|   |   |  Премьер-лигадағы қай клубымыздың орталық қорғаушысы – қазақ?

Премьер-лигадағы қай клубымыздың орталық қорғаушысы – қазақ?

Премьер-лигадағы қай клубымыздың орталық қорғаушысы – қазақ?
Фото fca.kz сайтынан

Кеше футболдан Қазақстан премьер-лигасының төртінші туры өтті. Әрі доп қақпаға қарша «борап», алты ойында 17 гол соғылды.

«Үйі» мен «күйі» жоқтарға пана болған жылы стадион

Биылғы маусым басталғалы Астанаға премьер-лигадағы командалардың бірсыпырасы келді. Тіпті жартысынан астамы. Дәлірек айтқанда, төрт турдың ішінде жеті команда елордада доаға түсті.

Өйткені, қазақ футболының атасы һәм ардагері Тимур Сегізбаев айтпақшы, 20 жылдың ішінде салған стадионымыз – жалғыз «Астана-Арена».

Сондықтан Алтай мен Арқада, Көкшетау мен Ақтөбе қыстың көбесі сөгіліп, күн жылығанша, кемі үш клуб төбесі жабық осы сәулетті стадионды жағалайды һәм «паналайды».

Міне, төрт турды да еңсердік, премьер-лиганың кем дегенде бір ойыны Астанада өтіп келеді. Әзірше «Астана-Арена» стадионында бір ойыны өтпей қалған тур болған жоқ.

Әлқисса, төртінші турда елорда төрінде екі матч өтті. Әуелі «Астана» мен «Тараз» табан тіресе айқасып, іле-шала «Ақтөбе» мен «Жетісу» жанталаса «шайқасты».

Ер екенсіз, Мырзабаев...

Иә, «төрт турдың ішінде біраз команданы көрдік» дедік қой. Сол командалардың ішінде «Тараз» таң қалдырды. Осы клубтың бас бапкері Нұрмат Мырзабаев қайран қалдырды.

Неге дейсіздер ме? Қорғанысында әлі 25-ке толмаған қазақтың жап-жас үш баласы ойнайды. Олар – Данияр Баялиев (1993 ж.), Мақсат Әмірханов (1992 ж.) және Берік Айтбай (1991 ж.).

Маусым айының аяғында ғана 25-ке толатын Берік тіпті орталық қорғаушы міндетін атқарды. Айтыңыздаршы, премьер-лигадағы қай клубымыздың орталық қорғаушысы – қазақ? Қазақ тұрмақ, таза қазақстандық орталық қорғаушыларды санап шығуға бір қолымыздың саусақтары жетеді.

Жалпы, Мырзабаевтың командасы тәп-тәуір ойнады. Негізгі құрамдағы ойыншыларының бірнешеуі (Байтана, Бауыржан, Недашковский, ағайынды Евстигнеевтер) кешегі матчта жасыл алаңға шыға алмады. Біреуі өткен жолы алаңнан аластатылған, қайсыбіреуі жараққатанып қалған, қалғандары спорттық баптарына келе алмай жүр.

Сондықтан бас бапкер олардың орындарына жас ойыншыларын шығарды. «Тараздың» талантты жастары өздеріне берілген мүмкіндікті пайдаланып, сенім үдесінен шығуға тырысты. Аянған жоқ. Рас, кейбір ойын сәттерінде жаза басып, қателікте жіберіп алды. Бірақ алаңға жиі шығып, тәжірибелерін толықтыра берсе, шыңдала түспей ме?!

Сынаптай сусыған бір ұпай

«Астана» ойынның бірінші жартысында еркін қимылдап, қонақтарын тықсырып, есеп ашқан болатын. Алайда екінші тайм басталған бетте «Тараз» өте ширақ қимылдады. Үнемі оқтаулы мылтықтай «кезеніп» жүретін Зенькович өзіне берілген жалқы мүмкіндікті мүлт жіберген жоқ.

«Астана» қорғаушылары сәл ғана босаңсып, абдырып қалғанда сұрмерген Зенькович алаң иелерінің қақпашысын да қапы қалдырып кетті. Осылай таразы басы теңесті.

Содан «Астана» қамшыны басты. Жарты сағат бойы «Тараздың» қақпасын торуылдап, шабуылды үдетті. Қонақтарын қыспаққа алып, қауіп бұлтын төндірді.

Дәл осы сәтте «Таразға» қорғанысын нығайту керек сияқты болып көрінді. Өйткені олардың жас қорғаушылары алаң иелерінің ойыншыларын көз жазып қала бастады.

Мұны Нұрмат Мырзабаев та түсінді, әрине. Жедел тәжірибелі қорғаушысы Воротниковты шақырды. Ол сырт киімін шешіп, қосалқы төрешіге жүгірді. Бірақ қосалқы төреші бас қазының рұқсатын тосты. Сөйтіп «Тараз» тәжірибелі тарланы тықыршып тұрғанда, «Астана» екінші голын соғып, мәре-сәре болды...

Осы голдан кейін «Астана» аптығын басып, қарқынын бәсеңдетіп, жеңісті есепті уысынан шығарып алмауды ойлады. Кім біледі, Воротников дер кезінде шықса да, алаң иелері тізгіндерін тартпай, құйындай орап соғып, өз дегендеріне жетпей (гол соқпай) тынбас па еді?

Тізімге қайта оралу