|   |   |  “Астана” қорғаушыларын әлі “сапырып” жатыр

“Астана” қорғаушыларын әлі “сапырып” жатыр

“Астана” қорғаушыларын әлі “сапырып” жатыр
Сергей Малый "Астана" сапына алынды. Фото – fca.kz

«Астана» футбол клубы «Ертістен» орталық қорғаушы алып, «Тобылға» өз қорғаушысын жіберді. “Қыз” алып, “қыз” бердінің кері болды.

Малый “Астанаға” келді

«Астана» футбол клубы Қазақстан ұлттық құрамасының қорғаушысы Сергей Малыймен еңбек келісіміне қол қойды. Биылғы маусымның бірінші жартысын «Ертіс» сапында өткізген футболшыны құрамына алды.

Сергей Малый – негізі, Украинада туған футболшы. Қазақстандағы карьерасын Қарағандының «Шахтерінде» бастаған. 2013-2014 жылдары кеншілер командасы сапында ел кубогы мен суперкубогының иегері атанды.

Былтыр «Ордабасы» командасының намысын қорғады. Биыл қаңтар айында «Астана» сапында сынақтан өткен. Бірақ маусым басталғанда «Ертістің» құрамынан бір-ақ шықты...

2016 жылғы ел чемпионатының бірінші жартысында, яғни «Ертіс» сапында 14 ойын өткізіп, екі гол соқты. Чемпиондар лигасы қарсаңында «Астана» құрамына алынды.

Айтпақшы, Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 15 ойын өткізген. «Астана» сапында №25 жейдемен ойнайтын болыпты. Жасыл алаңда орталық қорғаушы міндетін атқарады.


Гурман “Тобылға” кетті

Биылғы маусымды «Астана» сапында бастаған Марк Гурман «Тобылмен» еңбек келісімен қол қойыпты. Еңбек шартының мерзімі – бір жарым жыл. Қостанай командасында №18 жейдемен ойнайтын болады екен.

Гурман жасыл алаңдағы карьерасын Израиль клубтарында бастаған. Қазақстанда 2010 жылдан бері ойнап жүр. Әуелі «Локомотив» пен «Астана» сапында өнер көрсетті. 2012 жылы елордадан «Қайратқа ауысып, Алматы клубы сапында 104 ойын өткізді.

Биыл, жыл басында «Астанаға» қайтып келген. Бірақ алаңға көп шыққан жоқ. Көбінесе қосалқы құрам орындығында отырды. Енді «Тобылға» ауысып отыр. Бірден Атырауға ұшады екен. Ертең Қостанай командасы сапындағы алғашқы ойынын өткізіп қалуы да ықтимал.

Негізінен қапталдағы қорғаушы міндетін атқарады. 2011 жылдан бері Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 26 ойын өткізді.


“Астана” Қазақстан футболшыларымен шектелмек пе?

Чемпиондар лигасы қарсаңында құрамын күшейтпек болған «Астана» әлі отандық футбол жанкүйерлерін таң қалдыра қойған жоқ. Өйткені қазақстандықтар елорда клубы Максимовичтей жас талант тауып ала ма деп елеңдеген.

Алайда жазғы трансфер кезінде де «Астана» Қазақстан жанкүйерлерін жаңа ойыншысымен сүйсіндіре алмай отыр. Осыдан бірер күн бұрын Македония құрамасының жартылай қорғаушысы Агим Ибраими келген.

Одан кейін «Ордабасы» командасынан Азат Нұрғалиев алынды. Сондай-ақ түріктің «Карабюкспор» деген клубына жалға берілген Джуниор Кабананга команда құрамына қайта қосылды. Енді міне, Сергей Малый келіп отыр.

Негізі, «Астана» шабуылын күшейте ме деп ойлағанбыз. Қорғаушылары онсыз да көп еді. Кім біледі, бас бапкері мен басшыларының өз ойлағандары бар шығар. Әйтсе де, бір шабуылшы керек сияқты. Әйтпесе, Джордже Деспотовичтің гол соққанынан мүлт кеткені – әлдеқайда көп. Ал Алексей Щеткиннің үнемі матч соңында шығып, жан ұшыра жүгіргенімен, әлі бірде-бір гол соға алар емес.

Тізімге қайта оралу