|   |   |  Бірінші лигада екі көшбасшы

Бірінші лигада екі көшбасшы

Бірінші лигада екі көшбасшы
Алтай – Қайсар 0:0

Бүгін Бірінші лиганың 4-туры аясында жоспарланған бес кездесудің төртеуі өтіп, нәтижесінде көш басына «Қызыл-Жар» мен «Екібастұз» жайғасты. Жалпы, осы турда бес-ақ гол соғылды.

Орталық ойын Өскеменде өтті. Тоғыз ұпайынан айрылып, жаралы арыстанның кейпін кешкен «Алтайдың» ақырғанынан қазір бүкіл команда қорғады. «Қайсар» да Шығыс Қазақстанға тартына барғаны анық. Бір жағынан басты бәсекелестер, бір-біріне лайық қарсыластар. Әдетте, мұндай командалардың ойындарында көп гол соғылып жатады немесе мүлдем голсыз ойын болады. Өскемендегі ойында екі жақ та толассыз шабуылдарға иек артқандарымен таразы басы сол күйі теңселмеді. Қорытынды есеп – 0:0. «Қайсар» турнир кестесінде 3-орынға жайғасса, «Алтай» еншісіне бір ұпай жазғанымен әлі де -2 ұпаймен соңғы орында тұр.

«Екібастұз» бен «Мақтаарал» кездесуі де голсыз аяқталды. Жалпы, шымкенттік команда қызық. Қызық дейміз-ау, қарсыластары үшін ыңғайсыз. Өздері де «жарытып» ойнамайды, басқаны да ойнатпайды. Сондықтан, бұлардың ойындары көбінесе голсыз аяқталып, ары кетсе бір-екі доппен шектеліп жатады.

Ал көш басына «Екібастұзбен» қатар «Қызыл-Жар» да шықты. Қарағандының «Шахтер-Болатын» қабылдап, әр таймда бір-бір голдан соққан петропавлдықтар 2:0 есебімен жеңіске жетті. Алдымен Аслан Жанұзақов есеп ашса, үзілістен кейін Сергей Струков есепті еселеді.

Төртінші турдағы ең көп гол «Байқоңыр» – «Бәйтерек» кездесуінде соғылды. Қызылорданың «Локомотив» стадионында өткен ойында алаң иелері аутсайдерлердің қақпасына жауапсыз үш гол соқты. Екі минуттың ішінде екі гол соққан Дастан Дүйсембаев ірі есепке жол ашып берсе, екінші таймда Абдумутам Жолдасов матчты қорытындылады.

Ертең «Қыран» – «Каспий» кездесуін күтеміз. Бұл ойын турнир кестесіне біршама өзгеріс енгізуі мүмкін.


*Ескерту: "Алтай" футбол клубының 9 ұпайы шегерілген

Тізімге қайта оралу