|   |   |  Ертең қазақ футболында премьер-лиганың премьерасы

Ертең қазақ футболында премьер-лиганың премьерасы

Ертең қазақ футболында премьер-лиганың премьерасы
Фото fca.kz сайтынан

Ертең, яғни 12 наурызда, сенбі күні, футболдан ХХV Қазақстан чемпионатының пердесі түріледі. Еліміздің үш қаласында премьер-лигадағы алты команда кездеседі. Қалған үш ойын жексенбі күні өтеді.

Ел біріншілігінің алғашқы кезеңі

Биыл да Қазақстан премьер-лигасында 12 команда додаға түседі. 2016 жылғы ел чемпионаты да соңғы жылдардағыдай екі кезеңге бөлініп өткізіледі. Оның бірінші бөлігінде 12 команда екі айналымдық жүйемен (үйде және түзде) 22 ойыннан өткізеді.

Бірінші айналы 15 мамыр күні аяқталып, екінші айналым 21 мамырда басталады. Екінші айналым, яғни ел чемпионатының бірінші бөлігі 24 шілде күні тамамдалады.

Бұдан кейін осы екі айналымдағы ойындардың қорытындысы бойынша 12 команда екі топқа жіктеледі. 1-6 орын алған командалар жүлделі орындарды сарапқа салады да, 7-12 орын алған командалар өзара додаға түседі. Бұл алтылықта көш соңындағы командалар премьер-лигадағы орындарын сақтап қалу үшін жанталасады.

Екінші кезең немесе жарты ұпай "дауы"

Ел біріншілігінің екінші кезеңі де екі айналымдық жүйе бойынша өтеді. Мұнда әрбір алтылықтағы командалар үйде және түзде жүйесімен 10 ойыннан өткізеді.

Осы ретте айта кетейік, биыл ел біріншілігінің регламентіне өзгеріс енгізіліп отыр. Атап айтқанда, биылғы ел чемпионатының екінші жартысын барлық командалар бірінші кезеңдегі жинаған ұпайлары екіге бөлінбейді!

Өйткені, қайсыбір команда (нақтырақ айтқанда, Алматының «Қайраты») өткен жылғы маусым соңында екінші кезеңде ұпайларды екіге бөлу тәртібіне наразылық білдірген.

Таратып айтар болсақ, «Қайрат» 2015 жылғы ел чемпионатының бірінші кезеңін 44 ұпаймен аяқтады. Ал «Астана» 43 ұпай жинады. Екінші кезең басында ұпайларды екіге бөлгенде, «Қайраттың» да, «Астананың» да еншісіне 22 ұпайдан жазылды.

Себебі, тақ санды ұпайларды екіге бөлгенде, бекітілген ереже бойынша олар көп жағына қарай дөңгелетілетін. Яғни «Астананың» 43 ұпайын екіге бөлгенде, математикада ғылымында 21,5 болғанымен, Қазақстанан чемпионатында 22 болатын...

Реті келгенде айта кетейік, маусым соңында «Астана» 46 ұпаймен ел чемпионы атанып, «Қайрат» 45 ұпаймен күміс жүлдені қанағат тұтқан-ды. Бір қызығы, соңғы турларда қарқынын бәсеңдетіп алып, өз алаңында «Атыраумен» тең түсіп, ал «Астанадан» ұтылып қалып, бес ұпай жоғалтқан «Қайрат» екі кезең аралығында елордалықтардың қоржынына артық түскен әлгі жарты ұпайды есімізге салған...

Еурододалар мен бірінші лига "жолдамалары"

Бірден айта кетейік, ел чемпионатының екі кезеңінде де жеңіске жеткен командаға үш ұпай беріледі де, тең аяқталған ойында екі команда бір ұпайдан бөліседі.

Ел чемпионатының екінші бөлігінде, 7-12 орындар сарапқа салынатын топта соңғы орынға табан тіреген команда келесі жылы бірінші лигада ойнайтын болады. Ал осы алтылықта 11-орынға ие болған команда бірінші лигада екінші орын алған клубпен кездесіп, «өтпелі» матчта 2017 жылы премьер-лигада ойнауға құқық беретін бір жолдамаға (орынға) таласады.

Ал алғашқы алтылықта топ жарып, чемпион болған команда 2017 жылы УЕФА чемпиондар лигасында бақ сынау құқығына ие болады. Ел кубогын жеңіп алған және биылғы төл чемпионатымызда күміс және қола жүлде олжалаған командалар келесі жылы Еуропа лигасында додаға түсетін болады.

Егер ел кубогын төл біріншілігімізде жүлдеге іліккен үш команданың бірі жеңіп алса, онда Еуропа лигасына Қазақстан чемпионатында төртінші орын алған команда да қатысады.

Мұны да тараштап өтейік. Мысалы, өткен маусымда «Қайрат» Қазақстан кубогын жеңіп алды, әрі ел біріншілігінде күміс медаль еншіледі. Яғни Еуропа лигасында бақ сынау құқығына екі жолмен қол жеткізді. Мұндай жағдайда «Қайрат» (немесе басқа клуб) Еурододаға Қазақстан кубогының иегері ретінде қатысады. Ал біздң елге бөлінген қалған екі квота ел біріншілігінде алматылықтардан кейін орналасқан екі командаға бұйырды.

ХХV Қазақстан чемпионаты. Бірінші тур

12 наурыз (сенбі)

«Астана» – «Шахтер» (Қарағанды)
«Жетісу» (Талдықорған) – «Атырау»
«Тараз» – «Қайрат» (Алматы)

13 наурыз (жексенбі)

«Ордабасы» (Шымкент) – «Ақтөбе»
«Ертіс» (Павлодар) – «Оқжетпес» (Көкшетау)
«Тобыл» (Қостанай) – «Ақжайық» (Орал)

Тізімге қайта оралу