|   |   |  "Қайсар" Бірінші лигада көш бастады

"Қайсар" Бірінші лигада көш бастады

"Қайсар" Бірінші лигада көш бастады
"Қайсар" футболшылары "Астана-Аренада"

Бірінші лиганың 3-туры аясында елорданың «Астана-Арена» стадионында жергілікті «Бәйтерекпен» бәсекеге түскен Қызылорданың «Қайсары» 3:0 есебімен жеңіске жетіп, турнир кестесінде көш бастады.

«Бәйтерек» (Астана) – «Қайсар» (Қызылорда) 0:3 (0:2)

Голдар: Нәрзілдаев, 6-пен. Алтынбеков, 48. Сахалбаев, 52.
Бас төреші: Болат Сариев (Орал)

Голдар туралы қысқаша ғана. Алдымен 6-минутта Думан Нәрзілдаев пенальтиден есеп ашып, қонақтарды алға шығарса, үзілістен кейін Елжас Алтынбеков есепті еселеп, команда капитаны Руслан Сахалбаев матчты қорытындылады.

Дегенмен, ойын толығымен «Қайсардың» басымдығымен өтті деуге де келмейді. Шамасы, жылдам голдан кейін босаңсып қалған секілді, тізгінді алаң иелеріне беріп қойды. Егер шабуылда ширағырақ қимылдап, дәлдік көрсеткенде «Бәйтерек» те гол соғып кетер ме еді, кім білсін. Ал үзіліс кезінде бас бапкер Сұлтан Әбілдаев пен көмекшісі Александр Москаленко шәкірттерінің жігерін жани білетін сөздер таба білген секілді. Екінші таймда команда мүлдем басқаша ойын көрсетіп, «Бәйтерек» ойыншыларын тырп еткізбеді. Егер Елжас Алтынбеков өзінде болған барлық мүмкіндіктерді голға айналдыра алғанда есеп бұдан да ірі болуы әбден мүмкін еді.

– Команда құрамы тоқсан пайызға өзгерген. Әзірге бір-бірін түсінісіп жатыр. «Қайсар» өз әлеуетін әлі толық көрсеткен жоқ. Ең бастысы, нәтиже ғой. Енді келесі турда түзде біріншілік фавориттерінің бірі «Алтаймен» кездесеміз. Міне, сол ойында барымызды салуымыз қажет, - деді бас бапкер Сұлтан Әбілдаев.

«Алтай» демекші, Кәсіпқой футбол лигасының шешімімен 9 ұпайынан айрылып, турнир кестесінде бірден соңғы орынға түсіп кеткен семейліктердің еншісінде қазір -6 ұпай. Олар өте ашулы. Ертең бар қаһарын Теміртауда «Шахтер-Болат» командасына төгуі ғажап емес. Сондай-ақ, ертең «Қайсардың» алдын «Қызылжар» командасы орап кетуі мүмкін. Алайда, «Мақтаарал» да оңай шағылар жаңғақ емес. Оның үстіне, Владимир Фомичев шәкірттері жетісайлықтармен Шымкентте ойнамақ. Ал «Қайсарға» қайта оралар болсақ, клубтың алдында Премьер-лигаға шығу тапсырмасы тұр.

– Биыл қалай да Бірінші лиганы жеңіп, Премьер-лигаға жолдама алуымыз қажет. Барымызды саламыз. Клубта футболшылар үшін, жалпы жұмыс үшін облыс басшылығының тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр. Енді тек мықтылығымызды жасыл алаңда дәлелдеуіміз керек. Әлбетте, «Бәйтерекпен» болған ойын біз үшін көрсеткіш емес. Барлық тартыс әлі алда, - деді клуб директоры Эдуард Глазунов.

Иә, құрамы жағынан «Қайсар» Бірінші лигадағы ең мықты клуб болмаса да, жігіттердің жасыл алаңдағы жанкештілігі әзірге қызылордалықтарды басқалармен салыстырғанда фаворит қылып тұр. 

Тізімге қайта оралу