|   |   |  Бірінші лига. "Қайсарға" қарсылас болар қайсың бар

Бірінші лига. "Қайсарға" қарсылас болар қайсың бар

Бірінші лига. "Қайсарға" қарсылас болар қайсың бар
"Қайсар" Бірінші лигада көш бастады

Бірінші лигада қақпасына гол жібермеген бір-ақ команда қалды. Ол Қызылорданың «Қайсары». Жеті турдың бәрінде қақпасын құрғақ ұстаған Сұлтан Әбілдаевтың командасы қазір турнир кестесінде жеке-дара көш бастады.

Жеті турда қызылордалықтар қарсылас қақпасына 10 гол соғып, өздеріне бірде-бір доп дарытпаған. Бес кездесуде қақпа кілті Александр Рушинастың қолында болса, екі ойында Марсель Исламқұлов қорғады. Иә, «Қайсарда» қақпашылар мықты, қорғаушылар да сауатты. Дегенмен, шабуыл шебі ақсап тұрған тәрізді. 

Премьер-лигаға шығуды мақсат қойып отырған команда үшін жеті матчта он голың өте аз. Онда да сегіз голды өз еншілеріне жартылай қорғаушылар жазған. Сонда екі допты ғана шабуылшысы соқты деген сөз. Бүгінгі матчта да «Қыранды» 2:0 есебімен тізе бүктіргенімен есепті жартылай қорғаушы Матиц Марушко ашты. Екінші гол Елжас Алтынбековтың еншісінде. 

Сондықтан, жазғы трансферлік маусымда «Қайсар» басшылығы шабуылшы проблемасын шешеді деген ойдамыз. Елжасқа алғы шепте сенімді серіктес керек. Әйтпесе, өзгелер бұл рөлді дұрыс сомдай алмауда. Қалай болған күнде де қызылордалықтар жеті турдан кейін 15 ұпаймен турнир кестесінде бірінші орынға шықты.

Алайда, басты бәсекелестері де қалысар емес. «Қызыл-Жар» осыдан үш күн бұрын Астанада жергілікті «Бәйтеректен» соңғы минутта жеңісті жұлып алған болатын. Ал «Алтай» 83-минутта Андрей Карпович соққан пенальтидің арқасында өз алаңында 1:0 есебімен «Екібастұзды» тізе бүктірді. Айтпақшы, бұған дейін қақпасына «тірі тышқан» өткізбеген екібастұздықтар ақыры доп алып шығуға мәжбүр болды.

Тартысты ойындардың бірі Теміртауда өтті. Жергілікті «Шахтер-Болат» пен Қызылорданың «Байқоңыры» арасындағы кездесуде қонақтар 0:2 есебімен жеңіліп жатып, Дастан Дүйсембаев пен Ерболат Рүстемов соққан екі голдың арқасында таразы басын теңестірген. Алайда кездесудің соңына таман Константин Бернацкий пенальтиден гол соғып, алаң иелеріне үш ұпай әперді.

Тағы бір тартысты ойын Жетісайда өткен. Ақтаудың «Каспиі» түзде өздері де ойнамайтын, өзгені де ойнатпайтын «Мақтааралмен» 2:2 есебімен тең түсіп, бір ұпайға қол жеткізді. 


*"Алтайдың" 9 ұпайы алынған

Тізімге қайта оралу