|   |   |  Бірінші лигадағы білікті бапкерлер

Бірінші лигадағы білікті бапкерлер

Бірінші лигадағы білікті бапкерлер
Суретте – Қайрат Айманов ("Каспий)

Кеше футболдан Қазақстан кубогының 1/8 финалдық ойындары өтіп, бірінші лигада өнер көрсететін төрт команда премьер-лига клубтарымен тайталасты.

Бірінші лига командалары арасынан екшеліп шыққан төрт команда елміздің ең жоғарғы тобындағы кіл мықтыларға дес берген жоқ. Біреуі, атап айтқанда, «Қызыл-Жар» құрамы деңгейі жоғары ойыншылармен жасақталған «Тобылды» ел кубогы додасынан тыс қалдырды.

«Каспий» азуы алты қарыс «Астанаға» оңайшылықпен алдырмады. Қосалқы құрамымен-ақ ширек финалға шықпақ болған елорда клубын қара терге түсірді. Матч соңында Станимир Стойлов негізгі құрамдағы ойыншыларын шығармағанда, ойынның қалай аяқталары белгісіз еді.

«Алтай» да «Атырауды» діңкелетті. Бұл кездесуде де жалғыз гол ойынның негізгі уақытына қосылған үш минуттың соңғы секундтарында соғылды. Тек «Қайсар» ғана Шымкентте «Ордабасы» клубынан екі доп айырмасымен ұтылып қалды. Бұл ойында да голдар, әсіресе екіншісі, ойынның аяғында (соңғы секундтарда) соғылды.

Иә, бірінші лиганың командалары ысылап қалыпты. Бұл жөнінде Астанада ойнаған «Каспий» командасының бас бапкері Қайрат Айманов:

Биыл бірінші лигадағы дода шектен тыс тартысты өтуде. Былтырғымен салыстырғанда командалар саны қысқарды. Бірақ лиганың жалпы деңгейі едәуір өсті, – деп, өз ойын білдірді.

Біздің байқағанымыз, бірінші лиганың кейбір клубтарын әлеуеті зор, талантты бапкерлер жаттықтырады. Мысалы, Фомичев, Айманов және Тимофеев сынды елімізге танымал бапкерлердің премьер-лига клубтарына бас бапкер болуға да қабілеттері мен біліктіліктері толығымен жетеді.

Биыл бірінші лигадағы бірнеше клуб премьер-лига жолдамасын жеңіп алудан дәмелі. Ендеше, бұл топта биыл бәсекелестік өте жоғары болуы керек.

Ал біз сіздердің назарларыңызға бірінші лигадағы командалардың бас бапкерлері тізімін ұсынамыз:

«Қызыл-Жар СК» (Петропавл) – Владимир Фомичев

«Каспий» (Ақтау) – Қайрат Айманов

«Қайсар» (Қызылорда) – Сұлтан Әбілдаев

«Мақтаарал» (Атакент, ОҚО) – Шайзидин Кенжебаев

«Екібастұз» (Екібастұз) – Қуаныш Өтеулов

«Қыран» (Шымкент) – Амерби Динаев

«Шахтер-Болат» (Теміртау) – Рафаэль Хамидулов

«Бәйтерек» (Астана) – Игорь Свечников

«Байқоңыр» (Қызылорда) – Қанат Шерімбетов

«Алтай» (ШҚО) – Сергей Тимофеев (Қазақстан/Ресей)

Тізімге қайта оралу