|   |   |  Жетінші турдың ең үздік ойыншысы – Рохер Каньяс

Жетінші турдың ең үздік ойыншысы – Рохер Каньяс

Жетінші турдың ең үздік ойыншысы – Рохер Каньяс
Фото pflk.kz сайтынан

Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасының баспасөз қызметі Instat компаниясының сараптамалары негізінде 7-турдың статистикалық мәліметтерін жариялады.

Бұл турда техникалық және тактикалық әрекеттер жүзеге асыру жағынан «Қайрат» клубы үздік шығыпты. «Ақтөбе» командасымен өткен матчта алматылықтар 1130 әрекет қолданған екен. Оның 898-і сәтті аяқталған.

Футболшылардың жекелей көрсеткіштері бойынша, бұл жағынан Анатолий Тимощукке жетер ешкім болмаған. Ол 143 техникалық-тактикалық айла-әрекет қолданып, соның 120-сы сәтті орындалған. Одан кейінгі орындарда – оның командаластары Бауыржан Исламхан мен Михаил Бакаев.

«Тобыл» жетінші турда 138 рет шабуылға шыққан. Бұл көрсеткіш жағынан «Қайрат» – екінші (128), «Астана» – үшінші (123) орында.

Жоғарыда аталған Instat компаниясының есеп-қисабы бойынша, VІІ-турдың үздік ойыншысы – «Астана» клубының жартылай қорғаушысы Рохер Каньяс. Колумбия футболшысының индексі – 233. Екінші орында – «Оқжетпестің» қақпашысы Саша Стаменкович (218). Ал үшінші орында – «Қайраттың» қорғаушысы Лукаш Тесак (216).

Қақпашылар арасында бұл турда да Саша Стаменковичке тең келер ешкім болмаған (индексі – 218). Екінші Ярослав Багинский («Шахтер») – 200, ал үшінші Александр Григоренко («Тараз») – 190.

«Қайрат» ойыншылары қарсыласының қақпасын нысанаға алудан да озық шыққан – 26 рет. Оның 12-ісі «Ақтөбенің» қақпасына тура бағытталған.

Бұл тұрғыда футболшылардың жекелей көрсеткіштеріне көңіл аударсақ, «Оқжетпестің» жартылай қорғаушысы Ристо Ристович бәрінен асып түскен. Ол «Ордабасы» командасының қақпасына 7 соққы (3-еуін тура) бағыттаған. Екінші «Шахтердің» ойыншысы Дэсли Уббинк – 5 (3), ал үшінші Михаил Бакаев – 6 (2).

Қарсыласының қорғанысын «кесіп» те, «тесіп» те өтетін тамаша пас беру жағынан Бауыржан Исламхан мен Мақсат Байжанов теңдессіз танылған. Олардың қолмен қойғандай етіп берген бес пастарының үшеуі аса сәтті орындалған.

Тізімге қайта оралу