Доллар және дода

Доллар және дода
Фото "Ақтөбе" клубының әлеуметтік желідегі жеке парақшасынан алынды: vk.com/fcaktobe

Экономикалық дағдарыс жағадан «алғанда», шарықтап өсіп бара жатқан доллар бағамы етекке «жармасқалы» қашан...

Футболдан биылғы Қазақстан чемпионаты қалай болар екен? Легионерлер саны күрт азаятын шығар? Енді, азаймаса, көбеймеуі тиіс қой. Доллар деген шарықтап, теңгеміз құнсызданып, еркін айналымда «еңсесін»тіктей алмай жүр. Биылғы маусымның аяғын болжамақ тұрмақ, ертеңгі күнгі валюта бағамын долбарлаудың өзі мүмкін емес.

Ал Қазақстан клубтарының көбісі жергілікті бюджетке телінген. Шетелдік футболшылар болса, барлығы да жалақысын доллар немесе еуромен алғанды қалайды. Ендеше, бұрынғыдай легионерлерді қаптатып алу тиімді бола қоймас.

Еліміздегі жағдайы қоңды бірлі-жарым клубтар болмаса, қалғандары шағын ғана бюджетке «ноқталанған». Бұрынғы аста-төк заман жоқ. Ай сайын төмен қарай құлдыраған теңгенің жағдайы – анау. Экономикалық дағдарыс жағадан «алғанда», шарықтап өсіп бара жатқан доллар бағамы етекке «жармасқалы» қашан...

Иә, осыдан бірер жыл бұрын «ып-ыстық майшелпекке» айналған футбол клубтары бүгінде көп былықты бүгіп қала алмайды. Облыстық бюджет те «сауын сиыр» болғысы жоқ. Қаржыны шақтап бөліп, үнемдеп беруге көшкен. Өйткені «бала-шағадан», яғни халықтың аузынан жырып беру қиындаған.

Ол, ол ма... Қайсыбір облыс әкімі білдей бір клубтың былтырғы былықтарын жалпақ жұртқа әшкере қылды. «Ақтөбе» клубының шетелдік төрт «жұлдызы» ай сайын 57 мың еуродан бастап, 75 мың долларға дейін өте жоғары жалақы алып келгендерін мәлімдеп, бізде «коммерциялық құпия» аталып келген мәліметті жайып салып, аймандай қылған.

Журналистер де қаламдары мен микрофондарын «жалаңдатып», «келісім-шарт сомасы», «клуб бюджеті», «қаражат-қаржы» десе елең ете қалатын болған. Олар да әр клубтың «әмиянындағы» ақшаны санауға «құмартып» алған. Енді Қазақстан клубтары «қалауын тауып, қар жағып келгендерге» «майлы майшелпек» бола алар ма екен?..

Әлқисса, биылғы маусым аралығында Қазақстаннан неше легионер кетіп, қаншасы келгенін тек ел біріншілігі басталарда ғана білеміз. Әйтсе де, қазірдің өзінде келгендерден кеткендер басымырақ сияқты. Бүгінде бір клубтан екіншісіне ауысқан футболшылар қарасы тым көп екендігін кеше жаздық.

Бірақ, ең қуаныштысы, премьер-лигадағы көптеген клубтар «жергілікті ойыншыларға һәм өз өрендерімізге көп көңіл бөлеміз, соларға мүмкіндік береміз» деп отыр. Осы ретте бірнеше жыл бойы шетелдік «зейнеткерлерге» иек артып алған клубтарымызды, олардың басшыларын тәубәсына түсірген дағдарысқа да алғыс білдіргің келіп кетеді екен.

Қазақ «әр нәрсенің қайыры болады» дейді. Кім біледі, мұның да қайыры болар. Биылғы ел біріншілігінде жергілікті футболшыларымыздың, әсіресе жас жеткіншектеріміздің қарасы көбейіп, шыңдала түсер. Дүлей додада ысылып, ертеңгі күні ел намысын қорғайтын футболшыларымыздың қатары көбейе түссе, қуанбасақ өкінбеспіз...

Тізімге қайта оралу