|   |   |  Алыптардың айқасы «Астананың» жеңісімен аяқталды

Алыптардың айқасы «Астананың» жеңісімен аяқталды

Алыптардың айқасы «Астананың» жеңісімен аяқталды
"Астана" – "Қайрат" 1:0

Дәл қазіргі таңдағы Қазақстандағы ең алпауыт клубтар – «Астана» мен «Қайрат». Бұған ешкімнің дауы болмауы тиіс. Қаржылай жағынан болса да, маркетингтік жұмыстары жөнінен болса да, спорттық көрсеткіштері тұрғыдан қарасақ та, бұл екеуінің өзгелерден оқ бойы озық екенін байқауға болады. Оның үстіне, қос астананың командалары арасындағы матч қашан да текетіреске толы болған. Сондықтан, жанкүйерлердің бұл кездесуді асыға күткені жасырын емес.

«Астана» – «Қайрат» (Алматы) 1:0 (1:0)

Гол: Максимович, 7.
Ескертулер: Шомко 29, Мужиков 43, Деспотович 82, Аруна 90+2 — Тесак 47. 
«Астана»: Эрич, Постников, Аничич, Каньяс, Твумаси, Деспотович (Щеткин 87), Максимович, Шомко, Мужиков (Аруна 89), Нөсербаев (Тағыберген 77), Логвиненко.

Резерв: Мокин, Абдурахими, Бейсебеков, Гурман, Күлбеков, Шаихов.
«Қайрат»: Плотников, Қуантаев (Лунин 82), Исаэль, Тимощук, Маркович, Аршавин (Қуат 73), Тавамба, Тесак, Бакаев, Исламхан, Рудосельский.

Резерв: Сидельников, Дарабаев, Райымбек, Вороговский, Хабаев.
Төрешілер: И.Чесноков (Өскемен), Д.Будниченко (Екібастұз), В.Дерцапф (Орал).
Астана. «Астана Арена». 11 000 көрермен

Ойын қарсаңында «Қайрат» сапында алаңға Жерар Гоудың шықпайтыны белгілі болды. Бұл биыл онсыз да аз гол соғып жүрген алматылықтардың жағдайын одан сайын қиындатып жібергені анық. Оның орнын шабуыл шебінде камерундық Леандре Тавамба басты.

Ал ойын негізінен қонақтардың толассыз шабуылымен өтсе де алаң иелерінің шабуылдары қауіптірек болған. Есепті кездесудің 7-минутында-ақ ашты. Серікжан Мужиков айып добын әдемі орындаған еді, допқа өзгелерден бұрын жеткен Неманья Максимович қақпаға бұрып жіберді. Бірақ, шыны керек, сырттан тамашалап отырған біз үшін доп Серікжанның соққысынан кейін-ақ қақпада тулап жатқандай көрінген. Дегенмен, бейнеқайталаудан анық байқалғандай сербиялық легионер допты түртіп үлгерген екен.


Тең есепке лайық еді бұл ойын

Бұдан кейін де «астаналықтар» шабуылын тоқтатпады. Негізінен тізгінді алматылықтарға беріп қойып, өздері қарымта шабуылға ғана иек артқанымен Таңат Нөсербаевтың әдемі соққысынан кейін есеп 2:0 болуы тиіс еді. Алайда, доп «жын соққандай» бағытын өзгертіп, қақпа маңдайшасына тиіп кері қайтты. Ал Патрик Твумасидің қақырата тепкен соққысы тура маңдайша мен бағананың бұрышына тиді.

Алайда, «Қайрат» та қарап қалған жоқ. Тізгіннің соларда болғанын айттық. Егер капитаны Бауыржан Исламханның екінші таймдағы шиіре тепкен добы голға айналғанда осы чемпионаттағы ең әсем голдардың бірі болар еді. Өкінішіне қарай, Ненад Эрич әзер болса да, бұрыштамаға қайтарып үлгерді.


Бауыржан Исламханның соққысын Ненад Эрич әзер қайтарды

Жалпы, тең ойынға татыған алыптар текетіресі «Астананың» жеңісімен аяқталды. «Қайратқа» ойынды өз қолына алатын Батори сияқты тағы бір көшбасшы жетіспеді. Рас, биылғы Премьер-лиганың басты жұлдызы Андрей Аршавин де барынша тырысты. Бірақ Шаваның әлі бабына келе алмай жүргені байқалады. Оның үстіне, физикасы әлі әлсіздеу секілді. 90 минут бойы жүгіруге шамасы жетпейтініне тағы да көз жеткізіп отырмыз.

– Бізге енді чемпион атану үшін алдағы ойындардың ешқайсысында жеңілмеу қажет. Өйткені, «Астананы» тоқтату мүмкін болмай тұр. Олар тур өткен сайын бізден ұзап барады. Өз мақсаттарының 70 пайызын орындап қойды, - деп кездесуден кейін журналистерге сұхбат берген Андрей Аршавин ағынан жарылды.

Енді «Қайратты» 5 мамыр күні «Жетісумен» болатын ойын күтіп тұр. «Бұл жеңілісті дереу ұмытып, келесі кездесуге дайындалуымыз қажет» деген «Қайраттың» бас бапкері Кахабер Цхададзе ойынның алғашқы минуттарында «Астананы» тым еркінсітіп қойғанын айтып, ойыншыларына аздап кейіді.


"Астана" ойыншыларында мінез деген жетерлік

Дегенмен, байқағанымыз, Бородюк баптаған «Қайратқа» қарағанда Цхададзенің «Қайратында» оң өзгеріс бар. Футболшылар бұрынғыдай қорғанысқа жатып алып жүрген жоқ, бақытын шабуылдан іздейді екен. Допты қарсыласына бермеуге тырысып, өздері патшалық етуге ұмтылатындығы ұнады. Сондықтан, Кахабер бапкерді әзірге соншалықты жазғырудың жөні жоқ. Уақыт беру қажет. Ойын бар, ал нәтиже соған сәйкес келеді. Тек өздеріне деген сенімдерін жоғалтып алмаса болғаны.

Тізімге қайта оралу