|   |   |  Тәжірибелі "БИІК-Қазығұрт" айлалы "Астананы" жеңе алар емес

Тәжірибелі "БИІК-Қазығұрт" айлалы "Астананы" жеңе алар емес

«Астана» мен «БИІК-Қазығұрт» арулар командалары ел біріншілігінің аясындағы екінші кездесуін өткізді. Бұл жолы да елордалықтар мен шымкенттіктер бір-бірін ала алмады.

Бұл командалардың биылдыққа төртінші өзара ойындары. Бұған дейінгі үш кездесудің екеуі 1:1 есебімен аяқталса, біреуінде оңтүстік қыздары 3:1 есебімен жеңіске жеткен. Төртінші текетірес елорданың «Астана-Аренасында» өтті.

Иә, өткен ойындармен салыстырғанда сценарий аса өзгерген жоқ. «БИІК-Қазығұрт» шабуылдаумен болса, «астаналықтар» негізінен қорғанысқа көңіл бөліп, қарымта шабуылдарға иек артты. Бірақ әр ұмтылысы қауіпті еді. Әсіресе капитаны Мария Ялова қонақтардың қорғаушыларын әбден әбігерге салды. Бірде оң қапталдан, бірде сол қапталдан ойқастап, қақпаға допты әбден қақырата тепті. Калоян Петков шәкірттері де қарап қалмады. Гүлнар Габелия бар, оған «Қара құрлықтан» келген «қара маржандары» қосылып, алаң иелерінің қорғаушыларын біраз терлетті. Дегенмен, бірінші таймда есеп сол күйі ашылған жоқ.

Бірінші болып гол соққан қонақтар. Әріптесінен әдемі пас алып, қарсы алдында бір емес, бірнеше қорғаушының болғанына қарамастан допты қақпаға қақырата соққан Габелия Шымкенттің қыздарын алға шығарды. Алайда, Виктор Сеник қыздары еңселерін түсірген жоқ. Келесі шабуылда-ақ таразы басын теңестіріп кетті. Голдың авторы – Анна Костина.

Бұдан кейін екі команда да басымдықты өз қолдарына алуға тырысқандарымен таблодағы көрсеткіш сол күйі өзгермеді. Қорытынды есеп – 1:1, енді «Астана» Шымкентке қонаққа барып, оңтүстіктің екінші командасымен кездессе, «БИІК-Қазығұрт» өз алаңында Ақтөбе қыздарын қабылдайды. Бұл матчтар 11 маусымға жоспарланған.


Виктор Сеник, «Астана» қыздар командасының бас бапкері:

– Ойынымыз күшейіп келеді. «БИІК-Қазығұрт» бізді аздап құрметтей бастады. Әлбетте, бәрі жақсы болып кеткен жоқ. Түзейтін жерлеріміз әлі де өте көп. Дегенмен, қыздарда өздеріне деген сенімділік пайда болды. Енді «БИІК-Қазығұртпен» тек шілде айының соңында кездесеміз. Оған дейін басқа қарсыластарымызды жеңуіміз керек. Алматының командасымен болатын ойын оңай тимейді. Дегенмен, біздің басты бәсекелесіміз – осы шымкенттіктер.


Тізімге қайта оралу