының оң қапталдағы қорғаушылары сәл-пәл кеш қимылдап, «қолдарын мезгілінен кеш сермеді».

Табан тірескен дүлей доданың шырқын алаң иелерінің өздері бұзып алды. Оң қапталдағы қорғаушы А.Симчевич қонақтардың ойыншылары өзін қыспаққа алуға тырысқанда, допты өзінен алыстау тұрған қақпашысына қарай тепкен... Өкінішке қарай, Шымкент клубының қақпашысы дедек қаққан допты тоқтата алмай, «қара басып», жер тепті. Есеп – 1:2.

Осы бір өрескел қателік «Ордабасы» клубының қақпашысын ғана емес, қорғаушыларының да жүйкелеріне әсер етіп, олар бір минутқа жетер-жетпес уақыттың ішінде тағы да білгендерінен жаңылып, жаза басты. Есеп – 1:3.

Екінші таймда алаң иелері қамшыны басты. Шабуылды үдетті. Бірақ бес қорғаушымен бекініс құрған елордалық клубтың қорғанысын бұзып-жарып өте алмады.

Ойын қызып, бәсеке көрігі қызып, футболшылар ойын ережесін жиі бұза бастады. Бірақ бас төреші олардың аптықтарын су сепкендей басып тастамады. Керісінше, алаңдағы футболшылардың бәрі дерлік бас қазыға «нұсқау» беріп, «ескерту» жасап, ойынның берекесі кете бастады.

Тіпті матч соңында алаңға «Ордабасы» клубының бас бапкері де жүгіріп шығып, бас төрешіге ұмтылды. Алаңдағы бас қазы мен қапталдағы төреші қайда қарап жүр?!

Бас төреші осыдан кейін ғана қос команданың да футболшыларын «аяусыз» жазалауға көшіп, екеуін тіпті алаңнан қуды. Футболда «білікті төреші ойында көзге түспейді» деген, еш жерде жазылмаған қағида болушы еді...

Сөйтіп, алаң иелері қанша тырысса да, екінші таймда гол соға алмай, ойын қонақтардың жеңісімен аяқталды.

«Ордабасы» (Шымкент) – «Астана» – 1:3

Голдар: Деспотович, 11 (0:1). Юнузович, 15 (1:1). Симчевич,43-автогол (1:2). Аничич, 45 (1:3).

Ескерту: Касалица, 48. Мұхтаров, 73. Тұңғышбаев, 73 – Постников, 58. Мұжықов, 73.

Алаңнан қуылғандар: Мұхтаров, 90+5 (екінші ескерту) – Мұжықов, 89 (екінші ескерту).

«Ордабасы»: Бойченко, Сүйімбаев, Мұхтаров, Трайкович, Симчевич, Диакате, Чатто (Қожабаев, 80), Нұрғалиев, Тұңғышбаев (Тәжімбетов, 76), Касалица, Юнузович.

«Астана»: Эрич, Бейсебеков,Постников, Аничич, Логвиненко, Шомко, Мұжықов, Каньяс, Максимович (Гурман, 90+4), Твумаси (Тағыберген, 86), Деспотович (Щеткин, 85).

Төрешілер: Қарлыбаев (Орал), Тасыбаев (Павлодар), Жақсылық (Қызылорда)

Шымкент. Қажымұқан атындағы стадион. 9 000 көрермен

«Құда» да тиыш, «құдағи» да тиыш

«Шахтер» Талдықорған клубын Қарағандыда емес, Теміртауда қабылдады. Қауіпті сәттер көп болғанымен, бұл ойында есеп ашылмай, екі команда бір ұпайдан еншіледі.

Бірінші турда ұтылып қалған «Шахтерді» де, осымен екінші рет тең түсіп отырған «Жетісу» клубын да тең ойын қанағаттандыратындай.

Алаң иелері қанша шабуылдаса да, қонақтар қарсы шабуыл ұйымдастырып, олардың қорғанысын піспектеп отырды. Бірақ екі команда да гол соға алмай, қпай бөлісті.

«Шахтер» (Қарағанды) – «Жетісу» (Талдықорған) – 0:0

Ескерту: Горячий, 50. Арзуманян, 56.

«Шахтер»: Ткачук, Горячий, Арзуманян, Садовничий, Пикалкин, Сзоке, Зенели, Ягуби, Нұрыбеков (Ветров, 75), Байжанов, Уббинк (Скорых, 85).

«Жетісу»: Шабанов, Әмірсейітов, Азовский, Клайн, Кадио, Джалович, Рудик (Моисов, 62), Симоновски (Демель, 80), Тұрысбек, Калинин (Боровский, 68), Савич.

Төрешілер: Антонов, Попов (екеуі де – Павлодар), Филипчук (Шымкент)

Теміртау. "Металлург" стадионы. 3 000 көрермен

Тізімге қайта оралу