|   |   |  “Ертістің” қақпасының “пәктігін” кім бұзады?

“Ертістің” қақпасының “пәктігін” кім бұзады?

“Ертістің” қақпасының “пәктігін” кім бұзады?
Фото fca.kz сайтынан

Қазақстан премьер-лигасында алғашқы бес турдың ойындары өтті. "Ертіс" клубы қақпасына әлі бірде-бір гол жібермей, жеке дара көш бастап келеді.

«Ертістің» көктемгі екпіні

«Ертіс» биылғы маусымды өте жоғары қарқында бастады. Бес ойында 11 гол соғып, өз қақпасына әлі бірде-бір доп жіберген жоқ. Өте жоғары көрсеткіш, доп айырмасы – адам қызығарлықтай. Нобайлап айтқанда, әр ойында орта есеппен екі голдан соғады.

Соңғы үш маусымдағы, яғни 2013 жылдан бергі ел чемпионатының алғашқы бес турына көз жүгіртсек, ешбір команда 11 доп айырмасымен көш бастамаған екен. Тіпті бес турда 11 гол соққан команда жоқ. Тек «Қайрат» былтыр алғашқы бес турда 10 гол соқты.

«Ертіс» биыл, бірінші турда «Оқжетпесті» қабылдап, 1:0 есебімен ұтты. Бұдан кейін Оралда «Ақжайықты» 3:0 есебімен ойсырата жеңді. Тура осындай есеппен (3:0), өз алаңында «Атырауды» да есеңгіретті. Өткен турда Теміртауда «Шахтерді» 2:0 есебімен сан соқтырып кетті. Ал кеше «Ордабасы» клубынан да 2:0 есебімен басым түсіп, ойран салды.

Лорияның қақпасына доп кірмегелі – 500 минут

Биылғы маусымдағы бес ойында да «Ертістің» қақпасын Давид Лория қорғады. Әрі ол өз қақпасына әлі гол жіберген жоқ. Датоның қақпасына ел чемпионатында әзірше ең соңғы голды соққан – Мақсат Байжанов.

Өткен жылғы ел чемпионатының соңғы турында «Ертіс» түзде «Атыраумен» кездесіп, 0:1 есебімен ұтылып қалған. Жалғыз голды ойынның 40-минутында Байжанов соққан болатын. Рас, кейбір басылымдарда бұл гол 39-минутта соғылған деп жазылыпты.

Біз ҚР Кәсіпқой футбол лигасының сайтындағы ресми деректерге, нақтырақ айтқанда, ойын хаттамасына сүйеніп, 40-минут деп алдық. Сонда: 5 х 90 + 50 = 500 минут.

"Астана" алты тур бойы гол жібермеген

Ел чемпионатының соңғы үш жылдағы шежіресіне көз жүгіртсек, 2014 жылы «Астана» да маусымды осылай бастапты. Яғни жетінші турға дейін өз қақпасына бірде-бір гол жібермеген.

«Астана» әуелі «Жетісумен» өз алаңында 0:0 есебімен тең түскен. Содан соң Шымкентте «Ордабасы» клубынан 1:0 есебімен басым түскен. Бұдан кейін елордада екі ойын өткізіп, екеуінде де тура осындай есеппен жеңіске жеткен. Әуелі «Қайсардың» қақпасына 94-минутта пенальтиден гол соқса, төртінші турда «Таразды» да жалқы доппен тізе бүктірген. Бесінші турда Алматыда «Қайратпен» ұпай бөліскен (0:0). Алтыншы турдағы қарсыласы «Тобылды» да 1:0 есебімен тобықтан қаққан.

Осылай алты тур бойы өз қақпасына доп кіргізбей, көш бастаған. Осы ойындарда елорда клубының қақпасын Владимир Логиновский қорғаған болатын. Алайда «Астана» алты ойында төрт-ақ гол соққан. Содан соң – жетінші тур.

Сол турда көшбасшының қақпасы да, көрсеткіштері де ойран-топыр болады. Ал жетінші турда қай командамен кездескенін білесіздер ме? «Ертіс»! Павлодардың «Орталық» стадионында өткен шектен тыс тартысты матчта «Астана» 4:3 есебімен жеңіске жетеді. Ұлықбек Бакаев пен Атанас Курдов гол соғудан «жарысады». Есеп 1:1 болып жатқанда, өзбек шабуылшысы екі гол соғып, «Ертісті» алға шығарады. Бірақ болгар футболшысы жарты сағатта хет-трик жасап, «Астанаға» жеңіс әпереді.

Осылай, «Астананың» алты тур бойы сары майдайдай сақталған, теңбіл доп түгілі, «қылшық» жуытпаған қақпасына бір ойында үш гол соғылады. Ал өздері алты ойында әзер соққан төрт голды (оның өзінің екеуін пенальтиден) бір матчта «үйіп-төгіп» тастайды.

Тарих қайталана ма? Жетінші тур...

Биыл өз қақпасына доп жуытпай, сары майдай сақтап келе жатқан «Ертіс» алтыншы турда «Ақтөбемен» кездеседі. Егер осы ойында Лория өз қақпасын тағы да гол атаулысынан аман алып шықса..., онда – жетінші тур.

Ал жетінші турда «Ертіс» өз алаңында «Астананы» қабылдайды. Тарих тағы қайталана ма? 2014 жылдағы матчтай, теңбіл доп екі қақпаға қарша борай ма екен?

Қалай десек те, жетінші турдан кейін чемпионат кестесіндегі «Ертістің» «өз қақпасына жіберіп алған голдары» деген бағанасында «0» саны тұрмайтын шығар... Әлде өзгеріссіз, сол күйінде қала бере ме екен?

Иә, «Ертіс» пен Лорияның қақпасының «пәктігін» кім бұзады?. Соңғы голды соққан Байжанов биыл «Шахтерде» ойнайды. Ал «Шахтер» мен «Ертіс» төртінші турда кездесіп, кеншілер клубы өз алаңында 0:2 есебімен ұтылып қалған.

Яғни өткен маусымның соңғы турында «Ертістің» қақпасын «құлыптаған» Байжанов биыл оны аша алмайды. Сонда кім? Бөлешев, Молдақараев, Нөсербаев, Мұжықов, Деспотович, әлде...

Тізімге қайта оралу