|   |   |  Ардагер Аршавинге ауыздарының суы құрығандары несі?..

Ардагер Аршавинге ауыздарының суы құрығандары несі?..

Ардагер Аршавинге ауыздарының суы құрығандары несі?..
Фото spletnik.ru сайтынан

«Қайрат» бұрынғы КСРО елдерінің ардагерлерін жинайтын командаға айналмайтын шығар...

Соңғы күндері, тіпті кейінгі бір-екі айда десек те болар, орыс тілді отандық басылымдардың (сайттардың, порталдардың) жарыса жазып жатқандары – ардагер Аршавин «жыры»... Тіпті таусылар емес.

Андрей Аршавин «Қайратқа» келе ма, жоқ па? Келсе, Қазақстан чемпионатында жай оғындай жарқырап, ел біріншілігінің жарық жұлдызы бола ала ма? Тағысын тағы...

Құдды, қазақ додасына Месси немесе Криштиану Роналду, Неймар немесе Ибрагимович, Бэйл немесе Агуэро келе жатқандай...

Мамыр айының аяғында 35-ке толатын ардагер Аршавин жас кезіндегідей ойнақ салады дегенге сену қиын. Ол 2014-2015 жылдар маусымында «Зенит» сапында жасыл алаңға көп шыққан жоқ. Петерборлықтардың бас бапкері Андре Виллаш-Боаш негізінен басқа футболшыларға сенім артты. Андрей матч барысында көбінесе солардың орындарына шығып ойнады.

2015 жылдың шілде айында «Кубань» клубына ауысты. Бірақ бұл клубтың сапында да көп ойнаған жоқ. Ресей чемпионатында сегіз, ал кубогы додасында бір ойын ғана өткізді. Енді, міне, 2016 жылдың 1 ақпанынан бастап, Краснодар клубымен де қоштасып отыр.

Аршавин Ресейдің ең бай клубы мен ағылшынның «Арсеналы» сапында біраз жыл ойнады. 15 жылдай уақыт ішінде бір басына жетерлік дәулет жинап алды. Енді, отыз бен қырықтың бел ортасына келгенінде, қазақ додасына келіп, жан алып, жан береді дегенге сену қиын.

Табан тірескен дүлей додада аяғын тартпай, жанталасады деп ойлайсыз ба? Жасыл алаңдағы карьерасының соңында қазақ даласына жарақат алу үшін келмейтін шығар...

«Қазақстан чемпионатының дейгейі аса жоғары емес, қарқыны төмендеу, алаөкпе болып жүгірмей-ақ, жаяу-жалпы бүлкіл қағып та, ақша табуға болады» деп келмесе...

Келді ғой, былтыр Қазақстан чемпионатына Ресейдің тағы бір жұлдызы. Аршавиннен екі жас кіші Дмитрий Сычев 2015 жылдың наурыз айында «Оқжетпес» клубының сапына алынған. 32 жасында келсе де (35 емес), біздің чемпионатымызда жарқырап көзге түсіп, өзгелерден оза шаппаған сияқты.

Сычев Көкше клубы сапында 19 ойын өткізіп, үш-ақ гол соқты...

Егер, Аршавин Қазақстан біріншілігіне келіп, өзінің шеберлігін паш етіп, «Қайратты» алға сүйресе, таласым жоқ. «Сыры кетсе де, сыны кетпейтін» сыралғы саңлақтар болады. Ал 90 минут бойы жүгірмей, көптің бірі болу үшін ғана келсе ше?!

Аршавинді шақыру дұрыс па, бұрыс па, білмеймін. Оны уақыт көрсетер, мамандар бағасын бере жатар. Бірақ менің ойым, «Қайрат» бұрынғы КСРО елдерінің ардагерлерін жинайтын командаға айналмайтын шығар.

Бар ғой, наурыздың аяғында жасы 37-ге толатын Анатолий Тимощук. Әлде Қазақстан футбол федерациясы мен ҚР Кәсіпқой футбол лигасы «әр команда сапында жасы 35-тен асқан шетелдік ойыншылар болсын» деп міндеттеп отыр ма?!

Тізімге қайта оралу