|   |   |  "Қайсар", "Алтай", "Қызылжар" – Үш фавориттің қайсысы Премьер-лигаға лайық?

"Қайсар", "Алтай", "Қызылжар" – Үш фавориттің қайсысы Премьер-лигаға лайық?

"Қайсар", "Алтай", "Қызылжар" – Үш фавориттің қайсысы Премьер-лигаға лайық?
Мақтаарал - Қайсар 0:0 (Фото "Степные волки" әлеуметтік парақшасынан)

Бүгін футболдан Қазақстан Республикасының Бірінші лигасы басталды. Бізді қызықтыратыны фавориттердің жайы. Олар маусымға қаншалықты дайын? Саралап көрелікші.

Фаворит деп «Қайсар», «Қызылжар» және «Алтай» командаларын меңзеп тұрмыз. Құрамы жағынан да, қаржылық жағдайы жағынан да осы үш команда дәл қазір өзгелерден озық келеді. Бірақ Премьер-лигаға берілер жолдама екеу-ақ. Онда да біреуі електік ойын арқылы өтеді. Өте алса егер. Ал қайсысы артық?

Мамандар әу баста-ақ басты тартыс осы үшеуінің арасында өтетінін айтқан. Былтыр «Премьер-лиганы 14 немесе 16 командаға дейін көбейтейік» деп шырылдағандар да осылар. Тіпті «Қайсар» футбол клубы Қазақстан футбол федерациясы мен Кәсіпқой футбол лигасына бір-бірден хат та жазып шыққан. «Қызылжар» басшылығы баспасөз беттеріне сұхбат та берді. Дегенмен, арыздары қанағаттандырылмай, Премьер-лига жолдамасын спорттық принціп бойынша жеңіп алуға мәжбүр.

«Қайсар». Бәз бір жанкүйерлер «Қайсар» биыл Бірінші лиганы алты ұпаймен бастайды деп жүр. Олардың пікірінше Қызылорданың екінші командасы «Байқоңыр» екі ойынды да «қасқырларға» бәйгесіз беруі тиіс. Бірақ, «Байқоңыр» да оңай шағылар жаңғақ емес. Құрамы соншалықты қарымды болмағанымен оларда да намыс бар. Керісінше, футболшылары өз мықтылықтарын дәлелдеу үшін өзара кездесуде барын салып, тізерлетіп кетуі де мүмкін. Рас, бүгін «Қызылжардан» 0:2 есебімен жеңіліп қалды. Алдымен Әли Әлиев есеп ашса, үзіліске үш минут қалғанда Бошко Ступич есепті еселеді. «Қызылжар» жайлы келесі абзацта толықтыра жатармыз. Әзірше «Қайсарға» қайта оралайық. Былтыр Премьер-лигада ұшып кеткен «қасқырлардың» қазіргі құрамы клуб амбициясына лайық па? Иә, Сұлтан Әбілдаев, Александр Москаленко, Ерлан Шойтымов бастаған бапкерлер алқасының біліктілігіне күмән жоқ. Ойыншылары тәп-тәуір. Алайда, «Алтай» Андрей Каропичке сенеді, «Қызылжар» Әли Әлиевке арқа сүйейді. Ал қызылордалықтарда кім бар? Капитан Руслан Сахалбаев командасын өрге сүйрей ала ма? Әй, қайдам... Легионерлері де соншалықты сапалы емес. Сондықтан, дәл қазір «Қайсарға» өз түлектерінің күшіне сену керек. Кешегі «бөлтірік» Елжас Алтынбеков, Думан Нәрзілдаев, Олжас Алтаевтар ендігі «қасқыр» болған шығар. Міне, осы жігіттерге белді бекем буып, тізгінді өз қолдарына алу қажет. Әйтпесе, «Мақтааралды» ұта алмау деген не сұмдық?! Еңсе түзер кез келді. Егер ойындарына өзгеріс енгізбесе «Алтай» мен «Қызылжар» аңқайтып кетулері әбден мүмкін.


"Қайсарға" биыл оңай болмайды (Фото "Степные волки" әлеуметтік парақшасынан)

«Алтай». Өскеменнің «Востогы» мен Семейдің «Спартагын» құрбандыққа шалып, ашқандағы «Алтайдың» алғашқы аяқ алысын Ел кубогының електік кезеңінде көргенбіз. Сол кезде Ақтаудың «Каспиіне» қарсы ойнап, жеңіліп қалған кезде «Алтайдың» құрамы «жарамсыз жұлдыздарды» көзге елестеткен. Қазақстан ұлттық құрамасында бірнеше жыл бойы капитан болған Андрей Карпович, Ресеймен бірге «Еуро-2008» чемпионатында қола жүлдегер атанған Денис Колодин, «Плейбой» жұлдызының күйеуі Пламен Димов сынды саңлақтардың ойнағанына қарамастан шығыс қазақстандық клубтың ойынында мән болмаған. Бірақ сол «Каспийді» «Алтай» Бірінші лиганың бірінші турында жеңді. 76-минутта Алексей Шакин гол соқты. Бұған дейінгі матчтарына қарағанда ойынына аздап әр кірген. Игорь Востриковтың командасы бұдан кейінгі матчтарда да тек күшейе беретін секілді.


"Алтай" алғашқы жеңісіне қол жеткізді (Фото "Алтай" ФК әлеуметтік парақшасынан)

«Қызылжар». Cоңғы рет Премьер-лигада 2009 жылы ойнаған петропавлдық команданың Бірінші лигада «былығып» жүргеніне биыл алтыншы жыл. Былтыр Григорий Лория бастаған клуб басшылығы «Қызылжарды» Премьер-лигаға шығару үшін барын салды. Біріншілікті тәп-тәуір бастаған. Бірақ бел ортасына келгенде ойындары сұйылып, ақыр соңында небәрі 4-орынды қанағат қылуға мәжбүр болды. Қазіргі құрамдары жаман емес. Қақпада Роман Нестеренко, алаңда Әли Әлиев, Евгений Аверченко, Сергей Струков... Ал оларды жаттықтыратын Владимир Фомичевтің өзі. Бірінші лиганың бірінші турында Қызылордаға қонаққа барған «Қызылжар» жергілікті «Байқоңырдың» қақпасына жауапсыз екі гол соғып, маусымды сәтті бастады. Дегенмен, петропавлдықтар біріншілікті біркелкі өткізе ала ма? Әлде былтырғыдай «бытырап» кете ме? Ол жағын маусым барысында көре жатармыз.


"Қызылжар" биыл қаншалықты қарымды? (Фото "Степные волки" әлеуметтік парақшасынан)

Премьер-лига жолдамасынан басты үміткер осы үш команданың ішінде дәл қазір «Алтай» фаворит секілді. Құрамы да қарымды, ойындары да өрнекті. Бірақ, біріншілік ұзақ, қайсысының бағы жанатынын жыл соңында білетін боламыз. Ал жанкүйерлер қауымы осы үш клуб та жоғары топқа өтіп жатса қарсы болмас еді.

Бірінші лига

1-тур (10.04.2016 ж)

«Мақтаарал» (Жетісай) – «Қайсар» (Қызылорда) 0:0

«Байқоңыр» (Қызылорда) – «Қызылжар» (Петропавл) 0:2

Голдар: Әли Әлиев, 2. Бошко Ступич, 42.

«Каспий» (Ақтау) – «Алтай» (ШҚО) 0:1

Гол: Алексей Шакин, 76.

Тізімге қайта оралу