|   |   |  Суперкубок – «Астана» мен «Қайрат» арасындағы бәсекенің басы ғана

Суперкубок – «Астана» мен «Қайрат» арасындағы бәсекенің басы ғана

Суперкубок – «Астана» мен «Қайрат» арасындағы бәсекенің басы ғана
Фото pflk.kz сайтынан

Қазақстан футболының жаңа маусымы ашылды! 2016 жылғы суперкубок додасында өткен жылғы чемпионымыз бен кубок иегері кездесті. «Астана» мен «Қайрат» арасындағы матч екі сағаттан астам уақытқа созылып, жеңімпаз тек пенальти соғу арқылы анықталды.

Суперкубок «Қайратқа» да бұйырды

Бірден айта кетейік, былтыр да ел біріншілігі осы екі команда арасындағы ойынмен ашылып, 2015 жылғы суперкубокты «Астана» клубы жеңіп алған. Былтыр да маусымашар матчта есеп ашылмай, жеңімпазды анықтау үшін пенальтиге жүгінуге тура келген. Бірақ биыл «Қайраттың» бағы жанды. Дүние кезек – өмір...

Айтпақшы, бұл – «Қайраттың» алғашқы суперкубогы. 2008 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан суперкубок додасында үш рет «Ақтөбенің» айдарынан жел ескен-ді. Ал «Астана» екі рет жеңімпаз аталған болатын. «Елім-ай», «Ордабасы», «Шахтер» клубтарының әрқайсысы бір рет жаңа маусымды жеңіспен ашқан-ды. Енді бұлардың қатарына «Қайрат» та қосылды. Иә, санаулы суперкубок иегерлерінің сапы «Қайрат» клубымен толысты. Ал «Астана» «Ақтөбені» қуып жете алған жоқ.

Бағы шаппағаны мен бабы шаппағаны...

Маусым басындағы алғашқы матч болғандықтан ба, ойын аса жоғары қарқында өткен жоқ. Екі команда да «ақырын жүріп, анық басу» қағидасын ұстанғандай болды.

Десек те, бұл ойында «Астана» клубы «Қайратты» біраз тықсырды. Қос қапталдан да, ортадан да шабуылдап, қыспаққа алды. Доп көбінесе «Астана» клубының ойыншыларында болды. Алайда «Қайраттың» қарсы шабуылдары мейілінше қауіпті болды.

Әйтсе де, 90 минут тұрмақ, 120 минутта да екі команда гол соға алмады. Екі команданың бірінде гол соғатын «ешкім» болмаса, екіншісі гол соғатын шабуылшыға жағдай жасап, мүмкіндік туғызып бере алмады... Екі команда көрермендерді осылай «діңкелетті»...

Былай қарасаңыз, екеуінің де қақпашылары мен қорғаушылары жаман емес сияқты. Бірақ біреуінде шабуылшысының бағы шаппаса, екіншісінде қорғаныс бен шабуылды байланыстырар үйлестірушісінің бабы келмей жүргендей...

Қазақта «әліптің артын бақ» деген аталы сөз бар. Ендеше, біз де маусым басында ешбір ойыншыға баға бермей, әлде де бақылайық түсейік. Бәлкім, шабуылшылар да әлі талай маңызды голдарды соға жатар, ойын үйлестірушілер де өз командаларын алға сүйрейтін болар...

Бір анығы, осы екі команда арасындағы қызу бәсеке биыл да жалғасын табатын сияқты. «Былтыр «Астана» ел біріншілігінде топ жарып, УЕФА Чемпиондар лигасында барша қазақстандықтарды қуантып, еліміздің абыройын асқақтатты. Ал «Қайрат» ел кубогы мен міне, суперкубогын жеңіп алып отыр. Әрі қарай қалай болар екен? Ең қызығы, биыл «жарты ұпай дауы» болмайды. Жеңілгендерге немесе жаза басқандарға басқа «кінә» мен «себеп» іздеуге тура келеді...

«Астана» – «Қайрат» – 0:0 (қосымша уақыт – 0:0, пенальти – 4:5)

Пенальти: Каньяс – 1:0. Исламхан – 1:1. Аничич – 2:1. Бруно Соарес – 2:2. Щеткин – 2:2 (қақпашы). Риера – 2:3. Максимович – 2:3 (қиыс). Ли – 2:3 (қақпашы). Твумаси – 3:3. Гоу – 3:3 (қақпашы). Бейсебеков – 4:3. Тимощук – 4:4. Мұжықов – 4:4 (қақпашы). Тесак – 4:5.

«Астана»: Эрич, Бейсебеков, Постников (Гурман, 89), Аничич, Максимович, Каньяс, Твумаси, Деспотович (Щеткин, 89), Шомко, Мұжықов, Нөсербаев (Шайықов, 107).

«Қайрат»: Плотников, Исаэл (Риера, 106), Гоу, Қуантаев, Тимощук, Маркович, Бруно Соарес, Тесак, Бакаев, Дарабаев (Ли, 65), Исламхан.

Бас төреші: Равшан Ирматов (Өзбекстан)

8 наурыз. Астана. «Астана Арена».14 500 көрермен.

Тізімге қайта оралу