|   |   |  Бұл мақала «Ақтөбе» директорының «сұрауы» бойынша жазылды

Бұл мақала «Ақтөбе» директорының «сұрауы» бойынша жазылды

Әлбетте, «Ақтөбе» директоры Дмитрий Васильев тікелей өзімізге хабарласып, «осыны жазшы» деп өтінген жоқ. Дегенмен, екі күн бойы өзінің «туиттердегі» жеке парақшасында осы нәрсені жыр ғып айтумен болды.

Айтып тұрғаны Қазақстан Премьер-лигасының Бірінші туры аясында өткен «Ордабасы» – «Ақтөбе» кездесуіндегі қонақтар қақпасына белгіленген пенальти. Естеріңізге сала кетейік, ойынның 34-минутында «Ақтөбе» қорғаушысы Егор Азовский «ордабасылық» шабуылшы Филип Касалицаға қарсы ойын ережесін бұзды деп шешкен бас төреші Артем Кучин қонақтар қақпасына 11-метрлік айып добын белгілеген болатын. Азат Нұрғалиев нүктеден мүлт кетпей, алаң иелерін алға шығарған.

Содан бері бұл пенальти Дмитрий Васильевке маза берер емес. Құдды бір, «Ақтөбе» осы пенальтидің кесірінен ұтылып қалған секілді. Алдымен матч біткен күні сағат 22:29-да «Енді ауырлық туралы.. Бірде-бір сатқын БАҚ «Ақтөбе» қақпасына «өтірік» пенальтидің белгіленгенін әзірге байқаған жоқ. Бұл есеп 0:0 кезінде. Оңбағандар((» деп туит жасаса, кеше, яғни 15 наурыз күні түске таман «Ордабасымен» болған ойыннан екі күн өтті. Бірақ бірде-бір БАҚ осы турдағы жалғыз пенальти, «Ақтөбе» қақпасына белгіленген өтірік айып добы туралы ешнәрсе деген жоқ(», - деп мұңын шаққан.



Иә, көп сөйлеуді ұнататын Васильев мырза қарап қалар емес. «Ақтөбенің» жеңілісін өзгелердің мойнына іліп қойып, кінәні өзіне емес, өзгелерге тағып қойғысы келетіндей. Ал өзіне шаң жуытпайды. Әлде, расымен де төрешілер «Ақтөбеге» қарсы деп ойлай ма? Шындап келгенде бүгінде «Пентакампеондарды» кез-келген клуб ешкімнің көмегінсіз-ақ жеңе алатын халде. Былтырғы құрамның 90 пайызын бытыратып жіберген олар жаңа командасын әлі күнге жасақтай алар емес.

Шақыртқан ойыншыларына қарның ашады. Жалғыз жұбаныш Самат Смақов қана. Әйтпесе, қалғандарының барлығы бұрынғы клубтарына қажетсіз болып қалғандар немесе Бірінші лигадан келгендер. Ал легионерлерін тіптен ешкім танымайды. Марат Ситдиков дей ме, Егор Сорокин дей ме, Никита Бочаров дей ме? Әйтеуір, Ресейдің төменгі лигасындағы ойыншылармен толығып жатыр. Сөйте тұра пенальти туралы мұң шағады. Сол пенальти ойын тағдырын шешіп кетсе немесе матчтағы жалғыз гол болса, ештеңе емес қой. Бақандай екі доп айырмашылығымен ұтылды. Онда да бір голды «Ордабасының» өзі сыйлады. Әйтпесе, 0:3 есебімен ойсырай жеңілуі де ғажап емес еді.

Айтпақшы, пенальти шынымен де болды ма, әлде Дмитрий Васильевтің «жылайтынындай-ақ» бар ма? Екі клубтың ұсынған бейнеролигін де көрдік. Өз басыма Егор Азовский қарсыласына тиіп кеткен секілді көрінді. «Ақтөбе» жанкүйерлерінің «Вконтакте» желісіндегі «Территория красно-белых» парақшасына пікір қалдырған өз фанаттарының басым бөлігі де ойын ережесінің бұзылғанын мойындаған. Көпшілігі Пантелеевичтің бұлайша «зар илеуін» түсінбей дал. «Ойын тағдырын осы гол шешіп кетсе мейлі екен. Бізде олардың қақпасына 5-6 гол соғатын мүмкіндік болды ғой», - деп «Ордабасының» бас бапкері Бақтияр Байсейітов те бізге пікір білдірді.

– «Ақтөбеге» ойлаған еш жамандығым жоқ. Ойыншылары да ұнады. Дегенмен, сол ойында біз бір емес, бес алты гол соғатын мүмкіндіктерге ие болдық. Ойыннан кейін Васильев мырза маған да келіп, пенальтидің болмағанын айтты. Сонда мен оған мына мысалды келтірген едім. «Қай елде екенін білмеймін, командасы 0:8 есебімен ұтылып қалған бір бапкер төрешілер бөлмесіне кіріп, «менің 6-шы және 7-ші голға байланысты дағуам бар» депті. Сенікі де сол секілді болып тұр» дедім. Түсінген-түсінбегенін қайдам, бірақ әңгімеміз жараспады. Өзіңіз сол матчты көре алдыңыз ба?, – деп қарсы сұрақ қойды Бақтияр Бағашарұлы.

– Әлгі пенальтидің бейнеқайталауын көрдім. Маған «Ақтөбе» қорғаушысы «ордабасылық» ойыншыға жанасқан секілді көрінді.

– Міне, бейнеқайталаудың өзінен сіз осылай деп отырсыз. Ал бас төреші әрі кетсе 5-7 метр жерде тұрды. Оған бәрі анық көрінді және қандай шешім қабылдаса да жауап беретін арбитрдің өзі. Менің тұсымнан әлгі эпизод анық көрінбеді, ал Васильев менен тіптен ары таман отырды. Оның қалай көріп қойғанына таңым бар. Дегенмен, төреші пенальти деп шешкен екен, ендігіде осыншама дау шығарудың не қажеті бар? Артем Кучин – халықаралық деңгейдегі төреші. «Мына команданы өлтіріпті, ана команданы құтқарыпты» дегенін естіген емеспін. Былтыр Премьер-лиганың 26-туры аясында өз алаңымызда «Ертіспен» кездескенбіз. Еурокубоктық орынға таласып жатқан кезіміз. Әр кездесу маңызды. Бас төреші Артем Кучин. 1:0 есебімен ұтып жатырмыз. Кенет ойынның аяқталуына 10 минут қалғанда Кучин қақпамызға пенальти белгіледі. Еңсем түсіп, матчтан кейін төрешіден «пенальти болды ма?» деп сұрадым. «Иә, болды» деді. Басымды изедім де кетіп қалдым. Васильев сияқты ешқандай шу көтергенім жоқ. Адам жеңілгенін мойындай білуі керек қой.


Ордабасы - Ақтөбе 3:1

Иә, «Ордабасының» бас бапкері Бақтияр Байсейітов бізге телефон арқылы осылай деді. Расымен де, Дмитрий мырза өз ағаттықтарын өзгелерге арта бермей, бірінші турда жеңілгенін мойындап, келесі ойындарға дайындалғаны дұрыс-ау. Не дегенмен, чемпионат ұзақ. «Ақтөбенің» әлі де мүмкіндіктері мол. Тек өз қателігінен қорытынды шығара алса игі. Ал осы ойынның бейнешолуын қарап шыққан бейтарап маман Асқар Қожабергенов Васильевтің әлгі пенальтиді айтып ақталғанына күлкісі келетінін жасырмады.

– Пенальти болды немесе болмады деп нақты айта алмаймын. Бейнешолудан дұрыс көрінбеді. Қорғаушы Егор Азовский шабуылшыға жанасқан секілді көрінді, бірақ анық емес. Дегенмен, бас төреші қасында болды ғой. Оған бәрі айқын көрініп тұр. Ал анық-қанығын Төрешілер комитеті шешеді деп ойлаймын. Жалпы, менің күлкімді туғызғаны – Васильевтің пенальтиді айтып ақталғаны болып тұр. Қайта «Ордабасы» үш гол соғып алғаннан кейін аздап босаңсып қалды ғой, әйтпесе одан да ірі есеппен жеңетін мүмкіндігі болды. Әлгі пенальти ойынға еш өзгеріс әкелген жоқ. Матч тізгінін шымкенттіктер толығымен өз қолдарында ұстады, - деді Асқар Қожабергенов.

Міне, Васильев мырзаның «сұрауы» бойынша жазылған мақаламыз осы. Сондай-ақ, бонус ретінде назарларыңызға осы сәттің екі клуб ұсынған бейнеролигін ұсынып отырмыз. Бәлкім, пенальти болған-болмағанын сіз анықтарсыз.



Тізімге қайта оралу