|   |   |  Аршавин қайда, “Қайрат”...

Аршавин қайда, “Қайрат”...

Аршавин қайда, “Қайрат”...
Фото fckairat.kz сайтынан

Бүгін Қазақстан премьер-лигасында оныншы турдың қалған үш ойыны өтіп, “Астана” тоғызыншы жеңісіне қол жеткізді. “Оқжетпес” “Жетісуды” оңдырмай, “Қайрат” Қостанайда үш ұпай олжалады.

Астана” құтты орнына қайта оралды

Бүгін «Астана» елордада «Ақжайықты» қабылдап, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Әрі кешеден бері көш басында тұрған «Ертісті» екінші орынға ығыстырып, алтыншы турдан бергі құтты орнына қайта жайғасты.

Орал футболшыларымен өткен ойында «Астананың» деңгейі жоғары екендігі байқалып-ақ тұрды. Станимир Стойлов команда сапын тағы да сапырылыстырып, қақпаға Мокинді қойып, қорғаныс шебіндегі ойыншыларының қатарына Гурманды қосты. Эрич пен Логвиненконы тынықтырып алғанды жөн көріпті. Команда құрамына кейіннен қосылған екі легионерін де қосалқы құрам орындығында «тұсаулап» ұстап отырды.

Бір қызығы, бұл ойында ешкім де ескерту алған жоқ. «Астана» жеңіске жететініне бек сенімді болғандай, емін-еркін ойнады. Ал «Ақжайық» ойыншылары дөрекілік көрсеткен жоқ. Ойынның аяғында қарқындарын үдетіп, бірнеше шабуыл ұйымдастырды. Бірақ бұл ойында олар айлаларын азулы қарсыласынан асыра алмай, пұшайман болды.

«Астана» – «Ақжайық» – 2:0

Голдар: Нөсербаев, 45. Твумаси, 58.

«Астана»: Мокин, Шомко, Постников, Аничич, Гурман, Каньяс, Максимович, Мұжықов, Твумаси, Деспотович (Щеткин, 87), Нөсербаев (Тағыберген, 75).

«Ақжайық»: Багаутдинов, Николич (Омаров, 73), Сапанов, Колуния, Тапалов, Говедарица, Коронель Ортиз, Валиуллин (Мальцев, 69), Хайыров, Шурыгин, Гридин (Хромцов, 58).

Қайраттың” сұрмергені қаһарына мінді

«Қайрат» Қостанайда «Тобылды» тізе бүктірді. Төртінші турдан бері гол соқпай, тіпті көзге түспей кеткен Жерар Гоу бүгін теңбіл допты екі мәрте «Тобыл» қақпасында тулатты.

Айтпақшы, Андрей Аршавин Қостанайға барған жоқ. Неге екені белгісіз. Бірақ матчтан кейінгі баспасөз жиынында Кахабер Цхададзе ресейлік легионері келесі ойында қатарға қосылуы мүмкін екендігін, сондай-ақ команда дәрігерлерінің білікті мамандар екендігін тілге тиек етіпті. Ауырып қалды ма, әлде жарақаттанып қалды ма?.. Жоқ әлде, басқадай себептері бар ма, белгісіз...

«Тобыл» – «Қайрат» – 1:2

Голдар: Шимкович, 8-пенальтиден (1:0). Гоу, 13 (1:1). Гоу, 56 (1:2).

«Тобыл»: Логиновский, Мирошниченко, Яворский, Кассай, Мухутдинов (Левин 68), Деак, Жулпа, Шимкович (Джалилов, 71), Главина, Жұмасқалиев, Хижниченко (Дудченко, 73).

«Қайрат»: Плотников, Қуантаев (Лунин, 74), Рудосельский, Маркович, Тесак, Тимощук, Бакаев, Исламхан (Дарабаев, 81), Қуат, Исаэль, Гоу (Тавамба, 67).

Оқжетпес«Жетісуды» жүндей түтті...

«Оқжетпес» Талдықорғанда «Жетісуды» ойсырата жеңіп, бесінші турдан бері «меншіктеп» алған үшінші орнына қайта оралды. «Ордабасы» үздік үштікте бір тәулік қана тұрып, бір саты төмен ығысты.

Соңғы екі ойында гол соға алмай қойған «Оқжетпес» бар ашуын «Жетісудан» алар-ау деген ой-болжамымыз дөп шықты. Көкше командасының ойыншылары талдықорғандықтардың қақпасына төрт доп тоғытты.

Ал «Жетісудың» жағдайы мәз емес. Қақпасына теңбіл доп қарша борап, 11-орынға табан тіреп тұр...

«Жетісу» – «Оқжетпес» – 1:4

Голдар: Хайруллин, 2 (0:1). Нганбе, 32 (0:2). Молдақараев, 59 (0:3). Симоновски, 78 (1:3). Хайруллин, 90+4 (1:4).

«Жетысу»: Шабанов, Әмірсейітов, Әділханов (Мыңбаев, 64), Сағындықов, Тұрысбек, Кадио, Клайн, Шабаев, Калинин, Харун-Заде (Симоновски, 35), Савич.

«Оқжетпес»: Стаменкович, Чертов, Чижов, Нейн Еоне (Ристович, 66), Куксин, Богданов, Нганбе (Алхазов, 65), Волков, Хайруллин, Молдақараев (Юрин, 85), Бөлешев.

Тізімге қайта оралу