|   |   |  Қазақстан кубогы кімге қажет?

Қазақстан кубогы кімге қажет?

Қазақстан кубогы кімге қажет?
Қазақстан кубогы кімге қажет?

Бүгін Астанада Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасының кеңсесінде Ел кубогының ширек финалына шыққан командалар арасында жеребе тарту рәсімі өтіп, барлық командалар өз қарсыластарын анықтады.

Ширек финал жұптары

         Айта кетейік, ширек финалдық бәсеке бір ғана матчтан тұрады. Ойындар 25 мамыр күніне жоспарланған. Одан кейін жартылай финал. Жартылай финалдың кездесулері 21 қыркүйек пен 6 қарашаға белгінген. Ал финал 19 қараша күні өтеді. Әзірге басты матчтың қай қалада өтетіні белгісіз.

Сонымен, Қазақстан кубогының ширек финалында кездесетін жұптар.

«Атырау» – «Ордабасы»
«Қызыл-Жар» – «Астана
«Оқжетпес» – «Ертіс»
«Жетісу» – «Қайрат»

Қай команданың бағы басым болмақ?

Ендігі кезекте әр команданың әлеуетіне тоқталып, қайсыларының келесі кезеңге өтетінін саралап көрсек.

«Атырау» – «Ордабасы»

«Атырау» 1/8-финалда «Алтайды» әзер жеңді. Негізгі құраммен ойнаса да төреші қосқан үш минуттың соңғысында ғана жеңіске қол жеткізе алды. Оның үстіне, «Атырау» биылғы чемпионатты ала-құла өткізуде. Ал «Ордабасы» ел кубогының мұның алдындағы кезеңіндегі кездесуде жартылай резервті құраммен Бірінші лиганың тағы бір командасы «Қайсарды» 2:0 есебімен тізе бүктірді. Рас, «Ордабасының» да қазіргі ойыны оңып тұрған жоқ. Ал келесі маусымда да еуродада өнер көрсеткісі келетін шымкенттіктер Қазақстан кубогын қосалқы вариант ретінде қарастыратыны сөзсіз. Сондықтан, жартылай финалға «сиқырлап» болса да шығуға тырысатындықтары анық.

«Қызыл-Жар» – «Астана»

Петропавлдықтар 1/8-финалда күтпеген жерден түзде «Тобылды» тізерлетіп, қостанайлықтардың бас бапкері Дмитрий Огайдың қызметінен кетуге себепші болған. Бірақ азулы «Астанаға» шамасы жете қояр ма екен? Әлбетте, мұның алдындағы матчта «Каспийге» қарсы қосалқы құрамын шығарған елордалықтар Петропавлға да бар мықтыларын апармасы сөзсіз. Дегенмен, жартылай финалға Станимир Стойлов шәкірттерінің шығатынына ешкім де күмәнданбайтын шығар.


"Астанаға" Қазақстан кубогы қажет пе?

«Оқжетпес» – «Ертіс»

Ширек финалдағы жұптардың ішінде бір-біріне ең лайықтысы осы командалар. Қайсысының жеңіске жетіп, қайсысының сүрінетінін тап басып айту қиын. «Оқжетпес» 1/8-финалда «Таразды» жеңді. Есеп – 2:1 болған. Алайда, «тараздықтардың» бұл кездесуге жартылай резервті құраммен шыққанын, оның үстіне кездесу тағдырының тек соңғы минутта шешілгенін айта кету қажет. Ал «Ертіс» түзде «Ақжайықты» 1:0 есебімен сүріндірген. Дегенмен, жартылай финалға көкшеліктер шығатын тәрізді. «Астана-Арена» олар үшін өз стадионы болып кеткені де жасырын емес. Бұл матч та елордада өтуі мүмкін.

«Жетісу» – «Қайрат»

Бұл жұпта бәрі де анық. Ел чемпионатында аяғын әзер алып жүрген «Жетісу» үшін Қазақстан кубогы қажет те емес шығар. Рас, 1/8-финалда түзде «Ақтөбені» ұтты. Бірақ, бұл жайт алматылықтарға қарсы ойында аргумент бола алмайды. «Қайрат» қазір қаһарына мінген. Чемпионатты жеңе алмай қалған жағдайда Кахабер Цхададзе шәкірттері үшін Ел кубогы жақсы жұбату болмақ. Сондықтан, «Қайрат» ойынның Талдықорғанда өтетіндігіне қарамастан қалай да жартылай финалға шығатыны анық.  

Тізімге қайта оралу