|   |   |  Қазақстанда футболшыларды бейнеқайталаудың қорытындысы бойынша жазалауы мүмкін

Қазақстанда футболшыларды бейнеқайталаудың қорытындысы бойынша жазалауы мүмкін

Қазақстанда футболшыларды бейнеқайталаудың қорытындысы бойынша жазалауы мүмкін
Сорокиннің дауы қоғамда дүрбелең туғызды

Қазақстан футбол федерациясы Тәртіптік-бақылау комитетінің төрағасы Ерлан Жамантаев ел чемпионатында төреші байқамай қалған жайттарды бейнеқайталаудан анықтап, соның қорытындысы бойынша кінәлі ойыншыларды жазалауды ұсынды.

«Сорокиннің мәселесі» немесе «Рафиктің еш кінәсі жоқ»

«Төреші байқамай қалған жайттарды бейнеқайталаудың қорытындысы бойынша анықтайық» деген ұсынысты Ерлан Айтбайұлы 26 сәуір күні өткен Тәртіптік-бақылау комитетінің кезекті мәжілісінде «Сорокиннің мәселесін» қарастырғаннан кейін айтты. Естеріңізге сала кетейік, Премьер-лиганың 7-туры аясында Алматыда өткен жергілікті «Қайрат» пен «Ақтөбе» кездесуінің 81-минутында «ақтөбелік» Егор Сорокин алаң иелерінің қорғаушысы Жарко Марковичті бүйірден періп қалып, нокдаунға түсірген. Алайда бас төреші Игорь Алешин әлгі жайтты байқамаса керек, ешкімге де ешқандай шара қолданбады.  

– Бейнеқайталауда көрсетіп тұрғандай, Сорокин шынымен де қарсыласының бүйірінен ұрған. Бірақ, меніңше соның алдында Маркович Сорокиннің аяғын қасақана әдейі басып кетіп, ауыртқан. Осылайша Сорокин Марковичтің арандатуынан кейін агрессиялық әрекетке барғаны мен үшін айқын болып тұр. Екі футболшы да арбитр тарапынан жазаға лайық болды. Бірақ төрешілер бұл эпизодты көрмей қалды. Сондықтан, матч кезінде ешқандай шара қолданылмағанына байланысты ҚФФ-тың қазіргі Тәртіптік регламентіне сәйкес, ТБК бұл футболшыларға қандай да бір шара қолдануға құқығы жоқ, - деді Ерлан Жамантаев.


Қазақстан футбол федерациясының ресми сайтында жарық көрген Төрағаның бұл пікірі көпшіліктің ызалы күлкісін ғана келтірді. Тіпті, кейбіреулері «Камеди клабтағы» «Рафиктің еш кінәсі жоқ» деген қойылымға теңеп жатты. Бәлкім, өз баласын барлық қылмыстан ақтап алып, «қоғамды Рафик үшін қауіпті» деп тапқан Махмуд Мамедов сияқты Егор Сорокинге де Қазақстан футболы қауіпті шығар. Мүмкін оны да Монте-Карло асырып жіберерміз.

«Ақтөбеден» мысал көп

«Сорокиннің мәселесі» үшін жанкүйерлер мен спорттық басылымдардың неліктен үдере шулағанын түсінбей дал болған Ерлан Айтбайұлы арбитрлардың назарынан тыс қалған басқа да жайттарды мысалға келтірді. Мәселен, ел чемпионатының 2-туры аясында өткен «Тараз» - «Астана» кездесуінде алаң иелерінің қақпашысы Александр Григоренко қарсыласын әдейі итеріп жіберген. «Бірақ төреші «Тараз» қақпасына пенальти де белгіленген жоқ, Григоренконы алаңнан қумады да», - дейді Жамантаев.

Осы тектес жайт 3-турдағы «Астана» – «Ақтөбе» ойыны кезінде де қайталанған. Елордалық қорғаушы Юрий Логвиненко қарсыласын әдейі ұрған. Бірақ мұнда да бас төреші Логвиненкоға ешқандай шара қолданбады.

Иә, Ерлан Айтбайұлының айтып тұрғандары орынды. «Тараз» – «Ақтөбе» кездесуінде де, «Астана» – «Ақтөбе» матчында да мұндай нәрселердің болғанын туралы бірнеше секундтық бейнедәлелдер ҚФФ сайтында келтірілген. Бірақ, неліктен тек «Ақтөбенің» қатысуымен болған ойындардағы эпизодттарды ғана жинап-терген?


Сорокиннің дауы ел футболына жаңа өзгерістер әкелуі мүмкін

Атқару комитетінің мәжілісін күтеміз

– Тәртіптік-бақылау комитеті шешім шығарарда ҚФФ құжаттарына сүйенеді. Регламентте мұндай пункт жоқ болғандықтан, қанша жерден әділ болса да ТБК Григоренкоға да, Логвиненко мен Сорокинге де ешқандай шара қолдана алмайды. Сондықтан, ҚФФ Тәртіптік регламентіне өзгеріс енуін күтеміз, - деді Ерлан Жамантаев.

Төрағаның айтуынша, бұл ұсынысты алдағы уақытта Атқару комитеті қарастыратын болады. Егер ұсыныс оң деп шешілсе, онда Қазақстанда да футболшыларды Англия және Ресей чемпионаттарындағыдай бейнеқайталаудың қорытындысы бойынша жазалайтын болады. Ендеше, Атқару комитетінің алдағы мәжілісін күтеміз.

Тізімге қайта оралу