|   |   |  Стойловтың білмейтіні – Жолшиевтің қандай ойға шырмалғаны

Стойловтың білмейтіні – Жолшиевтің қандай ойға шырмалғаны

Стойловтың білмейтіні – Жолшиевтің қандай ойға шырмалғаны
Фото pflk.kz сайтынан

Бүгін 2016 жылғы Қазақстан суперкубогы қарсаңында екі команданың бас бапкерлері БАҚ өкілдерімен баспасөз жиынын өткізді. Бірінші «Астана» клубының бас бапкері, болгар маманы Станимир Стойлов журналистер сұрақтарына жауап берді.

Станимир Стойлов ертеңгі «Астана» мен «Қайрат» арасындағы ойынның тартысты болатындығына сенімді екендігін білдірді. Әрі «Қазақстанның өткен маусымдағы ең үздік екі клубы өрнекті ойын үлгісін көрсетулері керек. Қайсысы жақсы дайындалып келеді, сол жеңеді» деп өз ойын түйіндей түсті де.

Сондай-ақ дәл қазір екі команданың мүмкіндіктері бірдей екендігін, мұндай ойындарда фаворит болмайтындығын, өз командасының жеңіске жету үшін бар күш-жігерлерін салатындығын да жіпке тізді.

Бұдан кейін журналистер «Астана» бас бапкеріне өз сауалдарын көлденең тартты. Сұрақтардың көбісі маусым аралығындағы өзгерістерге байланысты болды.

Станимир Стойлов маусым аралығында өз командасының сапын Қазақстан ұлттық құрамасының сапына ілігіп жүрген біраз ойыншылармен толықтырғандарын тілге тиек етті. Әрі біраз шетелдік футболшылармен қош айтысып, олардың орындарына бір ғана легионер шақыртылғандығын да атап өтті. Атап айтқанда, елорда клубының сапына тек Деспотович алынды десек те болады.

Бұл тұрғыда, Станимир Стойлов қорғаушылары арасында бәсекелестік болатындығына қуанышты екендігін білдірді. Ал шабуыл өтін күшейту керектігін баса айтты. Мұны басшыларының да білетіндігін меңзеді.

Команда құрамын деңгейлері жоғары, бізге Чемпиондар лигасында көмекетесе алатын ойыншылармен нығайтқымыз келеді. Егер қолымызды мезгілінен кеш сермесек, команда құрамын дер кезінде күшейтіп алмасақ, онда Чемпиондар лигасында ғана емес, ел біріншілігінде де бізге өте қиын болады, – деп ағынан жарылды.

Журналистер арасында «Астананың» неліктен шабуылшы Фоксиді жібере салғандығына таң қалатындары бар екендері де табылды. Бас бапкер Фоксидің алғашқы жылдары тәп-тәуір ойнағандығын, бірақ соңғы жылы тұрақты ойын өрнегін көрсете алмағандығын, сол себепті деңгейі одан жоғарырақ шабуылшы іздегендерін, осы ретте Деспотовичке мүмкіндік берілгендігін тәптіштеп айтып шықты.

Журналистердің соңғы сұрағы Бауыржан Жолшиевке қатысты болды. «Осы ойыншы алдағы маусымда Астана командасы сапында ойнай ма» деген сұрақ қойылды.

Ол мен келгелі «Астанада» ойнап жүрді. Негізгі құрамда ойнады. Бірақ өзінің басқаша бір ойы бар. Қазір «Астана» сапында ойнағысы келетін ниеті жоқ. Ал мен оған жалына алмаймын. Есіл-дерті Еуропада сияқты. Басын қандай ой шырмап алғанын ешкім де білмейді, – деп жауап берді болгар маманы.

Тізімге қайта оралу